2026 жылы нарыққа ЖИ мен мөлшерлеме қауіп төндіреді — Deutsche

Deutsche Bank-тің жыл сайынғы сауалнамасы инвесторлар 2026 жылға нақты тәуекелдер жиынтығымен кіретінін көрсетті. Біріншіден, ЖИ мен техкомпаниялар сегментінде «көпіршік» қалыптасуы мүмкін деген қауіп. Ал бұған дейін нарықты шайқалтқан сценарийлер бұл жолы инвесторларды айтарлықтай алаңдатпайды.
Басты тәуекел
Deutsche Bank-тің жыл сайынғы сауалнамасы инвесторлардың 2026 жылы нарықтар үшін ең ірі тәуекел ретінде ЖИ мен техкомпаниялар сегментінде «көпіршік» қалыптасу мүмкін екенін көрсетті, деп жазды MarketWatch. Бұл сценарийді 440 актив басқарушының 50%-дан астамы негізгі қауіп деп атаған — ол өзге тәуекелдердің бәрінен айқын басым түскен.
«ЖИ мен технологиялар саласындағы көпіршік қаупі басқа барлық алаңдаушылықтан жоғары тұр», — деді Deutsche Bank-тің жаһандық экономика және тақырыптық зерттеулер бөлімінің басшысы Джим Рейд. Оның айтуынша, «алдағы жылға арналған негізгі тәуекелдер рейтингінде мұндай айқын көшбасшы бұрын-соңды болмаған».
Сонымен қатар, Рейд атап өткендей, көпіршік қаупі жоғары бағаланғанымен, ол 2021 жылы, пандемиядан кейінгі өтімділіктің шамадан тыс кезеңінде байқалған нарықтың қатты қызып кету деңгейіне әлі жетпейді. Ол кезде активтердің бағасы дерлік барлық сегментте жаппай өскен еді.
Тағы қандай тәуекел бар?
Екінші орынға дауыс үлесі шамалас екі фактор шықты: жаңа ФРЖ төрағасы мөлшерлемені агрессивті түрде төмендетуі мүмкін деген қауіп және жеке капитал нарығында пісіп-жетіліп келе жатқан дағдарыс қаупі, деп жазды MarketWatch.
Одан кейін макроэкономикалық тәуекелдер тұр. Респонденттердің 21%-ы облигациялар кірістілігінің күткеннен де қатты өсуін негізгі қауіп деп атаған. Ал 15% қатысушы инфляцияның ұзақ уақыт жоғары деңгейде сақталуына байланысты орталық банктердің күтпеген мөлшерлеме көтеруінен қауіптенеді. Deutsche Bank бұл екі фактордың түптеп келгенде бір тәуекелді — ақша-несие саясатына қатысты белгісіздікті көрсететінін, сондықтан олардың жиынтық әсері нарық үшін одан да маңызды екенін атап өтті.
Сонымен бірге, инвесторлар соңғы жылдары жүзеге асып, нарықты қатты шайқаған кейбір сценарийлерді қазір елеулі қауіп ретінде қарастырмайды. Атап айтқанда, жаһандық пандемия (ешкім дауыс бермеген), Таяу Шығыстағы шиеленістің қауіпті ушығуы (1%), әлемдік сауда соғысы (3%), Тайваньның жаһандық шиеленіс ошағына айналуы (5%), сондай-ақ Франциядағы ауқымды саяси немесе қаржылық дағдарыс инвесторлар үшін басты тәуекелдер қатарына кірмейді, деп жазды MarketWatch.
Сауалнама нәтижелері қалай түсіндіріледі?
Техомпаниялардың бағасына сақтықпен қарау аясында сауалнамаға қатысқандардың 71%-ы зейнетақы портфелін қалыптастыруда АҚШ нарығындағы Magnificent Seven тобына кірмейтін акцияларды таңдаған, деп жазды MarketWatch. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың шілдесінен бері өзгермеген, дегенмен осы кезеңде Mag7 қағазы кең нарықтан шамамен 9 пайыздық тармаққа озып кеткен.
Сауалнаманың тағы бір назар аударарлық нәтижесі — ЖИ енгізілу қарқынының жеделдеуі. 2024 жылдың жазында респонденттердің тек шамамен жартысы ЖИ-ді жұмыс мақсатында қолданса, қазір бұл үлес 86%-ға дейін өскен. Ридтің айтуынша, Еуропада ЖИ-дің таралу қарқыны АҚШ-тан да жоғары.
Акция нарығына қатысты күтулерге келсек, инвесторлар S&P 500 индексі үшін 2026 жылға ұстамды болжам беріп отыр: орташа күтілетін кірістілік 6,9%, ал АҚШ-тың кең нарығы 2025 жылы шамамен 15% өсім көрсеткен. Соған қарамастан, бұл болжам аталған сауалнама аясында соңғы төрт жылдағы ең оптимистік көрсеткіш болып отыр, деп түйіндеді басылым.








