БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Уолл-стритке қарама-қайшы: Bernstein Лабубу жасаушының акцияларын сатуға кеңес беруде

Яна  Закомолдина

Яна Закомолдина

Уолл-стритке қарама-қайшы: Bernstein Лабубу жасаушының акцияларын сатуға кеңес беруде

Лабубу ойыншықтарының айналасындағы дүрбелең шарықтау шегіне жақындап, Pop Mart акцияларының әрі қарай өсу әлеуеті шектеулі көрінеді. Бұған Bernstein талдаушысы — Уолл-стриттегі жалғыз сарапшы — инвесторларға компания акцияларын сатуды ұсынуы себеп. Қысқа позициялардың көбеюі де қысым жасай түсуде. Инвесторлар қытайлық компанияның құлдырауына барған сайын көбірек ставка қоя бастады. Ал өзге талдаушылар оптимистік көзқараста қалып, жаһандық экспансияны және Лабубуды ішінара алмастыра алатын жаңа брендтердің пайда болуын атап өтуде.

Егжей-тегжейлі

Bernstein-нің тұтынушы секторына жауапты аға талдаушысы Мелинда Худың айтуынша Қытайдың Pop Mart International Group компаниясының Лабубу ойыншықтарына деген сұраныс өз шегіне таяды. Оның пікірінше жаңа сатылым драйверінің перспективасы бұлдыр, сондықтан акциялардың әрі қарай қымбаттау мүмкіндігі шектеулі, деп жазады Bloomberg.

Ху Лабубудың танымал болуын «дефицит, аңшылықтың қызуы, дофаминнің көтерілуі және қайталама нарықтағы қызу қайта сату» әсерімен байланыстырады. Бұның бәрі 1990-жылдардың соңында үлкен дүрбелең тудырған Beanie Babies жануар пішініндегі жұмсақ ойыншықтары төңірегіндегі спекулятивті көпіршікті еске салады. Ол кезде коллекционерлер бұл ойыншықтарды инвестиция ретінде жаппай сатып алып, бағасы аспандаған, бірақ 1999 жылға қарай көпіршік жарылып, ойыншықтардың көбі құнын жоғалтқан.

«Компания стратегиясын қайта қарастырмайынша, Pop Mart-та ұзақмерзімді позицияларды арттыруды ұсынбаймын», — дейді Bernstein сарапшысы.

Bernstein болжамы бойынша 2025 жылы Pop Mart табысының өсу қарқыны ең жоғары деңгейіне — жылына шамамен 145%-ға жетеді, бірақ одан кейін маржа қысқара бастайды. Себебі — маркетинг шығындарының ұлғаюы: компанияға өз кейіпкерлерінің танымалдылығын белсенді қолдап, халықаралық кеңеюге көбірек инвестиция салуға тура келеді.

Ху Лабубудың Hello Kitty немесе Barbie секілді «мәңгі жасыл» брендке айналуына күмәнмен қарайды. Оның айтуынша бұл брендтердің күші дәстүрлі модельде жатыр: жасанды дефицит те жоқ, спекулятивті маркетинг те жоқ, «көрінбейтін қорап» механикасы да жоқ — яғни тұтынушы қандай ойыншық алатынын алдын ала білмей сатып алмайды. Олар әрдайым кез келген сатып алушыға қолжетімді, ал дәл осы тұрақтылық олардың ұзақ өмірін қамтамасыз етеді.

Pop Mart акциялары Худың мақсатты бағасынан төмендеп, 17 қарашадағы саудада 216 гонконг долларына дейін түскеніне қарамастан (оның болжамы — 225 доллар), сарапшы ұстанымын өзгертпей отыр. Ол бағалаудың ұзақмерзімді көзқарасқа негізделгенін атап өтті.

Басқа талдаушылар не дейді

Bloomberg-тің дерегінше нарықтағы трейдер позициялары Pop Mart-тың қысқа мерзімді перспективаларына деген күмәннің күшейгенін көрсетеді. S&P Global мәліметі бойынша еркін айналымдағы акциялар арасындағы қысқа позициялардың үлесі 2,8%-ға жетіп, 2024 жылдың сәуірінен бергі ең жоғары деңгейге көтерілген. «Шорттардың» күшеюі инвесторлар акциялардың арзандауына көбірек сенім артып отырғанын білдіреді: олар қағаздарды қарызға алып, қазір сатып, кейін арзандағанда қайта алуды күтеді. Яғни нарық алдағы айларда Pop Mart құлдырайды деп болжауда.

Соған қарамастан, Bernstein-дегі Мелинда Ху инвесторларға сатуды ұсынған жалғыз сарапшы болып отыр. Уолл-стриттің жалпы көңіл-күйі Pop Mart туралы әлі де оптимистік: Bloomberg дерегі бойынша компанияны бақылап отырған 46 талдаушының 42-сі — «сатып алу», үшеуі — «ұстап тұру» ұсынымын беріп отыр.

Оптимистік сарапшылар Pop Mart-тың әлеуеті әлі де зор деп санайды: компания жаһандық экспансияның ерте кезеңінде және брендтік кейіпкерлер мен өнім желісін белсенді кеңейтіп жатыр — бұл оның бизнес-моделінің негізі.

«Біз Pop Mart-тың интеллектуалдық меншік портфелін кеңейтуге бағытталған күш-жігерін нарық толық бағаламай отыр деп санаймыз», — дейді Morgan Stanley сарапшылары.

Олардың айтуынша компания жаңа релиздермен қатар, ойын-сауық бағыттарына — тақырыптық саябақтар, кино, әртістермен коллаборациялар — ерекше көңіл бөлуде. Бұл кейіпкерлердің өмірлік циклін ұзартуға және интеллектуалдық меншік құнын арттыруға көмектеседі.

JPMorgan да Лабубуға балама бар екенін алға тартады. Талдаушы Кевин Инь Twinkle Twinkle ойыншық сериясының өз жеке жанкүйер қауымдастығын қалыптастырып, тұтынушыларға «Лабубудың орнына» ұсынылған өнім ретінде көрінбейтінін айтады. Оның болжамы бойынша бұл серияның сатылымдағы үлесі 2027 жылға қарай 2,8%-дан 8%-ға дейін өседі.

Pop Mart акцияларының ахуалы

17 қарашадағы саудада Pop Mart акциялары небәрі 0,2%-ға өсті. Өткен жылдың басынан тамыз айындағы шегіне дейін компанияның гонконгтағы акциялары 1500%-дан аса қымбаттап, кейін 38%-ға төмендеді. Бұған 6 қарашадағы стрим кезінде болған оқиға да ықпал етті, бұл Қытайда танымал тауар сатып өткізу форматы.

Тікелей эфирде DIMOO сәндік кулондарын таныстыру кезінде камера әлеуметтік желілерге тез тараған әңгімеге куә болды: қызметкерлердің бірі 79 юаньдық бағаны «тым жоғары» деп атап, екіншісі: «Ештеңе етпейді, бәрібір төлейтіндер табылады», — деп жауап берді. Pop Mart өнімдерінің бағасының негізділігіне қатысты күмән акциялардың 7 қарашада 5%-ға құлдырауына әкеліп, мамырдан бергі ең төмен деңгейге түсірді.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары