БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Vanguard сарапшысы биткоинді Лабубу сияқты танымал ойыншықтармен салыстырды

Владислав Осипов

Владислав Осипов

Oninvest тілшісі
Vanguard сарапшысы биткоинді Лабубу сияқты танымал ойыншықтармен салыстырды

Әлемдегі ең ірі актив басқарушы компаниялардың бірі Vanguard Group биткоинді Лабубу сияқты коллекциялық активке ұқсатты, деп жазады Bloomberg. Vanguard ұзақ мерзімді инвестициядан іздейтін кіріс, күрделі пайыз және ақша ағыны секілді белгілер бұл токенде жоқ екенін компанияның топ-менеджері Джон Америкс түсіндірді.

«Негізгі технология тұрақты экономикалық құндылық жасайтынына сенімді дәлел болмаса, биткоинді цифрлық Лабубудан артық нәрсе ретінде қабылдау маған қиын», — деді Америкс 11 желтоқсанда Нью-Йоркте өткен Bloomberg ETFs in Depth конференциясында.

Соған қарамастан, 12 трлн доллар капиталды басқаратын компания өз клиенттеріне цифрлық активтерге арналған ETF сатып алуға мүмкіндік берді. «Егер қаласа, адамдарға платформамыз арқылы осы ETF-терге ақша салуға рұқсат етеміз, бірақ оны олар өз қалауы бойынша жасайды. Біз оларға сатып алу не сату жөнінде және қандай криптотокен ұстау керегі туралы кеңес бермейміз. Қазір бұл біздің тәжірибемізге кірмейді», — деп келтіреді Америкстің сөзін Bloomberg.

Америкс сондай-ақ Vanguard жалпы блокчейннің пайдасын және бұл технологияның нарық инфрақұрылымын жақсартудағы әлеуетін оң бағалайтынын айтты. Оның сөзінше, биткоин теория жүзінде алыпсатарлыққа қатысы жоқ құндылыққа ие бола алатын жағдайлар да бар. Мысалы, инфляция жоғары болғанда немесе саяси тұрақсыздық кезеңдерінде оның маңызы артуы мүмкін екенін жоққа шығармады.

«Егер осындай жағдайда бағаның сенімді қозғалысын көрсек, онда инвестициялық идея қандай болуы мүмкін және биткоин портфельде қандай рөл атқара алады дегенді нақтырақ талқылайтын едік, — деді ол. — Бірақ қазір ондай жоқ, тарихы әлі тым қысқа».

Контекст

Бұл пікірлер ең ірі цифрлық активтің ұзаққа созылған төмендеу кезеңінде айтылды: қазір биткоин бір токен үшін 90 000 доллар шамасында саудаланып жатыр, ал бірнеше апта бұрын ғана баға 126 000 долларға жеткен. Бұған дейін де ол талай рет күрт өсіп, кейін құлап, құнының едәуір бөлігін жоғалтып, қайта қалпына келген. Осындай құбылмалылықты ескере отырып, Vanguard басшылары криптовалюталарды бұрын да алыпсатарлық инвестициялар деп атағанын Bloomberg еске салады.

Қазір биткоин соңғы сауда диапазонының төменгі шегіне қарай жылжуын жалғастырып отыр: баға сәл көтерілсе болды, қазандағы шарықтау шегіне жақын жерден сатып алған инвесторлар сата бастайды, деп атап өтті агенттік. Bloomberg келтірген Glassnode аналитикалық компаниясының есебінде нарық біршама «аюлы» кезеңге өткенін айтады: жаңа сатып алулар көлемі позициядан шығып жатқан ірі ұстаушылардың тұрақты қысымын жаба алмай отыр. Аналитиктердің айтуынша, биткоин «әлсіз, бірақ шектеулі диапазонда» тұрып қалды. Мұндай нарықта уақыттың өзі инвесторларға қарсы жұмыс істей бастайды, өйткені іске аспаған шығындар жинала береді.

Биткоин бойынша салыстырмалы іске аспаған шығындар 4,4%-ға дейін өсті — бұл соңғы екі жылға жуық уақыттағы ең жоғары көрсеткіш. Бұған дейінгі айларда бұл деңгей 2%-дан төмен болған. Glassnode пікірінше, бұл эйфория кезеңінен жоғары күйзеліс пен белгісіздік кезеңіне өту белгісі.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары