БастыReview
Бөлісу

1000% өсім: сирек кездесетін жер металдары — жаңа мұнай

Мэтью  Глаас

Мэтью Глаас

Журналист
1000% өсім: сирек кездесетін жер металдары — жаңа мұнай

АҚШ президенті Дональд Трамп 30 қазанда Қытайдың сирек кездесетін жер металдарын экспорттауға қойған шектеулерін бір жылға алып тастауға келіскенін мәлімдеді. Вашингтон мен Пекин арасындағы сауда соғысы аясында сирек кездесетін металдарды өндіретін және өңдейтін кейбір компаниялардың акциялары жыл басынан бері 300–800% аралығында өсті. Бұл шиеленіс саланы АҚШ үшін стратегиялық басымдыққа айналдырды, ал жаңа жобалар саяси және қаржылық қолдау алып отыр. Бұдан қалай табыс табуға болады?

Қытайдың «базукасы» және Трамп стратегиясы

Дональд Трамп инаугурациядан кейін сирек кездесетін жер металдарын өндіру мен өңдеу тақырыбын АҚШ үшін стратегиялық деңгейге көтерді. 2025 жылдың мамырында Трамп Украинамен сирек кездесетін металдар кен орындарын бірлесіп игеру туралы келісімге қол қойды, сол уақытта Ресеймен соғысты тоқтату жөнінде келіссөздер жүргізіп жатты.

20 қазанда АҚШ Австралиямен сирек кездесетін жер металдарын өндіру, өңдеу және жеткізу жөніндегі құны $8,5 млрд келісімге қол қойды. «Шамамен бір жылдан кейін бізде соншалықты көп маңызды минералдар мен сирек элементтер болады, біз әлі не істерімізді білмей қаламыз», —

Дональд Трамп, АҚШ президенті.

Үш күн бұрын Қытайдың Сауда министрлігі сирек кездесетін жер металдарының экспортын одан әрі күрделендіретін жаңа бұйрық шығарды. Ережеге сәйкес, шетелдік компаниялар құрамында аз ғана мөлшерде сирек элемент бар өнімдерді экспорттау үшін ҚХР үкіметінен арнайы рұқсат алуы тиіс еді. Сонымен қатар, олар бұл шикізаттың нақты қолданылу мақсатын да көрсетуге міндеттелді.

Осыған жауап ретінде Трамп Қытай тауарларына қосымша 100% баж салығын енгізіп, бағдарламалық жасақтама экспортына бақылау орнататынын ескертті.

«Олар [Қытай] бүкіл еркін әлемнің жабдықтау тізбегіне және өнеркәсіптік базасына «базукасын» бағыттады, ал біз бұған жол бермейміз», —

Скотт Бессент, АҚШ қаржы министрі.

Қытай қалай монополистке айналды

Сирек кездесетін жер элементтері — бұл 17 химиялық элементтен тұратын топ, оған 15 лантанид, сондай-ақ скандий мен иттрий кіреді. Олар материалдардың қасиеттерін өзгерту немесе әртүрлі процестерді катализдеу үшін қолданылады.

Сондықтан бұл элементтер электромобильдерге арналған магнитоэлектрлік қозғалтқыштар мен басқару жүйелерінде, сондай-ақ әскери технологиялар мен қару-жарақ жүйелерінде кеңінен пайдаланылады.

Оларды өндіру — күрделі және экологиялық тұрғыдан зиянды процесс: кен ұнтақталып, флотация немесе химиялық шаймалау әдістерімен өңделеді, содан кейін бөлу және тазалау кезеңдері жүреді. Бұл ретте улы қалдықтар мен радиоактивті шаң көптеп бөлінеді, ал сулар ластанады.

Қытай сирек кездесетін жер металдарын игеруді 1970–1980 жылдардың тоғысында, Ішкі Моңғолия аймағында жеңіл сирек элементтердің ірі қорлары табылғаннан кейін бастады. Ел ғылыми-зерттеу орталықтарын ашып, компанияларға салықтық жеңілдіктер берді. Арзан жұмыс күші мен батыс елдеріндегі экологиялық талаптардың болмауы Қытайға өндірісті жылдам кеңейтуге мүмкіндік берді.

Нәтижесінде қытайлық арзан өнімдер әлемдік нарықты жаулап алды. Қазір Қытай сирек кездесетін металдардың 90% өңдеуін және 70% өндіруін бақылап отыр.

Сауда соғысының салдары

АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысының ушығуы сирек кездесетін метал өндіретін және өңдейтін компаниялардың акцияларының күрт өсуіне себеп болды. Бұл өсім, ең алдымен, америкалық, канадалық және австралиялық өндірушілердің акцияларында байқалды, өйткені Қытайдың материктік нарығы қарапайым инвесторлар үшін жабық.

Мысалы, Солтүстік Американың ірі өндірушілерінің бірі MP Materials акциялары жыл басынан бері 312% өсті. Канадалық шағын компания Ucore Rare Metals — 1000%-дан астам. Австралиялық Arafura Rare Earths (Nolans кен орнын игеріп жатыр) — 133%, ал ірі австралиялық Lynas Rare Earths және Iluka Resources акциялары тиісінше 130% және 31,68% қымбаттады.

Назар аударарлық үш акция

— MP Materials — АҚШ-тағы ең ірі сирек жер материалдарын өндіруші, нарықтық құны $11,4 млрд. Компания Калифорниядағы әйгілі Mountain Pass кен орнын басқарады және кеннен дайын өнімге дейінгі толық цикл құруда. Бұл АҚШ-тың Қытайдан тәуелсіз болу стратегиясының өзегі саналады. 2025 жылы компания мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында ірі келісімшарт пен инвестиция алып, Пентагонның негізгі серіктесіне айналды. 12 аналитиктің 8-і акцияны сатып алуға, 4-і ұстауға кеңес береді. Орташа мақсатты баға — $80,7 (қазіргі бағадан +25%).

— Lynas Rare Earths — Қытайдан тыс сирек жер металдарының ең ірі өндірушісі, Австралия қор биржасында тіркелген. Нарықтық капитализациясы $14,89 млрд. Компания неодим мен празеодим өндірісін кеңейтіп, оларды электрқозғалтқыштарда, жел энергетикасында және әскери техникада қолданады. Lynas өндіріс және жеткізу тізбегін жетілдіріп жатыр. Компания магнит бағаларының ауытқуына тәуелді, бірақ Қытайдан тыс орналасуы оған бәсекелік артықшылық береді. 16 талдаушының 8-і ұстауға, 4-і сатып алуға кеңес береді. Орташа мақсатты баға — $15,1, ағымдағысы — $10,3, әлеуетті өсім — 50%.

— Iluka Resources — дәстүрлі түрде алтын, титан диоксиді мен циркон өндіретін австралиялық компания. Соңғы жылдары бизнесінің бір бөлігін сирек жер металдарына бағыттап, ел ішінде өңдеу зауыттарын салуды жоспарлап отыр. Капитализациясы — $2,86 млрд. Мемлекеттік қолдауға ие, бұл оның өтпелі кезеңдегі тәуекелдерін азайтады. 11 талдаушының 6-ы ұстауға, 4-і сатып алуға кеңес береді. Қазіргі баға $4,4, мақсатты — $7,2, өсім әлеуеті — 64%.

Абайлап инвестиция құяйтындарға арналған үш қор

Сирек жер металдарын өндіретін компаниялардың акцияларына жанама түрде инвестициялаудың тағы бір жолы — ETF (биржалық қорлар).

— VanEck Rare Earth and Strategic Metals ETF — активтері $1,3 млрд, MVIS Global Rare Earth/Strategic Metals Index индексін қайталайды. Оның құрамында жоғарыда аталған үш компания және басқа да акциялар, соның ішінде Шанхай биржасында саудаланатын қытайлықтар бар. Негізгі талап — табыстың кемінде 50%-ы сирек металдарды өндіру мен өңдеуден түсуі тиіс. Жыл басынан бері индекс 67% өсті. Басқару ақысы — 0,59%.

— Sprott Critical Materials ETF — басқарудағы активтері $160 млн. Ол жаңа технологиялар үшін маңызды материалдарды өндіретін компанияларға қолжетімділік береді. Индексі — Nasdaq Sprott Critical Materials, құрамында 86 компания бар, олардың көбі осы мақалада аталған. Басқару ақысы — 0,65%, сатып алу мен сату үшін 1,41% комиссия. Жыл басынан бері өсім — 66%.

— Global X Disruptive Materials ETF — активтері $10 млн болатын шағын америкалық қор. Ол Solactive Disruptive Materials индексін қайталайды. Индекске сирек жер металдарын, мысты, никельді, марганецті, палладийді, платинаны, графен мен графитті, сондай-ақ көміртекті талшықты өндіретін және өңдейтін компаниялар кіреді. Құрамының 33%-ын қытай компаниялары құрайды, соның ішінде China Northern Rare Earth High-Tech Company бар. Басқару ақысы — 0,59%, жыл басынан бері табыстылығы — 72,9%.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары