Трамп ондаған елден келетін тауарларға тарифтер енгізді, бұл нарыққа қалай әсер етті

АҚШ президенті Дональд Трамп Канада, Бразилия, Үндістан және Тайвань секілді ондаған сауда серіктестерінен келетін импорттық тауарларға жоғары деңгейлі баж салығын енгізді. Тізімге енбеген елдерден келетін импортқа 10% көлемінде кедендік тариф салынады — бұл Трамп ұсынған ең жоғары мөлшерден төмен. Америкалық көшбасшының күрт шешімдеріне үйреніп қалған нарық бұл жолы салыстырмалы түрде сабырлы реакция танытты.
Егжей-тегжейлі
Reuters агенттігінің жазуынша Трамп қол қойған жарлықтарға сәйкес жаңа жоғары тарифтер Еуроодақты қоса алғанда, шамамен 70 ел мен аумаққа қатысты болады және олар жеті күн ішінде күшіне енеді. Атап айтқанда, Бразилиядан келетін бірқатар тауарларға тарифтер 50%-ға дейін өседі (оның ішінде «айна тәрізді» 10% және адвалорлық 40% мөлшерлеме), Швейцариядан — 39%, Канададан — 35%, Үндістаннан — 25%, Тайваньнан — 20%. Жарлықта аталмаған елдерден келетін импортқа 10% көлемінде баж салығы салынады. Бұған дейін Трамп бұл мөлшердің одан да жоғары болуы мүмкін екенін айтқан еді, деп ескертеді агенттік.
Канада мен Мексика
Трамп Канаданың есірткі саудасымен күресте ынтымақтастықтан бас тартуын негізге ала отырып, кейбір канадалық тауарларға баж салығын 25%-дан 35%-ға дейін арттыру туралы жеке жарлыққа қол қойды. Бұған дейін Трамп журналистерге Канада «өте нашар басшылықта» екенін мәлімдеген еді.
Ал Мексикаға АҚШ, Канада және Мексика арасындағы Еркін сауда туралы келісімге (USMCA) кірмейтін, автомобиль және металл өнімдеріне қатысы жоқ мексикалық тауарлардың көпшілігіне 30%-дық баж салығын енгізу 90 күнге кейінге шегерілді. Бұл жеңілдік 31 шілде күні таңертең Трамп пен Мексика президенті Клаудия Шейнбаум арасындағы телефон әңгімесінен кейін берілді.
Трамп Truth Social платформасында жариялаған жазбасында мексикалық болат, алюминий және мысқа 50% көлемінде, ал автокөлік пен басқа да USMCA-ға жатпайтын тауарларға 25% көлемінде тарифтердің сақталатынын растады. Сонымен қатар, ол Мексика «тарифтік емес сауда тосқауылдарын бірден алып тастауға келісті» деп мәлімдеді, бірақ нақты қандай тосқауылдар екенін ашып айтпады.
Үндістанмен келіспеушіліктер
Үндістаннан келетін тауарларға 25%-дық тариф енгізіледі. Нью-Делимен жүргізілген келіссөздер АҚШ-тың үнді ауыл шаруашылығы нарығына кеңірек қол жеткізу талабына байланысты тығырыққа тірелді. Reuters-тің жазуынша сауда саласындағы келіспеушіліктерден бөлек, Трамптың Үндістанға Ресей мұнайын сатып алғаны үшін қосымша санкция саламыз деген қауіпі де шиеленісті арттырды.
Бразилия
Бразилияға қатысты 50%-дық импорттық баж салығы Трамптың осы ел билігімен Жаир Болсонару есімді жақтасы — бұрынғы президенттің қылмыстық қудалануы аясында туындаған шиеленіс кезінде енгізілді. Reuters агенттігінің жазуынша сонымен қатар, Трамп авиация, энергетика және апельсин шырыны өндірісін бұл тарифтерден босату арқылы соққыны біршама жұмсартты.
Қытай
Ал Қытай 12 тамызға дейін АҚШ-пен сауда келісіміне келуге немесе тарифтерге берілген жеңілдікті ұзарту туралы уағдаласуға тиіс. 28–29 шілде күндері Стокгольмде өткен Бейжің мен Вашингтон өкілдерінің екі күндік келіссөзі нәтижесінде тараптар сауда бітімін ұзартуға талпыныс жасауды жалғастыратынын ғана мәлімдеді. Келіссөздерден кейін АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент Трамптың бұл мерзімді ұзартудан бас тартуы мүмкін деген алаңдаушылықты сейілтуге тырысты. «Кездесулер өте конструктивті өтті, — деді Бессент. — Біз әлі келісімімізді бермедік, бар болғаны сол».
Нарықтың реакциясы
1 тамыздағы сауда сессиясында Азия қор индекстері АҚШ енгізген баж салығына байланысты төмендеді. MSCI Asia ex Japan индексі (Жапонияны есептемегендегі Азия-Тынық мұхиты аймағының акциялары) 0,9%-ға құлдырады. Оңтүстік Кореяның KOSPI индексі 3,5%-ға төмендеді, Тайвань акциялары 0,5%-ға арзандады. Жапонияның Nikkei индексі де 0,5%-ға түсті. Қытайдың құрлықтық ірі компанияларын қамтитын CSI 300 және Гонконгтың Hang Seng индексі 0,2%-ға кеміді.
EUROSTOXX 50 индексінің фьючерстері 0,5%-ға төмендеді. Nasdaq және S&P 500 индексіне жасалған келісімшарттар 0,2%-ға түсті.
Тауар биржаларында мұнай бағасы 31 шілдедегі 1%-дық құлдыраудан кейін тұрақтанды. Ал алтынның спот бағасы сәл ғана өсіп, бір трой унциясы $3292,3 болды.








