БастыReview
Бөлісу

Trump Family Corp.: АҚШ президентінің үлкен ұлы Дон Трамп қалай табыс табуда

Екатерина Комарова

Екатерина Комарова

Trump Family Corp.: АҚШ президентінің үлкен ұлы Дон Трамп қалай табыс табуда

Дональд Трамптың үлкен ұлының еңбек жолына жаңа тармақ қосылды: қыркүйек айының ортасында оның Mixed Martial Arts Group Limited (MMA.INC, NYSE American: MMA) компаниясымен екі жылдық серіктестігі басталғаны белгілі болды — компания оны стратегиялық кеңесші ретінде тағайындады. Бұл қызметте ол компания басшылығына және директорлар кеңесіне брендті дамыту, технологиялар мен коммерцияландыру мәселелері бойынша кеңес беріп, MMA.INC-тің жаһандық аясын кеңейтуге атсалысады. Бұған дейін MMA.INC құрамына инвестор ретінде Конор Макгрегор да қосылған еді. Бұл — Трамптың әкесі сайлауда жеңіске жеткелі бері ұлының сараптамасы шұғыл қажет болған тоғызыншы компания.

Oninvest — АҚШ президенті отбасы мүшелерінің бизнесі туралы мақалалар сериясын жалғастыруда. Бұл жолы сөз президенттің тұңғыш ұлы жайында болмақ.

Жеке ісі

Дональд Трамптың үлкен ұлы, жасы — 47-де. АҚШ президентінің Ивана Трамппен некесінен туған тұңғышы. Көпмиллионер, бес баланың әкесі, ажырасқан. Уикипедиядағы жеке парақшасында жазылғандай, Пенсильвания университетінде экономика мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алған соң, ол бір жылға Колорадоға кеткен — трейлерде тұрып, бармен болып жұмыс істеген, шаңғымен сырғанаған және балық аулаған. Бірақ 12 айдан кейін, 2001 жылы Нью-Йоркке оралып, отбасылық бизнеске толықтай араласты. Дон (өзіне осылай деп атағанды ұнатады) 2000-жылдардың басынан бастап, негізінен, бар назарын жылжымайтын мүлік нысандарын басқару мен Trump брендімен жаңа ғимараттар салуға арнады — оның ішінде әкесінің алғашқы президенттік мерзімі кезінде де солай болды. Қазіргі күні де ол бұл іспен ресми түрде айналысуда. Trump Organisation сайтына сәйкес Трамптың үлкен ұлы вице-президент лауазымын атқарады. Ол компанияның жылжымайтын мүлік, бөлшек сауда, коммерция, қонақүй бизнесі және гольф индустриясы салаларындағы мүдделерін кеңейтуге жауапты. Алайда соңғы жаңалықтарға қарағанда, Донның қазіргі назарында коммерциялық жылжымайтын мүлік емес, мүлде басқа бағыттар тұр.

Кең профильді маман

Бүгінде Трамп отбасының үлкен ұлдары — Дон мен Эрик Трамптың есімдері көбіне криптовалюта және басқа да цифрлық валюталармен байланысты бизнесінің дамуы мен өркендеуіне қатысты жиі аталады. Бұл салалар президенттің балаларын көз алдында-ақ миллиардерлерге айналдырып жатыр. Бұдан бөлек, Дон да, оның інісі секілді, Trump брендінің капитализациясын арттыруға бағытталған жобаларға белсенді қатысуда — мысалы, Trump Mobile ұялы байланыс желісі немесе T1 смартфонының өндірісі.

Алайда Дон інісінен бөлек, жеке өзі де қаржылай табысты бірнеше жобамен айналысуда. АҚШ президентінің тұңғышы үшін әкесінің екінші президенттік мерзімі кезінде нағыз «алтын күрек» болған жоба — Омид Маликпен әріптестік. Иран-пәкістандық текті америкалық қаржыгер Республикалық партияға, нақтырақ айтқанда, Дональд Трамптың өзіне ірі көлемде қайырымдылық жасаумен танымал. Трамп сайлауда жеңіске жетісімен, Малик оның ұлын — Донды өзінің венчурлық компаниясы 1789 Capital-ға серіктес ретінде қабылдады. Компанияның әлеуметтік желі X-тағы парақшасында ол «еліміздің кәсіпкерлікке, инновация мен өсуге негізделген негізін қалыптастыратын ұлы америкалық компанияларға инвестиция салады» деп жазылған. Осы сәттен бастап, бұған дейін әпкесі Иванка мен оның күйеуінің көлеңкесінде жүрген Дон үшін жаңа дәуір басталды.

Келесі бірнеше айда Малик оны 1789 Capital-ға тиесілі бірнеше компанияның директорлар кеңесіне кіргізіп не кеңесші етіп тағайындады. Солардың алғашқыларының бірі — GrabAGun атты қару-жарақ сатумен айналысатын фирма болды, оны бүгінде АҚШ-та «қаруларға арналған Amazon» деп атайды. 2024 жылдың шілдесінде компания Нью-Йоркте IPO-ға шықты. Акция құны $21,4 болғанда, Дон иеленген 300 000 акциялық үлес шамамен $6,4 миллион деп бағаланды, деп жазды MarketWatch. Акциялар PEW деген тикермен саудаланады — бұл тапаншадан оқ атылғандағы дыбысты бейнелейтін еліктеуіш.

«Дональд Трамптың үлкен ұлы қару-жарақ индустриясын терең түсінеді, — делінген GrabAGun-ның АҚШ-тың Бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссиясына тапсырған есебінде. — Егер Дональд Трамп компания қызметіне қатысудан бас тартса, біздің бизнес зардап шегуі мүмкін.»

Кейін Дон тағы бір 1789 Capital-дың активі — PublicSquare маркетплейсінің директорлар кеңесіне кірді. Бұл жоба өзін Amazon-ға қарсы, дәстүрлі құндылықтарды қолдайтын «анти-woke» балама ретінде ұсынады. Трамп 2024 жылдың тамызынан бері бұл компанияға кеңес беріп келеді, ол ай сайын $42 000 жалақы алады және қосымша акциялармен де сыйақы алған. Желтоқсан айында ол 500 000-нан астам акцияға ие екенін мәлімдеді. Бұл үлесті Forbes $1 миллионнан астам деп бағалады.

Осы кезеңде, 2024 жылдың соңында, тағы бір компания Трамптың салалық тәжірибесіне мұқтаж болды: президенттің ұлы дрондар мен олардың бөлшектерін өндіретін Unusual Machines компаниясына кеңесші ретінде қосылды. Жаңа рөлі үшін Дон акция түрінде сыйақы алды: Forbes оның иелігінде 200 000 акция бар десе, MarketWatch — 332 000 деп көрсетеді. Оның бұл компаниямен байланысы жария болған соң, акция бағасы 10 есе өсіп, $18-ға жетіп қалды. Бұл құбылыс нарықта қазір Trump Bump (мағынасы — «Трамп әсері») деп аталып жүр.

«Дональд Трамптың үлкен ұлының біздің кеңесшілер кеңесіне қосылуы — дрон өндірісін АҚШ-қа қайта оралту үшін қажет ерекше сараптаманы береді», — деп мәлімдеді Unusual Machines директоры Аллан Эванс 2024 жылдың қарашасында.

Алайда кейінірек компания акцияларының бағасы біршама төмендеп, шамамен $5 шамасында тұрақтады. Сонымен қатар, Эванс журналистерге Трамптың кеңесші ретіндегі рөліне қатысты мүдделер қақтығысы туралы сұрақтарға жауап беруге мәжбүр болды: Unusual Machines өзін отандық дрондар өндіруші ретінде танытса да, іс жүзінде компоненттерді Қытайдан сатып алып отыр. Бұл жағдай, сөзсіз, Трамп-президенттің тарифтік саясатына тәуелді. Дегенмен, Эванс Трамптан Ақ үйге ықпал етуін ешқашан сұрамайтынын айтты.

«Мен одан ешқашан ондай нәрсені сұрамаймын және оған ықпал етуге жол бермеймін», — деді ол Wall Street Journal-ға берген сұхбатында.

Келесі айларда Трамп тағы бірнеше компанияның басқарушысы не кеңесшісі атанды — олардың қатарында онлайн-рецептпен дәрі сататын BlinkRx, инвестициялық компания Dominary Holdings (Forbes есебінше тағы $3 миллион пайда), сондай-ақ әлемдегі ең ірі онлайн-болжам платформасы Polymarket бар.

АҚШ-тағы ең қымбат жеке клубтың тең иесі

Дон Трамптың барлық кәсіпкерлік бастамалары элиталық жылжымайтын мүлікті басқару тәжірибесінен алыс емес. Қайта, оның соңғы жобаларының бірі — америкалық астана тарихындағы, тіпті Трамптар отбасы аясында да бұрын-соңды болмаған сынға ұшыраған бастама — Trump Organisation рухында жүзеге асырылған бастама. 2025 жылдың сәуірінде АҚШ президентінің тұңғышы өзінің тұрақты серіктесі Омид Маликпен және бірнеше инвестормен бірге Вашингтонда Executive Branch атты элиталық жабық клуб ашты. Мүшелік құны — $500 000, әрі оған қоса жыл сайынғы жарна төленеді, деп хабарлады CNBC дереккөздері. Бұл сома бәсекелестерінен бірнеше есе жоғары: әдетте мұндай клубтарға мүшелік $4 000-нан $10 000-ға дейін тұрады. Тіпті Нью-Йорктегі ең қымбат клубтардың бірі саналатын Aman Club-қа кіру құны — $200 000 болған еді.

Клубтың ашылу кешіне АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио, Бас прокурор Пэм Бонди, АҚШ Бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссия төрағасы Пол Аткинс, Федералдық байланыс комиссиясының төрағасы Брендан Карр, сондай-ақ түрлі бизнес өкілдері қатысты.

Вашингтондағы инсайдерлердің пікірінше бұл клуб Трамптың алғашқы президенттік мерзімі кезіндегі Trump International қонақ үйі атқарған рөлді қайталауы мүмкін. Ол кезде Trump International әкімшілік шенеуніктері, республикалық конгрессмендер, шетелдік дипломаттар, лоббистер мен ірі кәсіпкерлер үшін бейресми кездесулердің сүйікті орнына айналған еді. Ал Executive Branch клубына қазірдің өзінде көптеген сұрақтар қойылуда.

«Президенттік қызметті жеке бизнес мүддесін ілгерілету үшін дәл осындай жолмен пайдаланған жағдайды мен бұрын-соңды көрген емеспін», — дейді мемлекеттік этика саласының маманы, Колумбия университетінің құқық профессоры Ричард Бриффолт.

Федералды прокурор қызметін атқарған, әрі Вашингтонда этика нормаларын қатаңдатуды ұзақ жылдан бері жақтап жүрген Мелани Слоун бұл клубты «Трамп әкімшілігіне қол жеткізуді қалайтын топтардың мүддесі есебінен ақша табудың ашық амалы» деп атады (CBS News).

Алайда, сыншыларға жауап ретінде Дон:«Мен — жеке тұлғамын, өмір бойы бизнесте жүрген адаммын. Солшыл БАҚ мені жұмсақ бөлмеге қамалып, 25 жылдан астам уақыттан бері өмір сүруіме мүмкіндік берген іспен айналысуды тоқтатуға тиіс деп ойлайтындары күлкілі. Мен бес баламды асырап отырмын», дейді.

MAGA қозғалысының жаңа идеологы

Дегенмен, кейбір америкалық БАҚ пен Капитолий төбесінің тәжірибелі шенеуніктері Дональд Трамптың тұңғыш ұлы істеп жатқан іс — жай ғана Ақ үйге жол іздеу емес екенін мойындайды. Bloomberg агенттігі АҚШ-та Трамп-президенттің ішкі ойын одан артық түсінетін адам жоқ шығар, деп те жазады. Донда әкесінің және оның командасының ел мен әлемді қайда бағыттай алатыны туралы нақты түсінік бар және ол осы «білімін» өз бизнес серіктестеріне ұсынады. Қазір бизнес — үлкені де, кішісі де — Трамптың айналасымен қалай қарым-қатынас орнату керектігін түсінуге тырысып жатқанда, Трамптың ұлының бір ауыз сөзі шешуші рөл атқара алады, деп түйіндейді Bloomberg.

Трамптың алғашқы мерзімі кезінде Ақ үйдің баспасөз хатшысы болған Шон Спайсер болса, Донды былай сипаттайды: «Ол — MAGA қозғалысының сайлауалды базасындағы сайланбаған ең ықпалды өкілі, әкесінен кейінгі басты сенімді адам және бүкіл экожүйедегі аса маңызды ойыншы».

CBS News атап өткендей, Дональд Трамптың саясат пен бизнестегі навигациялық шеберлігі оны ерекше тұлға етеді — ол президент әкімшілігіне үлкен ықпал ете отырып, жеке секторда еркін жұмыс істей алады.

Тіпті таңғаларлығы — Дон Трамп тек Кремний алқабы мен Манхэттендегі миллионерлердің ғана емес, сонымен қатар Трамп-президенттің ядролық электоратының да сенімін иеленіп отыр.

«Дональд Трамптың ұлы — жай ғана миллиардердің баласы емес, ол — біздің біріміз», — деп мәлімдеді журналистерге Эндрю Колвет, MAGA-мен байланысты ірі жастар ұйымы Turning Point USA өкілі. Айта кетсек, бұл ұйымның негізін қалаушылардың бірі — Чарли Кирк — 2025 жылдың қыркүйек айында Ютада оққа ұшқан болатын.

Ал Донның өзі мәлімдегендей, ол бизнес серіктестерін таңдауда сырттай қарағанда байқалмайтын жоғары талап қояды. Ол тек MAGA құндылықтарына берілген жобаларға ғана қатысады. «Мен құндылықтарымыз сәйкес келмейді деп сезінсем, ірі келісімдерден бас тартқан кездерім болды. Кейбір адамдар өздерін жақында ғана MAGA жақтаушылары деп атай бастады, бірақ мен олардың шын мәнінде бұған сенетініне күмәнім бар», — дейді Дональд Трампты баласы Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында.

Жұмыстан тыс уақытта

Дон тек бизнестегі идеологиялық серіктестіктермен ғана емес, сөзбен де MAGA идеологиясын қолдап жүр: АҚШ президентінің ұлы кітаптар жазады. 2019 жылы ол алғашқы еңбегін жарыққа шығарды — «Жарылуға сәл қалдым: солшылдар өшпенділікпен қоректеніп, бізді үнсіз қалдыруға тырысады» (Triggered: How the Left Thrives on Hate and Wants to Silence Us). Атауына қарап-ақ, бұл кітап негізінен америкалық либералдарды сынауға арналғанын аңғаруға болады. Дональд Трамптың ұлы саяси түзетушілік (политкорректность) пен «құрбан болу» мәдениетін қатты сынға алып, солшылдарды осыны өз мүдделеріне пайдалануда айыптайды. Кітап шыққан күні-ақ Amazon сайтында бестселлерге айналып, The New York Times тізімінде бірінші орын алды.

Бір жылдан кейін Дон екінші кітабын ұсынды — «Либералдық артықшылық: Джо Байден мен демократтар қалайша орынсыз әрекеттерді ақтап отыр» (Liberal Privilege: Joe Biden and the Democrats' Defense of the Indefensible).

Бірінші кітаптағыдай, «Либералдық артықшылық» сатылымының үлкен бөлігін Республикалық ұлттық комитет қамтамасыз етті — ұйым Трамптың қолтаңбасы бар даналар үшін партия кассасынан 300 000 доллардан астам қаржы жұмсаған. Кейін бұл кітаптар ірі демеушілерге сыйлық ретінде таратылды.

2023 жылы Дон өзінің алғашқы кітабының атауын алған «Жарылуға сәл қалдым» атты подкастын іске қосты. Подкаст Rumble платформасында шығып тұрады, сонымен қатар Spotify және Apple Podcasts сайттарынан да тыңдауға болады. Axios онлайн-басылымының жазуынша бұл жоба бойынша жасалған келісімшарт Трамптың ұлына жеті таңбалы сома (яғни кемінде $1 000 000) әкелген.

Жалғасы бар…

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары