Трамптың мәлімдемесінен кейін сирек жер метал өндірушілердің акциясы шарықтады

10 қазан күнгі саудада сирек жер металдарымен байланысты компаниялардың акциясы күрт шарықтады. Кен өндіруші MP Materials компаниясының қағазы — 15%, USA Rare Earth — 19%, NioCorp Developments — шамамен 14%, ал уран өндіруші Energy Fuels компаниясының котировкасы 10%-дан астамға өсті.
Дональд Трамптың мәлімдемесінен кейін инвесторлар сирек жер металдарымен байланысты компаниялардың акциясын сатып ала бастады. Ол Қытайды бұл материалдардың экспортына бақылау орнатып, «әлемді кепілге ұстап отыр» деп айыптап, баж салығын көтеремін деп сес көрсетті. «АҚШ президенті ретінде олардың әрекетіне қаржылық шаралармен жауап беруге мәжбүр боламын, — деп жазды Трамп Truth Social желісінде. — Қазір қаралып жатқан нұсқалардың бірі — Қытайдан АҚШ-қа келетін тауарларға баж салығын айтарлықтай көтеру. Біз сондай-ақ басқа да ықтимал жауап шараларын байыппен зерделеп жатырмыз», — деді ол.
Осы аптада Қытай жоғары технологиялық өнімдер өндірісіндегі қару-жарақ жүйесі, робототехника, электр көлік пен электроника салаларында маңызды рөл атқаратын сирек жер металдарының экспортына бақылауды күшейтті. Пекин сирек жер шикізатының жаһандық жеткізу тізбегінде жетекші орнын сақтап отыр, ал АҚШ әлі де Қытай импортына тәуелді, дейді CNBC.








