$14 млрд тарту мен бақталастар одағы: ЖИ саласы жазды қандай жаңалықпен бастады?

Жасанды интеллект индустриясы 2025 жылды $500 млрд-тық бұрын-соңды болмаған Stargate мегажобасының жариялануымен бастады, ал артынша Қытайдың DeepSeek атты ЖИ-моделінің шығуымен, америкалық баламаларынан кем түспейтін әрі әлдеқайда арзан бұл өнімнің әсерінен нарықтар $1 трлн-ға құлдырады. Біз технологиялық революцияны — интернеттің пайда болуымен салыстыруға болатын құбылысты тікелей бақылап отырған бақытты кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Тіпті танымал технология сарапшысы және инвестор Мэри Микердің ЖИ-ге арналған есебінде «бұрын-соңды болмаған» сөзі 64 рет аталуын да кездейсоқ деп айту қиын (мен өткен аптада ол туралы жазғанда осыны әзілдеген едім). Ал енді, жыл осылай әсерлі басталғанымен, жартысы да өтпей жатып, жасанды интеллект нарығы бір сәтке де тынышталмай, үнемі өзгерістерге толы күйінде қалуда. TechCrunch жазғандай, бұл оқиғалар инвесторлар мен сарапшыларды таңғалдыруда.
«Ойламаған жерден»
10 маусым күні Reuters агенттігі күтпеген жаңалық таратты — онда GPT деп аталатын танымал жасанды интеллектті жасаған OpenAI компаниясы өз моделдерін оқыту үшін Google-дың Google Cloud бұлтты қызметін пайдалануға келіскені хабарланды.
Scotiabank сарапшылары бұл жағдайды «Ойламаған жерден» оқиға деп бағалады, деп жазады Reuters. Келісім Google үшін бұлтты есептеу нарығындағы маңызды жеңіс болып саналады. Бірақ сонымен бірге, бұл Google өзінің басты қарсыласы — жасанды интеллект саласындағы бәсекелесі OpenAI-ға есептеу қуатын беретінін білдіреді.
Бірақ бұл ең үлкен қатер емес — жасанды интеллект Google-дың жылына $175 млрд табыс әкелетін, жарнамалық сілтемелерге негізделген интернеттегі іздеу жүйесіндегі монополиясына да қатер төндіруі мүмкін.
Өткен айда Apple компаниясының сервистер жөніндегі вице-президенті Эдди Кью алғаш рет 22 жыл ішінде Safari браузеріндегі Google арқылы жасалатын іздеу сұраныстарының азайғанын айтып, үлкен дау тудырды. Ол мұны пайдаланушылардың ақпаратты іздеуде жасанды интеллектке көбірек жүгінуімен байланыстырды — ЖИ сұрақтың мәнін түсініп, бірден нақты жауап береді, ал Google көбіне жарнамаға толы сілтемелер тізбегін ұсынады. Сарапшылардың айтуынша, бұл тренд Google-дың АҚШ-тағы іздеу жарнамасы нарығындағы үлесін он жыл ішінде алғаш рет 50%-дан төмендетуі мүмкін. Бұған қоса, жас ұрпақ «гуглдау» сөзін интернеттен ақпарат іздеудің баламасы ретінде қолдануды доғара бастады — бұл мәдени санада терең өзгерістер жүріп жатқанын көрсетеді.
«Бұл келісім екі компанияның арасындағы елеулі бәсекелестікке қарамастан, есептеу қуатына деген орасан сұранысты қанағаттандыру үшін бірлесіп әрекет етуге дайын екенін көрсетеді», — деп келтіреді Reuters Scotiabank сарапшыларының сөзін.
Бірақ бұл жерде тағы бір маңызды жайт бар — Google-пен жасалған келісім ашығын айтқанда, Microsoft-тың бетіне түкіргенмен тең деуге болады. Себебі Microsoft 2019 жылы OpenAI компаниясына $1 млрд инвестиция салған болатын. Ол кезде бұл компанияны да, оның бас директоры Сэм Альтманды да тек саланың мамандары ғана білетін.
2023 жылы OpenAI ішінде корпоративтік төңкеріс жасамақ болған сәтсіз әрекет кезінде Альтманды қызметінен кетіруге тырысты. Сол кезде Microsoft бас директоры Сатья Наделла оны қолдап, егер ол жұмыстан кетсе, оны жаңа ЖИ-зертханасына жетекші етіп жұмысқа қабылдайтынын мәлімдеді. Сол сәтте OpenAI-дың 700-ге жуық қызметкері Альтманды қолдап, Microsoft-қа бірге кететінін айтты. Алайда «көтеріліс» сәтсіз аяқталып, Сэм Альтман OpenAI басшысы қызметінде қалды.
Бұдан бөлек, Microsoft пен Google бірнеше бағытта қызу бәсекелесіп келеді — интернеттегі іздеу жүйесінен бастап, OpenAI лицензиясына негізделген ЖИ құралдарын енгізуге және бұлтты сервистер нарығына дейін. Бұл соңғы сегментте Amazon мен Microsoft басымдыққа ие, ал Google Cloud артта келе жатыр. Оның үстіне, былтыр Microsoft-тың бас заң кеңесшісі Рима Элайли Google-ды бұл нарықта әділетсіз тәсілдерді қолданды деп айыптаған болатын. Дегенмен OpenAI мен Google арасындағы жаңа альянс, көріп отырғанымыздай, жай ғана бизнес — жеке ештеңе жоқ секілді. Reuters мәліметінше, әзірге Microsoft, OpenAI және Google бұл келісімге қатысты ешқандай пікір білдірген жоқ.
Кеше ғана «Арам жылан» болғандар бүгін одақтас
Енді драмадан шығып, жағымды қайта қауышуға тоқталайық. Мамыр айының соңында ЖИ негізінде түрлі инновациялық қару түрлерін жасайтын Anduril компаниясы Meta-мен серіктестікке қол жеткізгенін хабарлады. Олар толықтырылған шындыққа негізделген жаңа жүйе құруды жоспарлап отыр. Бұл жүйені сарбаздар ұрыс кезінде әртүрлі тактикалық ақпаратты алу үшін қолдана алады — мысалы, көлік құралдарының орналасуы, дрондар, одақтастар мен қарсыластар туралы мәліметтер. Бұл интеграция жауынгерлердің ұрыс алаңындағы ақпаратты қабылдау, көру және өңдеу тәсілін өзгертеді, әрі оларды тактикалық шешім қабылдауда қолдайтын иммерсивті технологиялық шешімдермен қамтамасыз етеді, делінген Anduril мәлімдемесінде.
Жалпы, бұл альянс қисынды көрінеді: Anduril — қару-жарақ жүйелері мен әскери ЖИ саласына маманданған компания, ал Meta көп жылдан бері виртуалды шындық жасауға миллиардтаған доллар инвестиция салып, өзінің Llama атты ірі тілдік модельдер отбасын дамытып келеді.
Алайда бір мән-жайлар бар: Anduril компаниясының теңқұрушысы Палмер Лаки 2014 жылы өзінің VR-стартапы Oculus-ті Facebook компаниясына (қазіргі Meta) $2 млрд-қа сатып, сол жерде жұмысқа орналасқан. Алайда 2017 жылы оны компания Дональд Трампты алғашқы президенттік науқанында қолдағаны үшін жұмыстан шығарып жіберді. Тіпті Лаки тікелей Трампты емес, желіде оған бағытталған мемдерді таратқан бастамашыл топты ғана қолдаған болатын.
Палмер Лаки биыл ақпандағы блогында сол оқиғаны «Кремний аңғарынан арам жыландардың кесірінен қуылу» деп сипаттаған еді.
Алайда ол Кремний аңғарына Anduril компаниясының теңқұрушысы ретінде қайта оралып, енді Meta бас директоры Марк Цукербергпен бірге бір-біріне мақтау жаудырып жатыр.
«Anduril-пен әріптестігіміздің арқасында бұл технологияларды өз елінде де, шетелде де біздің мүдделерімізді қорғайтын америкалық сарбаздарға жеткізе алатынымызға мақтанамыз», — деп келтіреді Цукербергтің сөзін Anduril-дің ресми сайты.
«Meta-мен қайта жұмыс істеуге қуаныштымын, — дейді оған жауап ретінде Палмер Лаки. — Менің басты мақсатым — сарбаздарды техномагқа айналдыру. Ал біз Meta-мен бірлесіп жасап жатқан өнімдер дәл осыны жүзеге асырып жатыр».
29 мамыр күні Лаки X желісінде: «Ұрысты доғаратын кез келді», — деп жазып, Цукербергпен бірге түскен фотосын жариялады.
Айтпақшы, бұл кенеттен қайта жалғасқан «махаббаттың» себебі де түсінікті — бәске АҚШ армиясымен жасалатын $22 млрд-тық келісімшарт тігілген. Бұл келісімді Лаки Microsoft-тың қолынан тартып алған. Microsoft жобада қала береді, бірақ тек бұлтты есептеу қуатын жеткізуші ретінде ғана, деп жазады TechCrunch. Соғыс ресми түрде тоқтағанын білдіретіндей, Anduril тіпті бұрыннан қатып қалған Facebook-тағы парақшасын қайта жандандырған, деп мысқылдайды портал.
Патшаларша рекрутинг
Бірақ Марк Цукербергке қатысты жаңалықтар мұнымен шектелмейді. Лаки мен әскери қаржыландырудың көмегімен тұрақты шығынға ұшырап жатқан метавселені жандандыруға тырысумен қатар, ол Meta-ның ЖИ жарысынан қалып қоюына да шын мәнінде алаңдап отырған сыңайлы. Соңғы шыққан Llama модельдері нарықта аса жылы қабылданбады — қолданушылар да жоғары бағаламай, сарапшылар өнімділігін сынға алуда, деп жазады Bloomberg.
Агенттік деректеріне сәйкес, мамыр айының ортасына қарай чат-боттардан басқа сайттарға берілген сілтемелердің (рефералдардың) 80,6%-ы GPT-ке, 11,3%-ы Perplexity-ге, ал шамамен 5%-ы Microsoft-тың CoPilot жүйесіне тиесілі болған. Сәуірде ғана іске қосылған MetaAI чат-боты бұл статистикаға әлі кірмегенімен, қазірдің өзінде құпиялылық мәселелері бойынша сынға ұшырап жатыр.
Цукерберг бұл жағдайда «негізін қалаушы режиміне» өтіп, мәселені өз қолына алуға бел буды. Оның өршіл мақсаты — алғашқы болып AGI (адам деңгейіндегі жасанды интеллект) жасап шығару. Мұндай жүйе әртүрлі тапсырмаларды адамнан кем емес, тіпті одан да жақсы орындай алады деп күтілуде.
Осы мақсатта Цукерберг рекрутингке тікелей кіріскен: ол Тахо көлі мен Пало-Альтодағы үйлерінде ЖИ саласындағы үздік мамандармен — әлеуетті команда мүшелерімен бейресми кешкі астар өткізіп, оларды жобаға тартуға тырысуда, деп жазады Bloomberg. Ал Meta-ның жоғары басшылары үшін арнайы WhatsApp чат ашқан — «Рекрутингтік кеш» деп аталатын бұл топта күні-түні бойы жаңа жұмыс тобына әлеуетті кандидаттар талқыланады. Бұл топты іште «Суперинтеллект тобы» деп атап кеткен.
«Цукерберг жаңа командаға, соның ішінде ЖИ зерттеулерінің жаңа жетекшісін қоса алғанда, шамамен 50 адамды жұмысқа алуды көздеп отыр… Ол Менло-Парктегі штаб-пәтерде үстелдердің орнын ауыстырып, жаңа қызметкерлер өзіне жақын отыратындай етіп орналастырды», — деп жазады Bloomberg аты-жөнін атамауды қалаған дереккөздерге сілтеме жасап.
Кей деректерге қарағанда, жаңа суперинтеллектуал командаға басшылық етуі мүмкін негізгі үміткер — Scale AI стартапының теңқұрушысы Александр Ван. Бұл компания ЖИ-ды үйретуге қажетті деректерді өңдеумен айналысады. Ван өзі бұл қызметті былай сипаттаған: «Біз — алтын іздеген заманда күрек пен кетпен сататындармыз».
Meta-ның жаңа суперинтеллект командасына басшылық етуі мүмкін басты үміткер — жасанды интеллектке арналған деректерді белгілеп өңдеумен айналысатын Scale AI стартапының теңқұрушысы Александр Ван секілді. Бұл жұмыс — ірі тілдік модельдерді оқытудың негізгі бөлігі саналады. Ванның өзі мұны: «Біз — алтын қызған заманда күрек пен кетпен сататындармыз» деп бейнелеген.
Цукербергтің жаңа таланттарды тартуға қаншалықты ынталы екенін мына бір дерек дәлелдейді: Meta Scale AI компаниясының 49% үлесі үшін $14,3 млрд төлеуге келіскен. Бұл Цукерберг компаниясы тарихындағы ең ірі инвестициялардың бірі, тіпті ең ауқымдысы деуге болады. Салыстырсақ, Meta 2014 жылы Whatsapp мессенджерін толықтай сатып алу үшін $19 млрд төлеген.
«Бұл демалыста Meta-ның жаңа келісімін естіген талай инвестор мен негізін қалаушы аң-таң болды», — деп таңданысын білдірді TechCrunch 11 маусымдағы мақаласында.
Жұмбақтың жауабы, негізі, оңай секілді. Ван X желісінде жазғанындай, бұл келісімнің басты шарты — оның Meta-ға жұмысқа ауысуы болған. Ол Scale AI-де жұмыс істегеніне риза екенін айтып, енді өмірінде жаңа кезең басталғанын жеткізді — әдеттегідей қоштасу хаттарында жазылатын стандартты сөздер. Қарапайым тілмен айтқанда, Цукербер еш ойланбастан $14,3 млрд төлеумен осы жұлдыз жетекшіні өз командасына тартты. Мұны нағыз рекрутинг демей не дейміз! Бұл жай ғана «негізін қалаушы режимі» емес, шын мәнінде патшаларша тарту болды.








