Трамп Зеленскиймен кездеспей тұрып, Путинмен келіссөз жүргізеді

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы 16 қазан, бейсенбі күні келіссөз жүргізеді, деп хабарлайды Bloomberg Ақ үй өкіліне сілтеме жасап.
Кездесу 17 қазанда Ақ үйде өтетін Трамп пен Владимир Зеленский кездесуінің алдында ұйымдастырылмақ. Трамп пен Зеленский Украинаға алыс қашықтыққа арналған «Томагавк» зымыранын беру мүмкіндігін талқылайды, деп жазды Axios. Бұл — АҚШ арсеналындағы ең озық қарудың бірі, деп атап өтті Bloomberg. Егер Киев зымыранды алса, Мәскеу мен Ресейдің басқа да ірі қаласы Украинадан атылатын соққының аумағында қалады, деп түсіндірді Reuters.
Ақ үй Трамп пен Путин арасындағы әңгімеге қатысты түсініктеме беру жөніндегі Axios пен Reuters сұрауына жауап бермеді.
Контекст
Трамп Ресейдің Украинадағы соғысты тоқтатудан бас тартқанына және Путиннің бейбіт келіссөздер үшін Зеленскиймен жеке кездесуден жалтарып жүргеніне бірнеше рет наразылық білдірген, деп жазды Bloomberg. Қыркүйек айында АҚШ президенті алғаш рет «Украина өз жерін толық қайтарып алуға мүмкіндік беретін позицияда тұр» деп мәлімдеді. The Wall Street Journal бұл сөзді Трамптың позициясындағы күтпеген өзгеріс әрі Ресейге бағытталған өткір сын деп сипаттады.
Соңғы апталарда Трамп конфликтті тоқтату үшін Путинге қысымды күшейткісі келетінін мәлімдеді. АҚШ-тың экономикалық серіктестерін ресейлік энергия ресурстарын сатып алудан бас тартуға шақырып, Украинаға «Томагавк» зымыранын беру мүмкіндігін де меңзеді, деп қосты Bloomberg.
15 қазан, сәрсенбі күні Трамп Үндістан премьері Нарендра Моди оған Ресей мұнайын сатып алуды тоқтатуға уәде бергенін айтты. Бірақ, АҚШ президенті бұл қашан жүзеге асатынын нақтылаған жоқ. Bloomberg сұхбат алған үнді энергетикалық компаниялардың алтауынан үшеуі Ресейден Үндістанға мұнай жеткізу көлемі қысқа мерзімді перспективада расымен азаюы мүмкін екенін хабарлаған. Осы жаңалық аясында Brent маркалы мұнай бағасы бес айлық минимумнан шамамен 1% көтерілді.








