Wells Fargo активтерге қойылған лимиттен құтылды. Бұл инвестор үшін неге маңызды?

Америкалық Wells Fargo банкі жеті жылдан кейін ақыры ФРЖ тарапынан активтер көлеміне қойылған $2 трлн шектеуден босатылды. Бұл лимит банктің өсуін тежеп, оған айыппұлдар мен жіберіп алған табыс түрінде ондаған миллиард доллар шығын әкелді. Осы уақытта бәсекелестердің активтері едәуір артты. Тыйымның алынуы банктің акцияларына айтарлықтай серпін береді және жалпы нарық үшін де жағымды белгі болады, деп санайды сарапшылар.
Егжей-тегжейлі
3 маусым, сәрсенбі күні АҚШ-тың Федералдық резерв жүйесі Wells Fargo заңбұзушылықтарды жоюда «елеулі ілгерілеуге», атап айтқанда, корпоративтік басқару мен тәуекелдерді басқару бағдарламаларын жетілдіру және реформаларға жүргізілген тәуелсіз тексерулердің аяқталуына қол жеткізгенін мәлімдеді. ФРЖ директорлар кеңесі бірауыздан банктің активтері бойынша $2 трлн шектеуді алып тастау үшін дауыс берді. The Wall Street Journal атап өткендей, бұл — реттеуші банкке ауқымды мәселелер шешілмейінше өсуге тікелей тыйым салған тарихтағы жалғыз жағдай болған.
«Бүгінде біз — мүлдем басқа және әлдеқайда мықты компаниямыз, бұл жетістік сол атқарылған жұмыстың нәтижесі», — деді Wells Fargo басшысы Чарли Шарф банк таратқан хабарламада. Шарф ФРЖ шешімін «маңызды кезең» деп атап, банктің барлық штаттық қызметкерлеріне $2000 көлемінде бонус төленетінін айтты.
Reuters агенттігі жазғандай, JPMorgan Chase басшысы Джейми Даймон — кезінде Шарфтың тәлімгері болған — оны мақтап, Wells Fargo-дағы проблемаларды шешуге орасан еңбек сіңіргенін жеткізді. «Чарли мен оның командасы үлкен құрметке лайық — олар бұл мәселелерді шешу үшін қыруар іс атқарды», — деді Даймон.
Бұл Wells Fargo үшін нені білдіреді
«Лимиттің алынуы акциялар үшін қысқамерзімді серпіліс беріп қана қоймай, енді олар активтер шектеуін ескермей-ақ бизнесті еркін құра алады, бұл ұзақмерзімді өсімге жол ашады», — дейді Zacks Investment Management портфельдерін басқарушы Брайан Малберри (Reuters келтірген). ZIM Wells Fargo акцияларына иелік етеді.
Реттеушілік шектеу алынып тасталғаннан кейін Wells Fargo бизнестер мен жеке клиенттерге несие беруді көбейте алады, сауда операциялары мен инвестициялық-банктік қызметін жандандырады, сондай-ақ бұрынғы бедел дауы салдарынан кеткен кеңесшілер мен ауқатты клиенттерді қайта тартуға тырысуы мүмкін, деп жазады Bloomberg. WSJ енді банк шығындарды қысқартуға кірісуі мүмкін — бұған дейін ФРЖ талаптарын орындау үшін банк тәуекелдерді басқару мен бақылау бөлімдеріне 10 мың қызметкер жалдауға мәжбүр болды, деп жазады. WSJ дерегінше былтыр бұл бөлімдердің шығындары 2018 жылмен салыстырғанда $2,5 млрд-қа жоғары болды.
«Бұл — Wells Fargo үшін ауыр кезеңнің аяқталғанын білдіреді және барлық қаржы институттары үшін бір ескерту: клиент мүддесі әрқашан өсу мақсатына сай болуы керек», — дейді Argus Research банк секторының сарапшысы Стивен Биггар.
Бұған дейін актив көлемі бойынша Wells Fargo елдегі үшінші ірі банк болған. 2018 жылдың басынан бері Wells Fargo бәсекелестері айтарлықтай өсті: JPMorgan Chase активтері шамамен $2 трлн-ға, Bank of America — $1 трлн-ға, PNC Financial — $200 млрд-қа артты, деп жазады Reuters. 2025 жылдың наурыз айының соңындағы мәлімет бойынша Wells Fargo активтері шамамен $1,9 трлн болып, төртінші орында тұрған. Салыстыру үшін: нарық көшбасшысы JPMorgan активтері — шамамен $4,4 трлн, Bank of America — $3,3 трлн, Citigroup — $2,4 трлн.
«[Wells Fargo-ға] әлі де біршама жолды өткеруі керек», — дейді Evercore сарапшысы Джон Панкари. Бірақ оның пікірінше банк қазіргі ауқымы мен клиенттік базасының арқасында АҚШ-тағы ең табысты банктердің біріне айнала алады.
«Егер жүйеден күйзеліс кетсе — әсіресе бұл елдегі ең ірі банктердің бірі болса — бұл нарық пен экономика үшін жақсы белгі», — дейді 50 Park Investments басшысы Адам Сархан.
Акциялардың жағдайы
4 маусым, сәрсенбі күні таңғы сауда кезінде Wells Fargo акциялары бір сәтте 4%-ға өсіп, $78,7-ге жетті. Негізгі саудада акциялар наурыз басынан бері алғаш рет осындай деңгейге көтерілді. Жыл басымен салыстырғанда қазіргі баға 7,7% жоғары.
MarketWatch деректеріне сәйкес қазір сарапшылардың көбі Wells Fargo акцияларын сатып алуға кеңес береді: барлығы 27 рейтингтің ішінде 19-ы — Buy және Overweight. Тағы жетеуі — Hold (сақтау) ұсынады, тек біреуі — Underweight (сату). Уолл-стриттегі ең оптимистік таргет — $90 — бұл бағаның қазіргі жабылу бағасынан шамамен 19% жоғарылайтынын білдіреді.
Неліктен Wells Fargo-ға лимит қойылған еді
2016 жылы реттеушілер Wells Fargo қызметкерлері шамамен 3,5 млн шотты клиенттердің рұқсатынсыз ашқанын анықтады — бұл агрессивті сату жоспарларын орындау үшін жасалған. Реттеушілердің айтуынша жедел өсуді көздеген банк мыңдаған қызметкерін алаяқтық, жеке деректерді ұрлау және банктік құжаттарды қолдан жасауға итермелеген — олар клиенттерге қажеті жоқ немесе құны жоқ өнімдерді сатқан, деп жазады Bloomberg. Тергеуден кейін банк $185 млн айыппұл төлеуге мәжбүр болды және 5300 қызметкерін жұмыстан босатты.
2018 жылы ФРЖ Wells Fargo-ға активтерге лимит қойып, тәуекелдерді басқару жүйесіндегі кемшіліктерді түзетуді тапсырды. 2019 жылы банк тізгінін Чарли Шарф алды, оның басты міндеттерінің бірі — банкті қалпына келтіріп, реттеушінің талаптарын орындау болатын.








