Трамптың ұлы биткоин құлдырағанда сатып алуға шақырды. Ол бағаның өсетініне сенімді

American Bitcoin компаниясының теңқұрушысы және АҚШ президенті Дональд Трамптың ұлы Эрик Трамп инвесторларды биткоин бағасының құлдырауын криптовалюта сатып алуға мүмкіндік ретінде пайдалануға үндеді. Алайда Кіші Трамптың оптимизміне қарамастан, нарық әзірге кері бағытта қозғалып жатыр. Нарықтық капитализациясы ең ірі криптовалюта тоқсанның алғашқы жартысында шамамен төрттен бір бөлігін жоғалтты, ал American Bitcoin акциялары қыркүйектен бері екі есе арзандады.
Егжей-тегжейлі
«Қазір биткоин сатып алу үшін керемет уақыт. Бұған еш күмән жоқ», — деді Кіші Трамп 22 қарашада CNBC арнасына берген сұхбатында. Ол бұл пікірді компаниясының биткоин қорын ағымдағы төмендеу аясында ұлғайту жоспарына қатысты сауалға жауап ретінде айтты. BitcoinTreasuries.net деректеріне сәйкес, Эрик Трамптың American Bitcoin компаниясы қазір шамамен $350 млн тұратын 4004 биткоинге ие.
«Биткоин — біздің заманымыздың ең құнды активі», — деді ол, соңғы онжылдықтағы криптовалютаның «айрықша» табыстылығын атап өтіп. Трамп биткоин бағасы түптің-түбінде $1 млн деңгейіне жететініне сенімді екенін тағы да растады, бірақ бұл үшін «бірнеше жыл» қажет болатынын айтты.
«Бағаның түсуін пайдаланып, құбылмалылыққа төтеп бере алған адамдар басты жеңімпаздар болады. Мен криптовалюталардың болашағы мен қаржы жүйесін жаңғыртуға қатысты ешқашан бұлайша оптимистік көзқараста болмағанмын», — деп атап өтті ол Bloomberg-ке берген мәлімдемесінде.
Контекст
Кіші Трамптың биткоин мен криптовалюталарға қатысты позитивті ұстанымы жаңалық емес. Қыркүйектің соңында ол криптонарық үшін «керемет» төртінші тоқсан болатынын болжаған. Алайда тоқсанның жартысы өте салысымен, жағдай оның күткенінен мүлде басқаша өрбіді: Benzinga деректері бойынша биткоин 23%-ға төмендеді, ал өткен жылы осы кезеңде 47% өсім көрсеткен.
Эрик Трамп American Bitcoin компаниясының шамамен 7,5%-ына иелік етеді. Компания Nasdaq-та ABTC тикерімен саудаланады. Оның акциялары 2025 жылдың қыркүйек айының басында $9,31 деңгейіндегі максимумға жеткен, бірақ содан бері екі еседен көп арзандады. Компанияның IPO кезінде акция сатып алған инвестор бүгінде 45% шығынға ұшырар еді, деп жазады Bloomberg.








