ЖИ-бум 2026 жылы облигация нарығында рекордтық көрсеткішке әкеледі — JPMorgan

Жасанды интеллектке (ЖИ) инвестицияларды қаржыландыруға кететін шығындардың жаңа толқыны 2026 жылы АҚШ-тың жоғары сапалы облигациялар нарығындағы орналастыру көлемін $1,81 трлн-ға жеткізеді. Бұл туралы JPMorgan несиелік стратегтері Bloomberg-ке жолдаған жазбасында хабарлады. Бұған дейінгі рекорд 2020 жылы тіркеліп, $1,76 трлн болған.
Егжей-тегжейі
Компанияларға қосымша қаражат тартуға себеп болатын негізгі факторлар — $1 трлн-нан асатын ескі қарыздарды қайта қаржыландыру қажеттігі, сату және бірігу келісімдерінің жандана түсуі, сондай-ақ ЖИ-ға кететін күрт өскен капиталдық шығындар.
JPMorgan болжамы бойынша, 2026 жылы технология, медиа және телеком салаларындағы компаниялар жоғары рейтингті облигациялар нарығынан шамамен $400 млрд тартпақ. Оның ішінде технологиялық компаниялардың үлесі $252 млрд болады. Бұл 2025 жылдың басынан бергі көрсеткіштен 61%-ға көп. Тұтынушылық секторда облигациялар шығарылымы 44%-ға (яғни $135 млрд-қа), медиа мен ойын-сауық саласында 38%-ға ($85 млрд), ал телекоммуникацияда 25%-ға ($56 млрд) өседі.
JPMorgan 2026 жылы облигацияларды өтеу көлемі $1 трлн-нан сәл асатынын және бұл көрсеткіш биылғы деңгейге жақын болатынын болжайды. Ал 2026 жылы облигация ұсынысы биылғы жылмен салыстырғанда 17%-ға өседі деп күтілуде. Қарызды өтеу деңгейі өзгеріссіз қалса, жаңа орналастырылатын облигациялардың таза көлемі 54%-ға артып, $802 млрд болады. Бұл 2020 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш.
2025 жылы кімдер облигация шығарды?
Облигация шығару көлемі 2025 жылы да өсіп жатыр. JPMorgan бұл өсімді ФРЖ-ның мөлшерлемені төмендетуімен, ЖИ-ға инвестициялардың артуымен және бірігу мәмілелерінің қайта жандануы арқылы түсіндіреді.
Financial Times 31 қазанда жазғандай, Meta, Alphabet, Oracle және басқа да ірі компаниялар жыл басынан бері $180 млрд көлемінде қарыз тартқан. Биыл АҚШ-тағы корпоративтік облигациялар ұсынысының төрттен бірінен астамы ЖИ-мен байланысты эмиссиялардан құралған.
Газеттің жазуынша, компаниялар нарыққа сұраныс өте жоғары кезеңде шығып жатыр.
TwentyFour Asset Management қорының менеджері Гордон Шеннон: «ЖИ-ға инвестиция салу үшін жоғары рейтингті технологиялық эмитенттердің қарыз қаражатқа деген сұранысы басқа корпоративтік кредиттік нарықтарға бөлінетін сұранысты төмендетуі мүмкін», — деген.
Кредит нарығының тұрақтылығына қатысты соңғы алаңдаушылықтарға қарамастан, JPMorgan бұл болжамымен Уолл-стриттің басқа да сарапшыларына қосылып отыр, деп жазады Bloomberg. Мысалы, Goldman Sachs 2025 жылды «ЖИ-мен байланысты таза облигациялық орналастырулар үшін ерекше жыл» деп атап, 2026 жылы дата-орталықтар мен энергетикалық инфрақұрылымдарды қаржыландыру мақсатында облигациялар шығарылымы жалғаса береді деп болжауда.








