БастыReview
Бөлісу

Трамптың жаңа жобалары: инвесторлар АҚШ президенті отбасынан не күтуі керек?

Екатерина Комарова

Екатерина Комарова

Трамптың жаңа жобалары: инвесторлар АҚШ президенті отбасынан не күтуі керек?

Өткен аптада Трамптар отбасы бірден бірнеше жаңа бастама туралы жариялады. Атап айтқанда, өздерінің мобильді байланыс операторын іске қосу, «толықтай америкалық» смартфон шығару және криптовалютаға арналған биржалық қор ашу. Бұл жобалардың болашағы бар ма?

«Біз адамдарға өз телефоны арқылы телемедициналық қызметтерге қол жеткізуге, автокөлікке жол бойындағы көмек алуға, сондай-ақ әлемнің 100 еліне шексіз хабарлама жіберуге мүмкіндік беретін толық қызмет топтамасын ұсынамыз», — деді АҚШ президентінің үлкен ұлы Кіші Дональд Трамп.

Трамптар отбасының АҚШ-тың мобильді байланыс нарығына шығу туралы шешімі көптеген сұрақ туғызды. Бұл нарықта Verizon, AT&T және T-Mobile басымдыққа ие, оларға нарықтың 95%-ы тиесілі, сондықтан елеулі үлеске қол жеткізу оңай емес.

«АҚШ-тағы мобильді виртуалды операторлар (MVNO) нарықтың бар болғаны 3–4%-ын ғана алады, әрі олардың клиент жоғалту деңгейі жоғары. Trump Mobile жазылушылар санын 1 миллионға жеткізе алмаса бұл бизнестен елеулі қаржылық нәтиже болмайды», — деді Reuters агенттігіне Running Point Capital Advisors компаниясының инвестициялық директоры Майкл Эшли Шульман.

Trump Mobile нарыққа бірден тиімсіз тарифпен шықты: базалық пакет айына 47,45 доллар тұрады. Бұл көрсеткіш жетекші үш оператордың ұқсас ұсыныстарынан орта есеппен 7 долларға қымбат әрі шағын бәсекелестердің бағаларынан әлдеқайда жоғары. Digitrendz басылымының пайымынша, бұл баға нарық талабынан гөрі, Трамптың символдық мәніне көбірек сүйенеді. «Пакетке кейбір ерекше бонустар кіргенімен, олардың нақты құндылығы күмән тудырады. Ақшасын үнемдегісі келетін тұтынушылар Trump Mobile-дан аулақ жүргені жөн», — деп жазды басылым.

T1 смартфоны одан да көп сынға ұшырады. Apple Insider Трамп отбасын алаяқтық жасады деп айыптады. «Made in USA» деп ұсынылған телефонның АҚШ-та жасалмағаны анық. Басылым: «Trump Organization «АҚШ-та жасалды» деп мәлімдеген бұл смартфон, шын мәнінде, арзан Android құрылғысы. Олар оған жаңа қаптама салып, Amazon-да бағасын үш есеге көтерген» деп жазды.

The Verge T1-дің ресми сайтында бірқатар сәйкессіздікке назар аударады. «Камера блогы сырттай соңғы iPhone Pro үлгілеріне ұқсайды, бірақ объективтер ретсіз орналасқан, тіпті жарқыл да жоқ. Процессор туралы бөлімде ақпарат жоқ, жедел жады мен сақтаушы жад шатастырылған, ал «5000mAh камерасы ұзақ жұмыс істейді» деген мақтанышпен жазылған жол батареяны айтып тұрғаны түсінікті», — деп көрсетеді басылым.

499 доллар деп көрсетілген болашақ смартфон бағасына қатысты да сұрақ көп, ал Трамптың ұлдары құрылғының 100% АҚШ-та жасалатынын уәде етуде.

«Егер расында АҚШ-та жасалған смартфон 499 долларға ұсынылса, бұл — бос уәде», — дейді Reuters-ке берген сұхбатында америкалық Purism компаниясының бас директоры Тодд Уивер. Reuters жазуынша, қазіргі сәтте бұл компания ғана смартфондарды толығымен АҚШ-та жасайды (телефон корпустары Қытайда шығарылады). Олардың Liberty үлгісі 1999 доллар тұрады.

Бұл жобаның табысты бизнеске айналуы үшін Трамп отбасы шындыққа сай келетін стратегия құруы тиіс. Алғашқы құрбандық ретінде «толық америкалық» смартфон идеясы кетуі мүмкін. Трамптың тағы бір ұлы Эрик Трамп алғашқы бірнеше партияның АҚШ-та емес, шетелде өндірілетінін мойындады.

Сонымен қатар, АҚШ нарығында арзанырақ смартфондарға сұраныс бар, дейді Zacks Investment Management компаниясының инвестициялық портфельдер басқарушысы Брайан Малберри. «Өйткені Apple мен біршама Samsung үлгілері тым қымбаттап кетті. Олардың мүмкіндігі айтарлықтай өспесе де, бағасы шарықтап тұр. Егер дәл сондайды жарты бағамен ұсынуға болса, нарық табылады», — дейді ол.

Трамптың криптоимпериясы

Трамп отбасынан шыққан тағы бір жаңалық әлдеқайда маңызды, әрі күлкі емес, салмақты қабылданды. 16 маусымда Trump Media & Technology Group (TMTG) биткоин мен эфириумға тікелей инвестиция салатын биржалық қор (ETF) ашуға өтінім берді. Қордың атауы — Truth Social Bitcoin and Ethereum ETF. Бұған дейін маусым айында TMTG тек биткоинге бағытталған тағы бір ETF тіркеуге өтініш берген, деп еске салады Bloomberg.

