«Уолл-стритте инені іздеген шар ұшып жүр»: инвесторлар неге баж бойынша қателеседі?

S&P 500 индексі тарихи шегіне жетті, бірақ баж салығы мен нарықтың асыра бағалануы қауіп төндіруде. Инвесторлар сауда соғысының қаупін елемей отыр, себебі олар Дональд Трамптың қатаң әрекетке бармайтынына сенеді. Алайда Уолл-стрит сарапшылары ескерту жасауда: тіпті қазірдің өзінде күшіне енген баждар бизнестің табысын азайтып, инфляцияны үдетіп жатыр. Bloomberg экономистері АҚШ-тың ЖІӨ өсімі баяулайды деп болжайды, ал Morgan Stanley мен UBS секілді кейбір инвестициялық банктер нарық 5–10%, тіпті 20% төмендеуі мүмкін деп санайды.
Егжей-тегжейі
2025 жылдың басынан бері АҚШ-тың негізгі қор индексі S&P 500 7%-дан астамға өсті және қазір тарихи максимум деңгейінде саудаланып жатыр. Индекстің болжалды пайдаға (forward P/E) қатысты бағасы 22-ге жетіп, бұл пандемия кезінен бергі ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Bloomberg жазуынша, инвесторлар сауда тәуекелдеріне назар аудармай, америкалық акцияларды сатып алуды жалғастыруда. Олар Трамптың сөздері қатты, бірақ әрекеттері жұмсақ деп есептейді. Алайда кейбір сарапшылар: баждардың нақты әсері елеусіз емес, тіпті қазіргі деңгейдің өзі жеткілікті қауіп төндіреді дейді.
Murphy & Sylvest Wealth Management стратегi Пол Нолти:
«Нарық бәрі тамаша болады деп бағаланып отыр. Сондықтан кез келген, тіпті болмашы көңілсіздік активтердің қайта бағалануына әкелуі мүмкін. Қазір Уолл-стрит үстінде жарылғанша үрленген шар ілініп тұрғандай. Ал оны тесіп өтетін ине не болатынын ешкім білмейді. Сол иненің өзі, бәлкім, баж салығы шығар», — деп ескертеді.
Инвесторлар баж салығын неге елемейді?
Bloomberg жазуынша, компаниялар есебі мен макроэкономикалық деректердегі кез келген ауытқу қазіргі раллиді тоқтатып жіберуі мүмкін. Маусымдық есеп беру енді ғана басталғанымен, баж салығының әсері қазірдің өзінде байқала бастады. Bloomberg Economics мәліметінше, АҚШ импорттаушыларына түсетін орташа салық жүктемесі 13%-дан асты — бұл өткен жылмен салыстырғанда бес есе жоғары.
FedEx, жаһандық экономика индикаторы болып саналатын логистикалық компания, баж салығының қысымы, әсіресе АҚШ пен Қытай арасындағы саудада, табысқа кері әсер етіп жатқанын хабарлады. Осы аптада General Motors пен Capital One сынды ірі компаниялар есеп жариялайды. Бұл есептер американдық тұтынушылардың мінез-құлқы туралы түсінік береді.
Макроэкономикалық деңгейде де ескерту белгілері көбейіп келеді. Bloomberg мәліметінше, маусымдағы инфляция деректері базалық тұтыну бағасының өскенін көрсетті, ал жиһаз бен киім секілді бажға сезімтал тауарлар бағасының артуы — компаниялар шығындарын тұтынушыға артып жатқанын білдіреді.
UBS бас стратегi Бхану Баведжа Bloomberg TV арнасына:
«Баждарды елемеу — қате шешім. Инфляция халықтың нақты табысына әсер ете бастағанда, нарық бұл қысымды нақты сезінетін болады», — деді.
Қандай қауіптер бар?
Пол Нолтидің пікірінше, нарық қазір 20% немесе одан да көп құлдырауға бейім. HSBC сарапшысы Алестер Пиндер болса, тіпті қазіргі баждар да корпоративтік табысты 5% және одан көпке қысқарта алады дейді. Оның болжауынша, жыл ортасынан кейін бөлшек сауда баяулап, инфляция қайта күшеюі мүмкін — компаниялар баж енгізілмей тұрып сатып алған тауар қорларын тауыса бастағанда.
Bloomberg атап өткендей, Уолл-стриттегі ең оптимистік инвесторлардың өзі нарықтағы тұрақсыздыққа дайындалып жатыр. Мысалы, Morgan Stanley-дің бас стратегi Майк Уилсон жыл басындағы құлдыраудан кейін «аюлық» көзқарастан «бұқалыққа» ауысқан. Ол алдағы 12 айда нарықтың өсуіне сенеді, бірақ жақын айларда корпоративтік болжамдар үмітті ақтамай, 5–10% түзетуге әкелуі мүмкін екенін ескертеді.
Bloomberg Economics есебінше, қазіргі сауда тарифтері алдағы 2–3 жыл ішінде АҚШ экономикасын баж салығы жоқ сценариймен салыстырғанда 1,6%-ға қысқартады. Тұтыну бағалары шамамен 0,9%-ға көтеріледі. Егер инфляция әрі қарай өссе немесе тоқтамай қалса, бұл инвесторлардың пайыздық мөлшерлемелердің төмендеуіне деген үмітін жоққа шығаруы мүмкін.
Соңғы үміт
Дегенмен, Bloomberg атап өткендей, барлық «бұқалар» үрейге бой алдырған жоқ. Уолл-стритте көпшілігі акция бағаларының жоғары деңгейде қалуының негізі бар деп санайды. Мысалы, Goldman Sachs қазіргі бағаларды орынды деп есептейді: мөлшерлемелер төмендеп жатыр, жұмыссыздық деңгейі төмен, ал компаниялар әлі де жақсы табыс көрсетіп отыр. Сонымен қатар, шілдеде Трамп қол қойған жаңа салық-бюджеттік заң нарыққа қосымша қолдау көрсетуі мүмкін. Бұл заң бірқатар корпоративтік жеңілдіктерді тұрақты етеді. Morgan Stanley бағалауы бойынша, бұл заңның өзі S&P 500 индексіндегі компаниялардың табысын 5–7% арттыруы мүмкін.








