Нарық қызып тұр: басқарушылардың 90%-ы АҚШ-тың акциялары артық бағаланған деп отыр

Басқарушы қорлардың 90%-дан астамы америкалық акциялар артық бағаланған деп есептейді — бұл 2001 жылдан бергі рекорд. Дегенмен Citigroup секілді ірі инвестициялық банктер жыл соңына дейін S&P 500 индексінің өсуін күтуде. Инвесторлардың оптимизміне қарамастан, Bank of America нарықтағы «көпіршік» қаупі жайлы ескертіп отыр.
Егжей-тегжейлі
31 шілде мен 7 тамыз аралығында Bank of America басқаруындағы жалпы $413 млрд активі бар 169 басқарушыдан сауалнама алды. Респонденттердің 91%-ы америкалық акциялар тым қымбат деп мәлімдеген — банк мұндай көрсеткішті соңғы жиырма жылдан астам уақытта тіркеген жоқ, деп жазады Bloomberg.
Инвесторлар оптимизмі ақпан айынан бергі ең жоғары деңгейге жетті. Портфельдердегі қолма-қол үлесі тарихи минимумға — активтердің 3,9%-ына дейін түсті, ал акцияларға салынған қаражат үлесі өсті, деп жазады Investing.com. Тарихи тұрғыдан мұндай деңгей акцияларды сату сигналы ретінде қарастырылады, деп нақтылады Bloomberg.
Құралдар құрылымына қарасақ, жаһандық «артық үлес» акцияларда таза 14%-ды құрап отыр — бұл да ақпаннан бергі максимум. Инвесторлар Еуропадан дамушы нарықтарға қаржы аударды, мұнда «артық үлес» 37%-ға жетті — бұл 2023 жылғы ақпаннан бергі рекорд. Сондай-ақ коммуналдық қызметтер, энергетика және қаржы секторларындағы үлес те артты, деп хабарлайды Investing.com.
Инвесторлар арасында ең танымал мәміле — ең ірі технологиялық компаниялардан құралған «Ғажайып жетілікке» лонг ашу болды, оны сауалнамаға қатысқандардың 45%-ы таңдады. Көпшілігі (52%) жасанды интеллект нарығында көпіршік бар деп санап отырған жоқ, ал 55%-ы AI қазірдің өзінде өнімділікті арттырып жатыр деген пікірде.
BofA стратегы Майкл Хартнетт қазіргі ралли АҚШ-тағы ақша-несие саясаты мен қаржылық реттеу жұмсарса, нарық қызған кезеңге өтіп, көпіршікке айналуы мүмкін екенін атап өтті.
Сарапшылар не дейді
АҚШ қор нарығындағы ралли 2025 жылдың сәуірінен бері жалғасуда. Нарықтың негізгі индикаторы S&P 500 қазір 10 жылдық орташа деңгейінен айтарлықтай жоғары. Мұндай «қызып кету» 2001 жылы дотком дағдарысы алдында болған еді, деп еске салады Bloomberg.
11 тамыз таңғы саудасында негізгі бенчмарк 6389 тармақ деңгейінде болып, 0,8% өсті. 31 шілдеде индекс күндізгі саудада тарихи максимумға жетіп, 6427 тармаққа көтерілді.
Ралли аясында Citigroup 11 тамызда жыл соңына арналған S&P 500 болжамын 6600 тармаққа дейін көтерді. Reuters-тің мәліметінше банк бұл шешімді тұрақты корпоративтік табыс пен қолайлы фискалдық саясатқа сүйеніп қабылдаған.
Société Générale 2025 жылдың соңына қарай көрсеткіш 6900 тармаққа жетеді деп болжайды. Тамыз басында банк индекс 7500 тармаққа жетсе, бұл дотком дәуірімен салыстыруға болатын көпіршік белгісі болатынын ескертті, деп жазады Business Insider.
BofA аналитиктері атап өткен нарықтың қызуы жайлы алаңдаушылықты «Баффет индексі» де растап отыр. Ол АҚШ қор нарығының жалпы капитализациясы мен елдің ЖІӨ арақатынасына негізделген, деп жазады The Motley Fool. Тарихи түрде бұл көрсеткіш 90–135% аралығында болған, ал қазір рекордтық 207%-ға жетіп, 2021 жылғы соңындағы (194%) максимумнан да асып түсті. Сол кезде нарықта қатты түзету болған еді. Дәстүрлі түрде 100%-дан жоғары мән артық бағаланғанды, ал 200% деңгейі нарық көлемі экономиканың екі есе мөлшеріне жеткенін білдіреді.
Осындай бағалаулар аясында Berkshire Hathaway инвестициялық компаниясы қатарынан 11-тоқсанда таза сатушы болып отыр. Ол Bank of America, Citigroup және Capital One секілді бірқатар банктердегі үлесін азайтуда. Дегенмен, Баффет нарықтан толық кетпей, жуырда Domino’s Pizza-ға $549 млн инвестиция салды. Оның пікірінше бұл бизнес тіпті құлдырау кезеңінде де тұрақты болып қала алады.








