Трамп Қытайға жауап ретінде баж салығын көтергісі келеді

АҚШ президенті Пекиннің сирек кездесетін металдарға экспорттық бақылау енгізу жоспарына қарсы Қытайдан келетін тауарға «баж салығын айтарлықтай көтерумен» қоқан-лоқы жасады.
«Қытайда өте түсініксіз жағдайлар болып жатыр! Олар барған сайын қатаң және агрессивті бола бастады. Әлем елдеріне хат жолдап, сирек кездесетін материалдармен байланысты өндірістің әрбір элементіне экспорттық шектеу енгізетінін жеткізіп жатыр — тіпті Қытайда өндірілмейтін заттарға да!», — деп жазды Трамп 10 қазан күні Truth Social желісінде.
Оның айтуынша, АҚШ-қа осы жағдай бойынша наразылығын білдіруге басқа елдер де жүгінген — бұл жаңа сауда агрессиясы «күтпеген жерден» пайда болған. Трамптың сөзінше, «Қытайға бүкіл әлемді «кепілге ұстауға» ешқашан жол беруге болмайды, бірақ көріп тұрғанымыздай, олардың жоспары соған бағытталған сияқты».
Сондай-ақ, Трамп Қытай басшысы Си Цзиньпинмен жоспарланған кездесуден бас тартуы мүмкін екенін меңзеді. «Мен екі аптадан кейін Оңтүстік Кореяда өтетін APEC саммитінде Си Цзиньпинмен кездесуге тиіс едім, бірақ қазір кездесу өзкізуге себеп жоқ секілді», — деп жазды ол.
Кеше Пекин жоғары технологиялық өнімдер өндірісінде шешуші рөл атқаратын сирек кездесетін металдарға қатысты экспорттық бақылауды күшейтті. Жаңа ережелерге сәйкес, егер экспортталатын тауардың құрамында Қытайдан шыққан сирек металдардың үлесі 0,1%-дан асса, шетелдік жеткізушілер Пекиннен арнайы рұқсат алуы тиіс, деп хабарлайды The Wall Street Journal. Қытайдың технологиялары қолданылған өнімдер де тіпті басқа елде өндірілсе де бақылауға алынады. Сонымен қатар, жартылай өткізгіштер мен жасанды интеллектке қатысты лицензиялар жеке тәртіппен қаралады, деп нақтылады WSJ.
Нарық қалай қабылдады?
Трамптың мәлімдемесі «әлемдегі ең ірі екі экономиканың арасындағы жаңа сауда шиеленісінің кезеңін» болжауда, дейді Bloomberg. Осы жағдайдан кейін инвесторлар тәуекелді азайтып, акциясын сата бастады. Жариялану сәтінде Dow Jones Industrial индексі 0,3%, S&P 500 шамамен 0,6% төмендеді, ал Nasdaq Composite 0,9% қаттырақ құлады. Ал VIX — Уолл-стриттің «қорқыныш индексі» — шамамен 10% күрт өсті.








