ЖИ-акцияларына сенім шайқалды: Азия биржаларындағы жаппай сатылым

Азия нарықтарындағы компаниялардың акциялары 5 қарашада күрт төмендеп, саудадағы құбылмалылық сәуірден бері болмаған деңгейге дейін өсті. Бұл құлдырау Уолл-стриттегі технологиялық сектор акцияларының жаппай сатылымынан кейін орын алып, инвесторларды жылдам өсіп жатқан компаниялардың шынайы құны тым жоғары болуы мүмкін деген қауіпке қайта қарауға мәжбүр етті.
Егжей-тегжейлі
MSCI әзірлеген Жапонияны қоспаған АТР аймағының ең ауқымды индексі сауда барысында 2,3%-ға төмендеді. Бұл — АҚШ президенті Дональд Трамп сәуір басында «Азаттық күніне» орай жаңа баж жариялағаннан бергі ең ірі құлдырау, деп хабарлайды Reuters.
Ең көп зардап шеккендер — Жапония мен Оңтүстік Корея нарықтары. Токио биржасының Nikkei 225 индексі таңғы саудада 4,5%-ға құлап, бір күн бұрын қол жеткізген тарихи максимумынан шамамен 7%-ға төмендеді. Bloomberg-тің мәліметінше бұл — соңғы алты айдағы ең ірі төмендеу. OpenAI-дың АҚШ-тағы $500 млрд көлеміндегі деректер орталығы жобасына қатысушы SoftBank акциялары 14%-ға дейін құлдырап, 2024 жылғы тамыздан бергі ең үлкен құлдырауды көрсетті. Сонымен қатар чип өндірісіне арналған жабдық шығарушылар Advantest пен Disco акциялары, сондай-ақ электроника материалдарын жеткізуші Furukawa Electric бағалы қағаздары да қатты арзандады.
2025 жылы әлемдегі ең жылдам өсіп келе жатқан нарықтардың бірі болған Оңтүстік Кореяның Kospi индексі 6%-ға төмендеді. Kospi 200 фьючерстері 5%-дан астам құлдыраған кезде, Корея биржасы алгоритмдік (роботтық) сауда арқылы сатылымдарды уақытша тоқтатуға мәжбүр болды, деп жазады Bloomberg. Құлдырау алдында Kospi-дің 20%-дық өсіміне серпін берген Samsung Electronics пен SK Hynix акциялары ең көп жоғалтқандар қатарында болды.
Сарапшылар не дейді
S&P 500 фьючерстері 0,2%-ға, Nasdaq 100 — 0,4%-ға төмендеді. Бұл — АҚШ-тағы ең ірі банктер басшылары нарық 10–20%-ға құлдырауы мүмкін деп ескерткеннен кейін орын алған.
«Технологиялық сектордағы ұзақ әрі қарқынды өсімнен кейін түзету болатыны айқын еді», — дейді Saxo Markets инвестициялық стратегиі Чару Чанана. Оның пікірінше, «доллардың күшеюі, криптонарықтың әлсіреуі және америкалық Big Tech компанияларының қымбат бағалануы жайлы алаңдаушылық тәуекел активтеріне деген сұранысты төмендетті».
Pepperstone Group аналитигі Крис Уэстон: «Қазір нарықта сатып алуға негіз боларлық себеп көп емес. Nvidia компаниясының 19 қарашадағы есепті күніне дейін қысқа мерзімді қозғаушы фактор болмайды», — деп жазды.
StoneX сарапшысы Мэтт Симпсон Reuters агенттігіне: «Қанша жерден рекордтық өсімге жеткенімізбен, бір сәтте пайдаңды бекіту керек. Қазір инвесторлар жауап іздеп отырған жоқ — емтиханда көшірген балалар сияқты бір-бірінен қарайды. Жауап — қашу», — деді.
Дегенмен NH Investment & Securities (Оңтүстік Корея) трейдері Шон О атап өткендей, бастапқыда клиенттер нарықтың әлсіреуіне қатысты көп сұрақ қойғанымен, кейінірек Сеулдегі инвесторлар сәл сабыр тапты. «Паника жоқ, бірақ ЖИ-ға байланысты акциялар мен соңғы уақытта тым алға озған қағаздарды сатылымға шығару байқалады», — деді ол.








