Warner Bros компанияны толық сатуды қарастырып жатыр. Акциялары қымбаттады

Warner Bros. Discovery медиа-конгломераты бизнесті толықтай сату мүмкіндігін талқылап жатқанын мәлімдеді. Мұндай шешімге әлеуетті сатып алушылар тарапынан қызығушылықтың артуы себеп болды.
CNBC дерегінше, Netflix пен Comcast компаниялары мүдделі тараптардың қатарында болуы мүмкін. Бұған дейін Paramount Skydance басшысы Дэвид Эллисон да Warner Bros.-ты сатып алу жөнінде келіссөздер жүргізіп жатқаны хабарланған болатын. Қазан айында Warner Bros. Discovery Paramount ұсынған бір акцияға $20 көлеміндегі бастапқы ұсыныстан бас тартты. Себебі бұл сома тым төмен деп бағаланды, деп жазды Bloomberg.
CNBC-нің хабарлауынша, Уолл-стрит сарапшылары жаңа келісім шарттары бойынша акция құны $21–$30 аралығында болуы мүмкін екенін болжап отыр.
Warner Bros. Discovery директорлар кеңесі бірнеше стратегиялық нұсқаны қарастырып жатыр. Олардың қатарында 2026 жылға дейін компанияны екі бөлек жария компанияға бөлу жоспары да бар. Бұл жоспар алғаш рет маусым айында жарияланған болатын. Жоспарға сәйкес, бір құрылым киноөндіріс пен HBO Max стримингтік қызметін, ал екіншісі кабельдік арналарды, соның ішінде CNN-ді біріктіреді. Бұл шешім стриминг секторының қарқынды өсімін дәстүрлі, баяу дамып жатқан кабельдік телеарналардан бөліп, тиімдірек басқаруға бағытталған.
Bloomberg атап өткендей, компанияны сату немесе бөлу жаһандық медиа индустриясы үшін ең ірі өзгерістердің бірі болуы мүмкін және бұл өз кезегінде басқа ойыншыларды да өз құрылымдарын қайта қарауға итермелеуі ықтимал. Стримингтік платформалар нарық құрылымын түбегейлі өзгертті. Дәстүрлі хабар таратушылар қарыздардың артуы, контент шығындарының көбеюі және аудиторияның бөлшектенуімен бетпе-бет келіп отыр. Reuters мәліметінше, көрермендердің жаппай кабельдік ТВ-дан бас тартып, жарнама берушілердің де онлайн-стримингке көшуі дәстүрлі медианы жаңа бизнес модельдерге көшуге және өсу жолдарын іздеуге мәжбүр етуде.
PP Foresight сарапшысы Паоло Пескаторе Reuters-ке берген түсініктемесінде:
«Бұл жағдай қызығушылық танытқан тараптармен одан әрі келіссөз жүргізуге жол ашуы мүмкін. Голливуд пен дәстүрлі медиагиганттар үшін бәрі консолидацияға қарай бет алуда», – деп атап өтті.
21 қазандағы сауда-саттық барысында Warner Bros. Discovery акциялары 12%-дан астамға өсіп, $20,5 деңгейіне жетті. Бұл – 2022 жылдың сәуірінен бергі ең жоғарғы көрсеткіш. Жалпы, инвесторлар компанияны сату мүмкіндігіне оң көзқарас білдіруде. Жыл басынан бері Warner Bros.-тың нарықтық құны 73%-ға артқан.








