БастыReview
Бөлісу

Трамп пен Гарвард: саяси және экономикалық текетірес жайлы сарапшылар не дейді?

Артур  Арутюнов

Артур Арутюнов

Трамп пен Гарвард: саяси және экономикалық текетірес жайлы сарапшылар не дейді?

1960-жылдары Францияның қаржы министрі Валери Жискар д’Эстен АҚШ-ты «артықшылыққа ие» ел деп атап, оның арзан пайызбен қарыз ала алатынын мәлімдеді. Бұл артықшылықтың негізінде долларға деген жаһандық сұраныс жатыр. Алайда экономист Робин Брукс (Брукингс институты) Трамптың сауда соғыстарынан бастап мемлекеттік шығындарға дейінгі саясаты осы артықшылықтың іргесін шайқалтып жатқанын жазды.

Доллар дүниежүзілік экономикада қандай маңызға ие болса, АҚШ-тың білім беру жүйесі де әлемдік аренада сондай беделге ие. Кейінгі 10 жылда QS рейтингінің үздік ондығына 4–5 америкалық университет тұрақты түрде еніп отыр.

Ivy League (Ала шапанды сегіздік) аталған университеттер онжылдықтар бойы әлемнің түкпір-түкпірінен студенттер мен ғалымдарды тартты. Бұл АҚШ-тың ғылымда, технологияда және экономикада жетістікке жетуінің негізгі қозғаушы күшіне айналды. Америкалық Нобель лауреаттарының үштен бірі АҚШ аумағынан тыс жерлерде туған. Forbes-тің дерегінше, АҚШ-та электротехника мен компьютер ғылымы мамандықтарында оқитын студенттердің 70%-дан астамы – шетелдіктер. PhD деңгейіндегі зерттеушілердің 43%-ы да – шетел азаматтары.

Алайда кейінгі он жылда күндізгі бөлімде оқитын шетелдік студенттердің саны азайып келеді. Бұл үрдіс Трамптың тұсында емес, Барак Обама кезінде басталған. Forbes дерегі бойынша, 2015–2019 жылдары электротехника факультеттеріндегі шетелдік студенттердің саны 19,5%-ға, ал 2016–2019 жылдары компьютерлік ғылымдар саласында – 9,5%-ға қысқарған.

Трамп екінші президенттік сайлау науқанында америкалық университеттерді «солшыл идеяларға бой алдырды» деп сынай бастады. Ақ үйге қайта оралғаннан кейін, АҚШ билігі 60 университетке қатысты «антисемиттік кемсітушілік» бойынша тергеу бастады. Кейін Колумбия, Браун, Корнелл, Принстон және басқа да университеттер федералды гранттардан айырылды.

Алайда Трамптың басты нысанасы – Гарвард университеті болды. 2024 жылдың сәуірінде Ақ үй университеттен келесі талаптарды қойды: ғылыми жұмысқа қарағанда белсенділікпен айналысатын оқытушылардың ықпалын азайту, америкалық құндылықтарға қарсы шығатын шетелдік студенттерді қабылдаудан бас тарту және шетелдік қаржыландыруды тексеретін үш жылдық үкіметтік бақылауға келіспеу. АҚШ заңнамасы бойынша, егер университет федералды гранттар алса, үкімет оның қаржысын тексеруге құқылы.

Университет президенті Алан Гарбер бұл талаптарды орындаудан бас тартты. Салдарынан Гарвард федералды қаржыландырудан – 2,2 миллиард доллардан айырылды. Бұл қаражат университетке студенттерді қолдау үшін бөлінетін. Сонымен қатар, үкімет университеттің салықтық жеңілдіктерін жоюға кірісті. Эндаумент қоры 53 миллиард доллардан асатын Гарвард үшін бұл ауыр соққы болды. Ал шетелдік студенттерді қабылдауға тыйым салу одан да үлкен салдарға алып келуі мүмкін еді. Бақытымызға орай, жақында сот бұл шешімді уақытша тоқтатты, бірақ мәселе әлі түбегейлі шешілген жоқ.

Трамп неліктен Гарвард пен басқа да элиталық университеттерге шүйлігеді?

Трамп Гарвардты антисемиттік көзқарастарды насихаттады және палестиналықтарды қолдаған наразылықтар кезінде зорлық-зомбылыққа жол берді деп айыптайды. Сондай-ақ Жоғарғы сот шешіміне қарамастан, университет нәсілдік квота саясатын жалғастырып отыр деп сынады.

Алайда саяси сарапшы Иэн Бреммердің айтуынша, шын мәнінде университеттер Трамптың популистік риторикасы үшін оңай нысанаға айналған. Гарвард – Трамп үшін «прогрессивті элитаның» символы, бай және солшыл-либерал институт. Мұндай мекеме популистік шабуылдар үшін өте ыңғайлы.

Gallup компаниясының сауалнамасы америкалықтардың жоғары білімге деген сенімі азайғанын көрсетті. 2015 жылы университеттерге сенетіндер 57% болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 36%-ға дейін төмендеген. Сенімнің күрт төмендеуі әсіресе республикалық электорат арасында байқалған. Негізгі себептер – оқу құнының қымбаттығы, саяси идеологияның ықпалы және практикалық дағдылардың жеткіліксіздігі.

АҚШ университеттерінде бәрі дұрыс па?

Pro-Палестина наразылықтары кезінде Гарвардта еврей студенттерге шабуылдар тіркелді, деп жазды New Yorker. Республикашылдар университет басшылығын антисемиттік әрекеттерге көз жұмып қарады деп айыптады.

2023 жылы желтоқсанда Конгресте өткен тыңдаулар кезінде Гарвард президенті Клодин Гэй еврейлерге геноцид жасауға шақыру университет ережелерін бұза ма деген сұраққа: «Бұл контекстке байланысты», – деп жауап берді. Кейін ол отставкаға кетті. Оның орнына келген Алан Гарбер антисемитизм мен исламға қарсы көріністерге қарсы арнайы жұмыс топтарын құрды. Алайда бұл да Ақ үй тарапынан жасалған шабуылдарды тоқтата алған жоқ.

Гарвард профессоры әрі психолог Стивен Пинкер The New York Times-та жарияланған эссесінде Трамп әкімшілігінің кей сындары негізсіз емес екенін мойындайды. Ол академиялық еркіндіктің әлсіреуіне алаңдайтынын жазып, бірнеше мысал келтірді. Мәселен, биолог Кэрол Хувен ер адамдар мен әйелдер арасындағы биологиялық айырмашылықтар жайлы ғылыми көзқарасы үшін университеттен кетуге мәжбүр болған. Сондай-ақ Гарви Вайнштейнді қорғағаны үшін декан Рональд Салливан қызметінен айырылған. Студенттер оны «қауіп төндіреді» деп санаған.

Пинкер университеттегі саяси пікірлердің біржақтылығына да назар аударады. Harvard Crimson зерттеуіне сәйкес, 2023 жылы өнер және ғылым факультеті профессорларының 77%-ы өзін либерал немесе өте либерал деп сипаттаған. Тек 3%-ы ғана өзін консерватор санайды. Бұл – университеттің миссиясына қауіп төндіреді, дейді Пинкер.

Саяси біржақтылық ғылымға да әсер етіп жатыр. Климаттық саясатта энергетикалық компанияларды жау санау, медицинада жасөспірімдердегі гендерлік дисфорияны абсолют қабылдау және тарихта колониализмді сынап, коммунизм мен исламизм жайлы үнсіз қалу белең алып барады. Соған қарамастан Пинкер Гарвардты «радикалды солшыл» университет деуге келмейді дейді. Экономика, компьютерлік және жаратылыстану ғылымдары пәндері әлі де саяси бейтарап.

Пинкер университеттегі антисемитизм мәселесін де жоққа шығармайды. Ол еврей студенттердің өзін осал сезінетіні және анти-израильдік белсенділіктің бар екенін Гарвардтың өз есебінен келтіреді. Бірақ «еврейлерге жаппай жеккөрушілік бар» деген пікірмен келіспейді. Көптеген оқытушы бұл жағдайға ашық түрде қарсы шыққан.

Экономист, Гарвард профессоры Грегори Мэнкью да университеттегі пікір алуандығының жетіспеушілігін мойындайды. Алайда ол университет өзін өзі түзете алады деп есептейді. «Бізде шетелдік студенттер көп. Білім беру саласында бізде оң сауда балансы бар. Бұл ерекше рөлді сақтауымыз керек», – дейді ол WSJ Free Expression подкастында.

АҚШ экономикасына ықпалы қандай?

Трамп әкімшілігінің соңғы шектеулерінің бірі – студенттік визаларға үміткерлермен сұхбаттарды уақытша тоқтату. Politico дереккөздерінің айтуынша, АҚШ консулдықтарына осындай нұсқау берілген. Бұл шешім АҚШ экономикасына тікелей әсер етеді, деп жазады Bloomberg шолушысы Ноа Смит.

Ол шетелдік студенттердің АҚШ экономикасына үш түрлі пайдасы барын атап өтеді: біріншіден, олар төлеген ақы есебінен америкалық студенттердің білім алуына субсидия беріледі; екіншіден, олар шағын және орта қалалардың экономикасын қолдайды; үшіншіден, ғылымның дамуына үлес қосады.

Калифорния университетінің экономисі Кевин Шихтың зерттеуінше, әр 10 шетелдік студент 8 америкалық студенттің оқуына мүмкіндік жасайды. Егер 1,1 млн шетелдік студент елден қуылса, америкалықтар үшін 800 мың орын қысқарады.

Сонымен қатар шетелдік аспиранттар мен жас ғалымдар нақты ғылыми зерттеулердің негізгі бөлігін жүргізіп отыр. Оларға стипендия беріледі. Егер олар кетсе, АҚШ зертханалары тоқтап қалуы мүмкін. Трамп оларды америкалықтармен алмастыруға болады деп есептейді. Теориялық тұрғыда бұл мүмкін, бірақ ғылыми зерттеулердің сапасы қатты төмендейді, дейді Смит. Шетелдік PhD студенттердің шамамен 75%-ы оқу бітірген соң АҚШ-та жұмыс істеуді жалғастырады. Егер олар кетсе, АҚШ болашақ ғалымдарынан айырылады.

Шетелдік студенттердің тағы бір үлесі – шағын қалалардағы экономиканы қолдау. Экономист Энрико Мореттидің «Жұмыс орындарының жаңа географиясы» атты кітабында айтылғандай, университеттер жұмыс орындарын, тұрғын үйге сұранысты, қызмет көрсету салаларын дамытып, жергілікті экономиканы нығайтады.

Нобель сыйлығының лауреаты Пол Кругманның айтуынша, Бостонның экономикасы жоғары оқу орындарына тәуелді. Мұнда 87 мың адам білім беру саласында жұмыс істейді – бұл елдегі орташа көрсеткіштен әлдеқайда жоғары. Бостон – жасанды интеллект, робот техникасы, кванттық компьютерлер және биотехнология бойынша жаһандық көшбасшы. Кругман Гарвард пен басқа да зияткерлік орталықтардың күйреуі – «Дженга» ойынындағы тірек кірпішті суырып алғанмен тең дейді. Мұндай жағдайда бүкіл жүйе құлап, елдің ғылыми және технологиялық прогресі зардап шегуі мүмкін.

Университеттерге қысым авторитаризмнің белгісі ме?

Брукингс институтының зерттеушілері Рене Риппбергер, Рэйчел Битти Ридл және Джонатан Кац Трамптың университеттерге қысымын автократиялық елдердегі тәжірибелермен салыстырады. Мысал ретінде Түркияны келтіреді. 2016 жылғы әскери төңкеріс әрекетінен кейін президент Режеп Тайып Ердоған 1577 деканның отставкаға кетуін талап етті. Орынға қайта оралу тек төңкеріске қатысы жоқ екенін дәлелдегенде ғана мүмкін болды. Сол жылы университет ректорларын сайлау да тоқтатылды. Биыл Стамбұл университеті оппозициялық саясаткер, қала мэрі Экрем Имамоглуның дипломын жойды. Бұл оның президент сайлауына қатысуына тосқауыл қою үшін жасалды.

Мексикада бұрынғы президент Андрес Мануэль Лопес Обрадор университеттерді «халықтан алыстап, тым либералданып кетті» деп айыптап, жемқорлықпен күрес деген желеумен мемлекеттік ғылыми мекемелердің қаржысын қысқартты.

АҚШ-тағы жоғары білім жүйесіне қысым күшейе түсуі мүмкін. Сол себепті университеттер бірігіп, бұл қауіпке қарсы тұруы тиіс, дейді сарапшылар.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары