АҚШ соты Трамп енгізген «қарымта» сауда баждарын заңсыз деп таныды

Сот бұл баждарды заңсыз деп танып, оларды мәңгілікке қолдануға тыйым салды.
28 мамыр күні кешке АҚШ-тың федералды соты президент Дональд Трамптың елдің сауда әріптестерінен импортталатын тауарларға баж салығын енгізу арқылы өз өкілеттігін асыра пайдаланғанын мәлімдеді. Сот Трамп бекіткен тарифтерді жойып, оларды қайта енгізуге тыйым салды. Бұл — Трамптың экономикалық бағдарламасындағы негізгі тармақтардың біріне соққы, деп хабарлайды CNBC.
Мән-жайы
АҚШ-тың Халықаралық сауда істері бойынша сотының үш судьядан тұратын алқасы 1977 жылғы Халықаралық төтенше экономикалық өкілеттіктер туралы заңға (International Emergency Economic Powers Act, IEEPA) сүйеніп әрекет еткен Трамптың дәлелдерін жеткіліксіз деп тапты. Судьялардың айтуынша, бұл заң президентке өткен айдың басында жарияланғандай ауқымды баждарды енгізуге рұқсат бермейді.
«Ғаламдық және қарымта баждары IEEPA заңы аясында президентке берілген өкілеттіктен асып түседі. Бұл тарифтер нақты қауіпке қарсы бағытталмағандықтан, заңды негізі жоқ», — делінген сот шешімінде.
Арыз импортқа тәуелді бес америкалық компанияның атынан берілген. Алайда судьялар Трамптың баж енгізу туралы шешімі тек осы компанияларға ғана емес, барлығына заңсыз екенін атап өтті. Сондықтан «тек жекелеген жеңілдіктер беру мәселесі қаралмайды», деді сот.
Сот «даулы тарифтерді жоюды және оларды болашақта қолдануға мәңгілік тыйым салуды» бұйырды. Ақ үйдің заңгерлері бұл шешімге бірден апелляция түсірді. CNBC болжамы бойынша, іс ақырында Жоғарғы сотқа дейін жетуі мүмкін.
Нарықтағы реакция
Сот шешімінен кейін америкалық қор нарығының фьючерстері күрт өсті. Nvidia-ның күшті қаржылық есебі де нарықты қолдады.
– S&P 500 индексінің фьючерстері 1,5%-ға көтерілді.
– Nasdaq Composite технологиялық индексінің фьючерстері 1,8%-ға өсті.
– Dow Jones (DJIA) индексіне арналған келісімшарттар 1,2%-ға артты.
Трамп өз әрекетін қалай ақтады?
IEEPA президентке ұлттық қауіпсіздікке қатер төнген жағдайда сыртқы экономикалық шараларды жүзеге асыруға белгілі бір өкілеттік береді. Дональд Трамп басқа елдердің сауда саясаты АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіреді деп мәлімдеді. Оның ойынша, сыртқы саудадағы теңгерімсіздік, әділетсіз тәжірибелер мен америкалық экспортқа қойылған шектеулер елге қауіп төндіріп, шұғыл әрекет етуді қажет еткен.
Осы заңға сүйене отырып, Трамп Конгресстің келісімінсіз-ақ әрекет ете алды. 2 сәуірде ол әртүрлі елдерден келетін импортқа қатысты ауқымды «кері» баждарды жариялады. Кейін 9 сәуірде ол 90 күндік кідіріс енгізгенімен, көпшілік тауарларға 10% көлемінде негізгі тариф мөлшерін сақтап қалды.








