ЖИ-бумын қалай бағалаймыз? Нобель лауреаты мен MIT Sloan аға оқытушысы жауап берді

Қазір нарықта жасанды интеллекттің қарқынды дамуын қалай бағалаймыз деген қызу пікірталас жүріп жатыр. 2024 жылғы экономика бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Саймон Джонсон және MIT Sloan менеджмент мектебінің аға оқытушысы Пьеро Новелли Project Syndicate басылымында жарияланған материалында бүгінгі жағдайды түсіну үшін өткен замандағы инвестициялық бумдардың тарихына көз жүгіртуді ұсынды.
Инвестициялық бум: пайдасы мен тәуекелі қандай?
1978 жылы Чарльз Киндлбергердің «Манялар, паникалар және күйреулер» атты кітабы жарық көрді. Ол инвестициялық бумдар мен олардан кейін болатын құлдырауларды сипаттайтын классикалық еңбекке айналды. Мұндай бумдарды екіге бөлуге болады: біріншісі — соңында қоғамға пайдалы нысандар салынған бумдар (мысалы, XIX ғасырдың ортасында Ұлыбритания, АҚШ және басқа елдерде салынған теміржол жүйелері); екіншісі — еш пайдалы нәтиже бермеген бумдар (мысалы, XVII ғасырдағы Нидерландтағы атақты тюльпан маниясы немесе 2000-жылдардың басындағы субстандартты ипотека дауы).
Қандай критерий бойынша қарасақ та, АҚШ та, жалпы әлем де қазір ЖИ-ға қатысты қарқынды спекулятивті бумды бастан өткеріп отыр. Бірақ бұл инвестициялар шынымен пайдалы бір нәрсеге әкеледі ме? Кім үшін және қандай мақсатқа? Ал егер бұл үдерістің жағымсыз салдары болса, ол қандай болады?
Киндлбергер еңбегі және 1978 жылдан бергі әлемдік оқиғалар көрсеткендей, инвестициялық бумдарды бағалауда үш негізгі сұраққа сүйену қажет.
Біріншіден, бум жай ғана активтердің бағасының өсуі емес, одан да ауқымды құбылысты білдіре ме (мысалы, 2008 жылғы жаһандық қаржы дағдарысына дейінгі АҚШ-тағы тұрғын үй бағасының шарықтауы сияқты)? Осы тұрғыдан алғанда, бүгінде АҚШ-та және басқа да елдерде жабдыққа (мысалы, деректерді өңдеу орталықтарына) бағытталған инвестициялардың ірі толқыны жүріп жатқаны анық. Бұдан бөлек, ақпараттық-технологиялық инфрақұрылымға салынатын инвестициялар — компаниялар мен үкімет үшін маңызды ресурс, еңбек өнімділігін арттырып, экономикалық өсімге ықпал етуі мүмкін. (Бұл процестің жағымсыз жағы — электр энергиясы мен суға сұраныстың артуына байланысты қоршаған ортаға түсетін ауыр әсер.)
Екіншіден, бұл инвестициялық бум негізінен қарыз есебінен қаржыландырыла ма (2008 жылғы дағдарыстың басты себептерінің бірі)? ЖИ бойынша бұл сұраққа нақты жауап жоқ. Ірі компаниялардың қазіргі шығындарын өтеуге жеткілікті оң ақша ағымы бар. Бірақ кейбірі өз жеткізушілерін өздері қаржыландырып отыр (мысалы, басқа фирмалар чип сатып ала алуы үшін). Мұндай схема бойынша кредиттік тәуекелдер өте түсініксіз: Кей кепілдер несие өтелмей жатып-ақ құнын жоғалтуы мүмкін.
Капиталдық шығындар өскен сайын кредиттік нарықтар, банктік жүйе, тіпті қажет болса үкімет үшін де тәуекел артады (дегенмен технокорпорацияларды «құлдырауға тым ірі» деп, міндетті түрде мемлекеттік қолдау қажет деуге болмайды). Қазанда Meta өзінің Hyperion деректер орталығы үшін жеке капитал тарту мақсатында Blue Owl қорымен тарихтағы ең ірі келісімді жапты. $27 млрд арнайы құрылған баланстан тыс компанияға (SPV) бағытталды.
Бұл – үлкен теңіздің тамшысы ғана. Бағалау бойынша, алдағы бес жылда ЖИ инфрақұрылымына 3–7 трлн доллар көлемінде инвестиция салынады. Технокомпаниялар қарыз нарықтарына белсенді шығатынын, соның ішінде тәуекелі жоғары жаңа қаржыландыру модельдерін қолданатынын ашық білдірді. Алдағы 2–3 жылда жеке кредит беру шамамен $800 млрд-қа жетеді деп күтіледі; 2025 жылдың басында оның көлемі $450 млрд-қа жуықтайды деген бағалар бар. Бұл инвестициялық ставкалардың қаншалықты дұрыс болатыны әзірге белгісіз.
Үшіншіден, қазіргі жағдайдағы ең маңызды сұрақ – ЖИ нақты қалай қолданылмақ? Дәстүрлі салалардың ірі корпорацияларының топ-менеджерлерімен әңгімелер көрсеткендей, олар ЖИ арқылы шығынды азайтып, тиімділікті арттыруды күтеді. Бірақ олардың көбісі жаңа табыс көздерінің (мысалы, жаңа бизнес бағыттарының) қандай болатынын сенімді түрде айта алмай отыр.
Банктер ЖИ арқылы құжат өңдеу, алаяқтықты анықтау, тәуекелдерді басқару, реттеу талаптарын орындау, алгоритмдік инвестициялар мен сауда, маркетинг және клиенттік мәліметтерді талдау сияқты салаларда тиімділікті арттыра алады. Өнеркәсіптік компаниялар кеңсе жұмысы, қор мен ресурстарды басқару, маркетинг, сондай-ақ өндірістік инженерия салаларындағы қызметкерлер санын қысқарту есебінен ұтысқа шығуы мүмкін.
Егер ЖИ ығыстырған адамдар тез арада жаңа, өнімді және жақсы төленетін жұмыс таба алса, еңбек өнімділігі жылдам өсіп, халықтың өмір сүру деңгейіне және мемлекеттік қаржыға оң әсер етеді. XIX ғасырдағы теміржол бумы дәл осындай нәтиже берген — әсіресе қарапайым адамдарға компания құруға, жаңа дағдылар үйренуге және кәсіподақтарға қатысуға мүмкіндік берген инклюзивті институттары бар елдерде. Бірақ автоматтандырудың басқа толқындары мұндай мүмкіндікті бере алмады: жаңа жұмыс орындары жеткілікті тез құрылмағандықтан, еңбек нарығында қиындықтар туындап, өнімділік өсімі көп жағдайда көңіл қуантарлық болмай шықты.
Мұндай ойынды қалай ойнаймыз?
Осының бәрі ЖИ саласындағы бумға да қатысты. Иә, асыра сілтеушілік бар. Тіпті, инвесторлар мен басшылар қателіктер жасайды. Және акцияларды негізінен бай адамдар иеленетіндіктен, табыс та, шығын да көбіне соларға кетеді.
Осындай жайттарға қарамастан, ешбір ел, ешбір компания, ешбір азамат шетте қарап отырғаннан ұтпайды. Қазір қол қусырып, технологияның жетілдірілген нұсқасын күткен қауіпсіздеу көрінуі мүмкін, бірақ бұл — болашаққа қажет дағдыларды дамытуға да, жақсы жұмыс орындарын көбейтуге де апаратын жол емес. Оның үстіне, жаңа технологияларды ойлап табушылар мен оларды иеленушілер техникалық стандарттарды да, этикалық қағидаларды да қалыптастырып, сол арқылы саяси күн тәртібін де айқындайды.
АҚШ-тың саяси элитасы инновацияны жақсы көреді, өйткені ол оларға бәсекелік артықшылық береді және саяси қаржылай қолдаудың көзіне айналады. Қытайдан қауіптенген америкалық технологиялық сектор ЖИ-ді барынша кеңейту бағытында ең минималды шектеулермен алға жылжып келеді. Енді АҚШ-тағы және әлемдегі қалған барлық тараптар осы ойынды қалай ойнау керегін терең ойлануы тиіс.
Біздің қоғам ЖИ-ді енгізуде қалай жауапкершілікпен әрекет ете алады, мысалы, мемлекеттік қызметтерді жақсарту үшін? Жеке сектор ЖИ-ді қалайша көбірек сапалы жұмыс орындарын құруға қолдана алады? Жеке өмір құпиялығын қорғауды қалай қамтамасыз етуге болады? Балаларды және басқа да осал топтарды зияннан қалай қорғау керек?
Технологияның даму бағытын қалыптастыруға болады, және ЖИ революциясының жолы дәл қазір айқындалып жатыр. Каналдар мен теміржолдар дәуірінен бастап, интернет дәуіріне дейінгі тәжірибелер қатал, бірақ қарапайым сабақ береді: егер сіз, сіздің компанияңыз немесе еліңіз қол қусырып, «шаң басылғанын» күтсе, технологиядан қалағаныңызды да, сізге қажет болатын нәрсені де ала алмай қалуыңыз мүмкін.
Бұл материалды дайындауға Кори Клеммер қатысты.








