БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Зумерлер ең бай ұрпаққа айналуы мүмкін, дейді McKinsey. Бұдан кім пайда табады?

Анна Краснова

Анна Краснова

Журналист
Зумерлер ең бай ұрпаққа айналуы мүмкін, дейді McKinsey. Бұдан кім пайда табады?

Зумерлер тұтыну ережелерін өзгертеді және бизнес соған бейімделуге мәжбүр болады. McKinsey компаниясының State of the Consumer 2025 атты соңғы есебінде бұл ұрпаққа жеке бөлім арналған. Z ұрпағы жаңа стандарттар қалыптастыруда — ыңғайлылық пен жылдамдыққа қойылатын талаптан бастап, төлем тәсілдеріне дейін. McKinsey сарапшыларының пікірінше жас тұтынушылардың сұранысына бейімделе алған компаниялар артықшылыққа ие болады.

McKinsey есебіндегі зумерлерге қатысты негізгі тұжырымдар

1996–2010 жылдар аралығында туған жас адамдар — зумерлер — әлемдік экономиканың жаңа қозғаушы күшіне айналуда. McKinsey есебінде айтылғандай, Z ұрпағы тек ең көп санды емес, сонымен қатар тарихтағы ең ауқатты буын болмақ. Компанияның болжамынша 2035 жылға қарай зумерлер жаһандық ЖІӨ-ге 8,9 трлн доллар қосады.

Зумерлердің табысы алдыңғы буындарға қарағанда тезірек өсіп жатыр. Бүгінде 25 жастағы орташа америкалық тұтынушы жылына $40 000 табыс табады. Бұл — салықты, инфляцияны және мемлекеттік төлемдерді ескергеннің өзінде — осы жастағы адам 25 жыл бұрын тапқан ақшадан 50% көп. Сонымен бірге, McKinsey жазуынша зумерлер бұрынғы ұрпақтармен салыстырғанда ақшаны екі есе жылдам жұмсайды.

Соның салдарынан көпшілігінің жинағы жоқ: америкалық зумерлердің жартысы жинаған ақшасына бір айдан артық күн көре алмайтынын мойындайды. АҚШ, Ұлыбритания және Германияда сауалнамаға қатысқандардың шамамен 40%-ы қаржылық болашағына алаңдайтынын айтқан. Ал бұл көрсеткіш үлкен ұрпақ арасында небәрі 31%-ды құрайды. Қытайда бұл сан әлдеқайда аз — небәрі 11%. Есеп авторлары мұны қаржылық мәдениеттегі айырмашылықпен байланыстырады.

Қаржылық тұрақсыздыққа қарамастан, зумерлер қалаған заттарынан бас тартуға дайын емес. 25%-тен астамы «қазір ал — кейін төле» жүйесін қолданады. Мұндай тәсіл әсіресе Қытайда (40%), Үндістанда (38%), БАӘ-де (36%) және Аустралияда (35%) танымал. Бұдан бөлек, зумерлердің 34%-ы несие алуға дайын — бұл басқа жас топтармен салыстырғанда 13 пайыздық тармаққа жоғары көрсеткіш.

Бизнес не істеуі керек?

McKinsey сарапшыларының жазуынша брендтер, әсіресе, бөлшек сауда және тұтыну тауарларын өндірушілер Z ұрпағын не ынталандыратынын терең түсінуі аса маңызды. Компаниялар ұзақмерзімді табысқа қол жеткізу үшін бірқатар факторларды ескергені жөн:

— Қаржылық қауіпсіздік жастықшасы дерлік жоқ болса да, зумерлер қажетсіз заттарды сатып алуға және қарызға кіруге ең бейім ұрпақ, делінген есепте. Бұдан зумерлер бюджеттен тыс ақша жұмсауға дайын өнімдер мен қызметтерді өндірушілер ұта алады. Әдетте мұндай өнімдер әлеуметтік желіде трендке айналады немесе құрдастар арасында жиі талқыланады. McKinsey сауалнамасына сәйкес зумерлер көбіне киім мен сұлулық категориясында импульсивті сауда жасайды.

— Зумерлер ыңғайлылық үшін артық ақша төлеуге дайын. Мысалы, азық-түлік пен дайын асты жеткізу қызметі үшін ақша аямайды. Болашақта осы ұрпақ тұтынушылық стандарттарды қалыптастыратын болады. Сондықтан Z ұрпағы не үшін ақша жұмсауға дайын екенін жақсы түсінген компаниялар ұтады. Ал ол үшін, McKinsey атап өткендей, жас ұрпақтың құндылықтарын терең ұғынуға көмектесетін жасанды интеллект пен машина оқыту құралдарына инвестиция салу қажет.

McKinsey зерттеуіне АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Қытай, Үндістан, БАӘ және Аустралияны қоса алғанда, 10 елден 12 000-нан астам адам қатысқан. Қатысушылардан табыс, жинақ, сауда-саттық, ақшаға қатынас және өмірлік басымдықтар туралы сұралған. Сонымен қатар, сандық ортадағы мінез-құлық — смартфон арқылы сатып алу тәсілдері, пайдаланылатын сервистер мен қайталанатын үлгілер де зерттелген.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары