БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Трамп марихуана өнімдері туралы видео жариялады. Өндірушілердің акциялары қымбаттады

Владислав Осипов

Владислав Осипов

Oninvest тілшісі
Трамп марихуана өнімдері туралы видео жариялады. Өндірушілердің акциялары қымбаттады

29 қыркүйекте медициналық марихуана өндірісімен байланысты компаниялардың акциялары күрт өсті. Бұған Дональд Трамптың әлеуметтік желіде жариялаған видеосы себеп болды: онда каннабидиолды (CBD) Medicare сақтандыру бағдарламасына қосуға шақырған. Инвесторлар Трамп билігі кезінде каннабис нарығына қойылатын талаптар жеңілдейді деп үміттенеді, бірақ толық легализация ықтималдығы төмен бағаланып отыр.

Егжей-тегжейі

Дүйсенбі күнгі саудада каннабис өндірушілерінің қағаздарын бақылайтын Amplify Alternative Harvest ETF қоры бір сәтте 22,2%-ға қымбаттап, $37,9-ға жетті. Оның құрамындағы канадалық өндірушілердің акциялары да айтарлықтай өсті: Tilray Brands — 40%, Canopy Growth — 16%, Cronos Group — 14%.

Марихуана индустриясы құлдырап жатқан тұста жарияланған видео инвесторларға жаңа үміт берді. Truth Social парақшасында жарияланған роликті медициналық каннабиске қолжетімділікті қолдайтын The Commonwealth Project ұйымы түсірген. Ол 65 жастан асқан адамдарға CBD қолжетімді болуын талап етеді. Bloomberg жазғандай, ұйымның негізін қалаушы Говард Кесслер қаржы саласында көп жыл еңбек етіп, кейін медициналық каннабис тақырыбына ден қойған.

Видеода CBD-нің денсаулыққа, соның ішінде қарттарға тигізетін пайдасы баяндалады. Сондай-ақ қарттарға жиі жазылатын «қауіпті дәрі-дәрмектер» сынға алынады.

Контекст

CBD (каннабидиол) — марихуананың құрамындағы белсенді химиялық қосылыстардың бірі. ТГК-дан (тетрагидроканнабинол) айырмашылығы, ол психоактивті әсер бермейді. 2024 жылдың ақпанындағы дерекке сай, 47 штатта, Вашингтонда және үш аумақта (Гуам, Пуэрто-Рико, Виргин аралдары) медициналық мақсатта каннабис қолдануға рұқсат берілген. Ал 24 штат пен екі аумақта оны медициналық көрсеткішсіз де пайдалануға болады.

Bloomberg атап өткендей, Трамптың видеосы каннабис индустриясына қатысты жаңа белгісіздік тудырды. WSJ деректеріне сәйкес, Трамп марихуананы аз қауіпті зат ретінде қайта жіктеу мүмкіндігін қарастырып жүр, бірақ ресми мәлімдеме әлі жасалған жоқ. Егер CBD қайта жіктелсе, каннабиспен айналысатын компаниялар бизнеске арналған салықтық жеңілдіктерге қол жеткізе алады.

Алайда ролик Конгрессте федералдық заңнаманы қатаңдату талқыланып жатқан уақытта шықты. Кейбір республикашылдар CBD өнімдеріндегі ТГК-ның қалдық мөлшеріне байланысты қатаң бақылауды талап етуде.

Саладағы жағдай

Amplify Alternative Harvest ETF қорының қағаздары соңғы төрт жылда 90%-ға арзандады: 2021 жылғы $300-дан 2025 жылғы 26 қыркүйекте $31-ға дейін құлады.

Бес жыл бұрын трейдерлер АҚШ Канада үлгісімен каннабисті рекреациялық мақсатта федералдық деңгейде заңдастырса, индустрия серпін алады деп күткен. Бірақ бұл болжамдар жүзеге аспады. Bloomberg-тің жазуынша, Трамптың билікке оралуы легализацияға деген үмітті тіпті азайтты.

«Жылдар бойы легализация уәдесі индустрияны алға сүйрейтін «сәбіз» болды, бірақ ол мираж болып шықты. Егер ол сәбіз әлі де бар болса, баяғыда шіріп кеткен. Енді оған ешкім ұмтылмайды», — деген еді Roth Capital Partners сарапшысы Билл Кирк Bloomberg-ке.

Кезінде қызығушылық танытқан ірі ойыншылар шығынға батты. Мысалы, өткен жылы Constellation Brands (Corona мен Modelo брендтерінің иесі) канадалық Canopy Growth директорлар кеңесінен шығып, акцияларын дауыс бермейтін санатқа өткізді. Ал 2022 жылы Marlboro өндірушісі Altria канадалық Cronos Group компаниясына салған инвестициясынан $483 млн шығын жазды.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары