Трамп Tesla-ны қолдады: сарапшылар не дейді
Tesla акциялары Трамптың қолдауынан кейін 15%-дық құлдыраудан соң қайта көтерілді, бірақ сарапшылар алдағы жағдайға қатысты әртүрлі пікірде

АҚШ президенті Дональд Трамп электромобильдерді аса жақтыра бермейтініне қарамастан, Илон Маскты қолдау мақсатында жаңа Tesla сатып алатынын мәлімдеді. Бұл жаңалықтан кейін Tesla акциялары бірден өсіп кетті. Алайда сарапшылардың пікірлері екіге бөлінді: біреулері акцияларды дәл қазір сатып алу керек десе, екіншілері құлдыраудың әлі де жалғасатынын ескертеді.
Толығырақ
Трамп 11 наурызда Ақ үйде өткен баспасөз іс-шарасында Tesla көлігін тізгіндеп көрді. Компания бұл шараға бес түрлі автокөлік, соның ішінде Cybertruck-ты да әкелген. Трамп Tesla-ның интерьері мен технологиясын мақтап, Ақ үйге бір электромобиль сатып алатынын айтты. Дегенмен, өзі көлік жүргізуге құқығы жоқ екенін де атап өтті, деп жазады Forbes.
Өз кезегінде Илон Маск алдағы екі жылда Tesla АҚШ-тағы көлік өндірісін екі есеге арттыратынын мәлімдеді. Ол мұны Трамп әкімшілігінің «керемет саясаты» мен «Америкаға деген сенімнің» арқасында жүзеге асыратынын айтты.
Акциялардың жағдайы
Barron’s басылымының хабарлауынша Трамптың Tesla сатып алу уәдесі Илон Маскқа деген қолдау белгісі болды. 11 наурызда өткен негізгі сауда барысында компания акциялары 3,8%-ға, ал қосымша саудада тағы 1,9%-ға өсті. Ал 10 наурызда Tesla акциялары 15%-дан астам құлдырап, 2020 жылдан бергі ең үлкен шығынға ұшыраған еді.
Bloomberg-тің мәліметіне сәйкес 2025 жылы Tesla S&P 500 индексіндегі ең үлкен құлдырауға ұшыраған компания болып тұр. Акциялар қазіргі таңда желтоқсандағы тарихи максимумнан 52%-ға төмен.
Сарапшылар не дейді?
Өткен аптада кем дегенде төрт сарапшы Tesla бойынша болжамдарын төмендетті, деп хабарлайды Bloomberg. UBS сарапшысы Джозеф Спак акциялардың мақсатты бағасын $259-дан $225-қа дейін түсіріп, оларды сатуды ұсынды. Ал Baird компаниясы Tesla-ны «инвесторлардан сақтықты талап ететін» компаниялар тізіміне енгізді.
Zacks Investment Management-тің портфель менеджері Брайан Малберри Tesla акциялары жақын арада $200 немесе одан да төмен түсуі мүмкін екенін ескертті. Бұл дегеніміз олар қазіргі бағадан тағы 13%-ға төмендеуі мүмкін.
Tesla-ны қолдайтын сарапшылар да көзқарасын жұмсарта бастады. Wedbush Securities-тің сарапшысы Дэн Айвз 6 наурызда Tesla-ны инвестициялауға ең жақсы компаниялар қатарына қосқан болатын. Алайда 11 наурызда The Street сайты Айвз бастаған сарапшылар жаңа баяндама жариялап, онда Tesla-ның басшылығы «тепе-теңдіктен айырылғанын» айтты. Сарапшылар Масктың саясатқа араласуы компанияның басқару тиімділігіне кері әсер етіп жатқанын атап өтті.
Wedbush бұл жағдайды Tesla үшін «ақиқат сәті» деп сипаттады. «Компания акциялары желтоқсандағы максимумнан 50%-ға төмендеді, ал инвесторлардың шыдамы таусылуға жақын, өйткені Маск нарықтағы жағдайды елемей отыр» делінген баяндамада. Дегенмен Wedbush командасы Tesla-ға оң көзқарасын сақтап отыр, себебі Трамптың қайта сайлануы автономды технологияларды дамытуға серпін беруі мүмкін.
Ал Morgan Stanley сарапшысы Адам Джонас 10 наурызда Tesla акцияларын сатып алудың уақыты келгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Tesla-ның 50%-ға құлдырауы «жасанды интеллектке негізделген компания үшін инвестициялық мүмкіндік».
Жалпы алғанда FactSet жүргізген сарапшылар консенсусына сәйкес Уолл-стрит әлі де Tesla-ға сақтықпен қарап отыр. Соңғы үш айда 60-қа жуық сарапшының бағалауына сүйене отырып Tesla-ның орташа рейтингі «бейтарап» (Hold) болып қала беруде. Дегенмен, олардың орташа болжамы бойынша, келесі 12 айда Tesla акциялары 62%-ға көтерілуі мүмкін.








