Жүрекке жасалған сәтті операциядан кейін робот-хирург өндірушінің акциялары күрт өсті

Хирургиялық роботтарды әзірлеуші SS Innovations компаниясының акциялары 18 маусымдағы саудада 42%-ға күрт өсті. Инвесторлар компания роботының жүрек операциясында сәтті қолданылғаны туралы жаңалыққа осылай жауап берді. Компанияның қағаздары Nasdaq биржасында бұдан небәрі екі ай бұрын саудаға шыққан еді.
Егжей-тегжейлі
Үндістандық SS Innovations International компаниясының акциялары сәрсенбі, 18 маусым күні 42%-ға қымбаттап, $4,8-ге жетті. Негізгі сессиядан кейінгі саудада бағасы сәл төмендеп, 5%-ға қысқарды. Дүйсенбі күні компания өз роботтық жүйесін пайдаланып жүрек операциясының сәтті өткенін хабарлаған.
Операция Эквадорда өткізілді. SSi Mantra 3 роботы көмегімен хирург науқастың жүрегіндегі жоғарғы екі камера арасындағы тесік жабылды.
Мамыр айының соңында SS Innovations роботының көмегімен 4000-нан астам операция жүргізілгенін, оның ішінде 215-і кардиологиялық операция екенін хабарлаған еді. Операциялар барысында асқыну, жарақат немесе өлім оқиғалары тіркелмеген.
Компания америкалық Intuitive Surgical сынды нарық көшбасшысынан ерекшелене алады деп есептейді. Бұл мақсатқа ол технологиялық тұрғыда дамыған, әлемнің түкпір-түкпіріндегі науқастардың кең ауқымына қолжетімді жүйе арқылы жетпек, деп жазады Medtechdive.
Робот-хирургтердің нарығы қалай өсуде
2024 жылы хирургиялық роботтар нарығы $11,48 млрд көлемінде бағаланды. Research and Market мәліметіне сәйкес алдағы бес жылда бұл нарық жыл сайын 12,4%-ға өседі деп күтілуде. Осы нарықта Intuitive Surgical көш бастап тұр. Соңғы бес жылда оның акциялары 161%-ға өсті, ал 2000 жылғы IPO-дан бері 25 000%-дан артық өсім көрсетті.
Алайда бұл салада да кедергілер бар. Coherent Market Insights есептеуінше робототехника жүйелерінің бастапқы жоғары бағасы ауруханалар мен медициналық қызмет көрсетушілер, әсіресе, шағын немесе бюджеттік мекемелер үшін негізгі кедергі болып отыр. Мысалы, R2 Surgical мәліметтері бойынша Intuitive Surgical роботы da Vinci-дің бағасы модельге қарай $500 000-нан $2,5 млн-ға дейін жетеді. SSi Mantra роботы болса — шамамен 50 млн рупийға (шамамен $600 000) тең.
Тағы бір қиындық — АҚШ-тың импортқа енгізетін баж салығы. Intuitive Surgical осыған байланысты 2025 жылға арналған табыс болжамын төмендетуге мәжбүр болды. Сондай-ақ, баж салығын салудан туындайтын шығындар оның жүйелерінің келешек тендерлерінде жеңіске жетуіне кедергі болуы мүмкін, деп болжауда Reuters.
Ал SS Innovations-ты баж салығы мәселесі әзірше айналып өтуде — ол АҚШ нарығына шығу үшін алдымен FDA (АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын қадағалау басқармасы) лицензиясын алуы керек. Компания бұл үмітін 2026 жылдың басына бағалап отыр.
Компания жайлы не білу керек
SS Innovations International — 2015 жылы кардиохирург Судхир Шривастава негізін қалаған үнді компаниясы. Crunchbase деректеріне сәйкес оның хирургиялық роботтарды әзірлеуші ретінде екі инвесторы бар, бірақ инвестиция көлемі айтылмайды.
2025 жылдың бірінші тоқсанында робот өндіруші компанияның табысы өткен жылмен салыстырғанда 41%-ға өсіп, $5,1 млн-ға жетті. Бұл өсім SSi Mantra роботтық жүйесінің сатылуынан болды. Құрылғылардың сатылымы шамамен 2/3-ке өсті және 15 бірлікке жетті. Алайда, алғашқы тоқсандағы шығын $9,8 млн-нан $5,7 млн-ға дейін қысқарды.
Компания АҚШ нарығына шығуды жоспарлап отыр. 2024 жылғы шілдеде Нью-Йоркте офисын ашты. Сонымен қатар, әлем бойынша лицензия алу жоспары бар. Еуропада лицензияны осы жылдың аяғына дейін алуды көздеп отырса, АҚШ-тағы FDA рұқсаты 2026 жылдың бірінші жартысында алынуы тиіс. Сонымен қатар SSi Mantra 3 жүйесіне арналған FDA-ға жаңа классификация сұранысы да 2025 жылғы шілдеге жоспарланған.
2025 жылғы сәуірде SS Innovations акциялары Nasdaq-қа енгізіліп, алғашқы сауда кезінде бағасы шамамен $4 болды. Бір жарым ай ішінде акциялар 22%-ға өсті. Дегенмен, компания нарыққа жаңа шыққандықтан, инвестициялық банктерден баға бергендер әлі жоқ.