Economic Times Трамптар бұл секторда мобильді операторлардан да күштірек бәсекеге тап болатынын жазады. Алайда болашақ ETF-тің басты артықшылығы — Ақ үй басшысының жеке бренді. CF Benchmarks компаниясының бас директоры Суи Чангтың айтуынша, «бұл қорлар тікелей жеке инвесторларға бағытталуы мүмкін, сондықтан Apple-дің акциясын тек iPhone-ы үшін сатып алатын аудиторияның назарын аударуы ғажап емес».

Президенттің 14 маусымда АҚШ үкіметінің этика басқармасына тапсырған жыл сайынғы қаржылық есебі бойынша, Трамп криптовалюталар арқылы 600 млн доллар табыс тауып, жалпы активтері 1,6 млрд долларға жеткен. Reuters мәліметінше, бұл табыс криптовалюта, гольф-клубтар, лицензиялар, Вьетнам, Үндістан және Дубайдағы девелоперлік жобалар мен жеке NFT-лерден келген. Тек World Liberty Financial токендері арқылы Трамп 57 млн доллардан астам пайда тапқан. Reuters осы тұста Трамп отбасының басқа да сәтсіз жобаларын еске түсіреді: Trump Vodka, Trump Steaks, Trump Ice Cream, Trump University және Trump матрастары.

Decrypt басылымы: «2025 жыл Трамп үшін цифрлық активтер негізгі табыс көзіне айналатын жыл болуы мүмкін» деп жазады. Декларациядағы есептік мерзімнен кейін Трамп әртүрлі крипто жобалар, соның ішінде World Liberty-дің кеңейтілген бастамалары мен жеке мемкоины арқылы миллиардтаған доллар пайда көрген.

Fortune Crypto мәліметі бойынша, Трамп World Liberty Financial шығарған 16 миллиардқа жуық басқару токендеріне иелік етеді. Бұл токендер желі шешімдеріне дауыс беруге мүмкіндік береді. Оның үлесінің жалпы құны 1 млрд долларға жақындауы мүмкін (дегенмен токен әзірге биржада сатылмайды). Бұдан бөлек, инаугурацияның алдында ғана шығарылған TRUMP мемкоины Reuters дерегі бойынша комиссиялардан 320 млн доллар табыс әкелген (алайда бұл қаржының нақты кімдерге бөлінгені белгісіз).

Осындай ауқым мен жеке бренд ықпалы кезінде Трамптың кез келген крипто бастамасы миллиондаған инвесторларды тартуы мүмкін. Әлде мүмкін емес пе?

Blockreign Fund инвестициялар жөніндегі директоры Рустам Боташев: «Инвесторлар Трамптың мемкоиндарынан аулақ жүргені жөн. Бұлар — ешқандай негізі жоқ бос токендер. Көп жағдайда олардың шығарушылары мұны жасырмай, FARTCOIN, SHITCOIN сияқты атаулар береді. Бұл токендердің артында нақты жоба да, технология да жоқ. Мақсат – аңқау немесе құмар адамдардан ақша жинау. Бұл кәдімгі қаржы пирамидасына ұқсайды», — деді Oninvest басылымына берген сұхбатында.

Ал Трамп отбасының ETF қорларын шығаруына келсек, Боташев бұл жаңалықтың ерекше жаңалық емес екенін айтады: «Мұндай қорлар қазірдің өзінде ондаған болып, биткоин мен эфириумға бағытталған. Трамптың қоры да солардың бірі ғана болмақ».

Әлеуетті жобалар

Америкалық заңгерлер мен Трамптың саяси қарсыластары президенттің крипто белсенділігінде сыбайлас жемқорлыққа жол ашатын үлкен қауіп барын айтады. Қазір Трамптың осы саладағы әрекеттеріне қатысты АҚШ Конгресі мен Сенатында екі бірдей тергеу жүріп жатыр. Тергеу мақсаты — президенттің өзінің лауазымын пайдаланып, цифрлық активтер нарығында жеке байлығын арттырғанын дәлелдеу.

Guardian басылымына Принстон университетінің профессоры, саяси тарих маманы Джулиан Зелизер: «Қаржы секторына қатысты саяси шешімдер ел мүддесі үшін емес, оның жеке табысы үшін қабылданып жатыр. Мұның ұлттық пайдасы барына сену қиын» деді.

Бұрынғы федералды прокурор Пол Розенцвайг Guardian-ға берген пікірінде: «Жеке пайда табу — АҚШ Конституциясының негізін қалаушылар ең қатты қауіптенген қасиет. Сол себепті олар Конституцияға мұндай әрекеттерге тыйым салатын екі жеке бап енгізген. Трамптың мемкоиннан пайда көруі – осы баптарға қайшы келетін классикалық мысал» деді.

Гарвард университетінің құқық профессоры Лоуренс Лессиг: «Президент Трамп мемлекеттік қызметті өз отбасының байлығын арттыру құралы ретінде қарастыратынын байқағандар аз емес», — деді аталған жағдайға қатысты.

Guardian келтірген бір мысал: TRON блокчейн платформасының негізін қалаушы Джастин Сан $TRUMP мемкоинына 20 млн доллар салып, World Liberty Financial-ға тағы 75 млн доллар инвестиция құйған. Ол Трамп ұйымдастырған арнайы кешкі асқа шақырылған 200 инвестордың қатарында болды. Джастин Санның үш криптокомпаниясына 2023 жылы АҚШ-тың ҚҚК (SEC) алаяқтық үшін шағым түсірген. Алайда 2025 жылдың ақпанында бұл істер тоқтатылып, қазіргі кезде сотқа дейінгі келіссөздер жүріп жатыр.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары