БастыЖаңалықтар
Бөлісу

$1,9 трлн активі бар Норвегия қоры соңғы 1,5 жылдағы рекордтық табысқа жетті

Венера  Сайфутдинова

Венера Сайфутдинова

Oninvest тілшісі
$1,9 трлн активі бар Норвегия қоры соңғы 1,5 жылдағы рекордтық табысқа жетті

Әлемдегі ең ірі Норвегияның егеменді әл-ауқат қоры екінші тоқсанда 2023 жылдың соңынан бергі ең жоғары табысқа қол жеткізді. Нәтижеге ең алдымен еуропалық компаниялардың акциялары мен инфрақұрылымға салынған қаржы әсер етті. 2025 жылы қор технология алпауыттарына инвестицияны жалғастырғанымен, мұнай-газ секторындағы үлесін қысқартқан.

Егжей-тегжейлі

Норвегияның егеменді әл-ауқат қоры Norges Bank Investment Management (NBIM) екінші тоқсанда инвестицияларынан 6,4% табыс тапты. Бұл — 2023 жылдың соңынан бергі ең жақсы тоқсандық көрсеткіш.

Негізгі табыс көзі акциялар болды — олар шамамен 8,5% кіріс әкелді. Сондай-ақ өтімділігі төмен инфрақұрылымға салынған қаржы 8,1% пайда түсірді. Ал облигациялардан түскен табыс 1,7%-ды, өтімділігі төмен жылжымайтын мүліктен түскен пайда 1,6%-ды құрады.

Жартыжылдықта қордың табыстылығы 5,7%-ды құрап, бенчмарк деңгейінен небәрі 5 базистік тармаққа төмен болды. Ең табысты бағыт — еуропалық акциялар (17,8%), ал Солтүстік Америка нарығындағы бағалы қағаздар небәрі 1,4% әкелді.

Дегенмен, қор активтерінің жалпы құны 2024 жылдың соңымен салыстырғанда 0,8%-ға төмендеп, 19,586 трлн норвег кронға ($1,9 трлн) жетті. Bloomberg атап өткендей, бұған норвег кронасының нығаюы әсер етті.

Қор қайда инвестиция құйып отыр?

2025 жылдың алғашқы жартысында қор портфеліндегі он ірі компанияның бесеуінде үлесін ұлғайтқан: Nvidia-да 1,31%-дан 1,32%-ға; Apple-де 1,22%-дан 1,25%-ға; Taiwan Semiconductor Manufacturing-та 1,8%-дан 1,85%-ға; Tesla-да 1,1%-дан 1,14%-ға; Berkshire Hathaway-де  0,49%-дан 0,54%-ға; Amazon-да үлесі өзгеріссіз — 1,17%.

Ал қалған төртеуінде үлесті азайтқан: Microsoft-та 1,4%-дан 1,35%-ға; Alphabet-те 1,26%-дан 1,22%-ға; Meta Platforms-та 1,34%-дан 1,24%-ға; Broadcom-да 1,54%-дан 1,42%-ға

Сонымен қатар, Bloomberg-тің дерегінше қор мұнай-газ алпауыттарындағы үлесін қысқартты. Exxon-дағы үлесі 1,46%-дан 1,32%-ға; Shell-да — 2,78%-дан 2,55%-ға дейін азайған. Қысқарту Chevron, BP және TotalEnergies акцияларында да байқалды.

Контекст

NBIM — әлемдегі ең ірі әл-ауқат қоры. Ол 1990-жылдардың басында құрылып, Норвегияның мұнай-газ кірістерін болашақ ұрпақ игілігіне жарату мақсатында инвестиция құяды. Қор активтерінің үштен екісінен астамы — акциялар, олардың барлығы дерлік Норвегиядан тыс жерлерде орналасқан. Бүгінде NBIM әлемдегі барлық жария компания акцияларының шамамен 1,5%-ына иелік етеді.

«Қазіргі нарық жағдайында біз үшін кең көлемді әртараптандыру және ұзақ мерзімді стратегия маңызды. Біздің ауқымымызды ескерсек, портфельді қысқамерзімді толқуларға қарай жедел өзгерту мүмкін емес. Портфельдің жартысынан астамы АҚШ-та, ал үштен бірі Еуропада орналасқан. Географиялық әртараптандыруға қазір толық қанағаттанамыз», — деді қордың бас директоры Николай Тангeн Bloomberg-ке берген сұхбатында.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары