UBS мұнай бағасына болжамын төмендетті

UBS 11 тамызда мұнай бағасына қатысты болжамын нашарлатты. Енді Швейцарияның ең ірі банкі 2025 жылдың соңына қарай Brent маркалы эталонды мұнайдың бағасы барреліне $60–$70 диапазонының жоғарғы шегінен төменгі шегіне қарай түседі деп күтеді.
Егжей-тегжейлі
UBS болжамынша, Brent бағасы біраз уақыт барреліне $70 деңгейінде сақталады, бірақ кейін төмендей бастайды. Жаңартылған болжамда банк 2025 жылдың соңынан 2026 жылдың наурызына дейін Brent барреліне $62 деңгейінде саудаланады деп болжайды. 2026 жылдың көктемінде мұнай бағасы қайта көтеріле бастайды, шілдеде барреліне $65-қа жетіп, 2026 жылдың екінші жартысында сол деңгейде қалуы мүмкін, деп жазады Seeking Alpha. Бұған дейін UBS-тің 2025 жылдың соңы, наурыз және 2026 жылдың ортасына берген бағамы бірдей — барреліне $68 болғанын басылым атап өтеді.
Болжамның өзгеруінің негізгі себептері — Оңтүстік Америкадан күткеннен жоғары жеткізілімдер, сондай-ақ Венесуэла, Ресей және санкциядағы басқа да елдердегі тұрақты өндіріс деңгейі. UBS бұған дейін бұл елдерде өндіріс төмендейді деп болжаған, деді банк стратегі Джованни Стауново. Сонымен қатар, мұнай бағасының төмендеуіне Үндістандағы күткеннен төмен сұраныс та әсер етіп отыр, деді ол.
Мұнайдың ахуалы
Brent және Солтүстік Америкадағы WTI маркалы мұнай фьючерстері өткен аптада 4,4% төмендегеннен кейін, 11 тамызда аздап плюсқа шықты. Инвесторлар осы аптада өтуі тиіс АҚШ және Ресей президенттерінің Украинадағы бітімге қатысты келіссөздерін күтуде.
SEB банкінің биржалық тауарлар жөніндегі бас сарапшысы Бьярне Шильдроптың айтуынша, Дональд Трамп пен Владимир Путиннің кездесуі ұзақ келіссөз процесінің бастамасы болады. Ал келіссөздер жүріп жатқанда Ресей мұнайын жеткізуге АҚШ санкцияларының қаупі төнбейді. ««Бұл [келіссөз] процесі жүріп жатқанда Трамптың Ресей мұнайына санкция салуы екіталай, сондықтан Ресейден мұнай жеткізуде іркілістер болмайды», — деді Шильдроп Bloomberg агенттігіне.
Контекст
Трамп өткен аптаның соңында 15 тамызда Путинмен Аляскада Украинадағы соғыс қимылдарын тоқтату жөнінде келіссөз өткізуге кездесетінін хабарлады. Кремльге қойған ультиматумы бойынша, не ол бейбітшілікке келіседі, не оның мұнайын сатып алушылар қайталама санкцияларға ұшырайды. Бұл мерзім 8 тамызда аяқталды.
Қазір Ресей мұнайын алатын екі ірі сатып алушы ғана бар — Қытай мен Үндістан, деп жазады Reuters. Трамптың Бейжіңді Ресейдің көмірсутектерін сатып алудан бас тартуға мәжбүрлеуі қиын, сондықтан ол Нью-Делиге қысым жасап отыр. 6 тамызда АҚШ президенті Ресейдің мұнайын Үндістанға жеткізілуін сілтеп, 28 тамыздан бастап үнді импортына баж салығын көтеремін деп қоқан-лоқы көрсетті. Алайда бұл жағдайға мұнай нарығының әлсіз реакциясы қатысушылардың Трамп, Үндістан және Ресей арасындағы ахуал тағы да TACO — Trump Always Chickens Out («Трамп әрдайым кері шегінеді») дегенмен аяқталады деген сенімін білдіреді, деп жазады агенттік.








