ЖИ-лихорадка vs дотком көпіршігі: WSJ 5 ұқсастық пен 2 айырмашылық тапты

Өткен аптада желілік жабдық өндіруші Cisco Systems акциясының 2000 жылғы наурыздағы баға деңгейіне қайта оралуы қазіргі жасанды интеллект төңірегіндегі бумды 1990-жылдардың соңындағы дотком көпіршігімен қайта салыстыруға түрткі болды, деп атап өтті WSJ.
Газет жазуынша, негізгі мультипликаторлардың бірқатары — болжамды P/E (акция бағасының бір акцияға шаққандағы пайдаға қатынасы) мен бағаның ақша ағынына қатынасы, сондай-ақ акциялар мен облигациялардың кірістілігін салыстыратын көрсеткіштер — АҚШ нарығының соңғы 25 жылдағы ең қымбат деңгейде тұрғанын көрсетеді. WSJ бағалауынша, мұндай жағдай дотком көпіршігі кезеңінде де байқалған: ол кезде де, қазіргідей, инвесторлар жаңа технология есебінен пайданың жедел өсетініне үміт артып, бұл күтуді котировкаға енгізген. Газет қазіргі нарық пен 1990-жылдардың соңын салыстыра отырып, бірқатар ұқсастық пен айырмашылықты атап өтеді.
Дотком дәуірімен қандай ұқсастықты көрсетеді?
— Өсімге деген үміт. дотком дәуіріндегідей, ол кезде компаниялар «интернет әлі дәлелденбеген бизнес-модельдер үшін жаңа пайда дәуірін ашады» деген үмітпен бағаланса, бүгінде нарық жасанды интеллектке қатысты дәл осындай үмітті котировкаларға енгізіп отыр, деп жазды WSJ. Генеративті ЖИ тұтынушыларға чат-боттар мен сурет жасау құралдарын пайдалануға мүмкіндік берді. Алайда, қазір мұндай өнімдер оларды әзірлеуге кететін шығындардан әлдеқайда төмен бағамен сатылып, ЖИ-бизнеске ірі залал әкеліп отыр, деп атап өтті басылым.
— Инвестициялар. 25 жыл бұрын интернет телекоммуникациялық компаниялар тартқан жаһандық талшықты-оптикалық желіге сүйеніп дамыды. Бұл қарыз есебінен қаржыландырылған ауқымды корпоративтік шығындарға әкелді. Ал бүгін жетілдірілген ЖИ-дың негізіндегі ірі тілдік модельдер алып дата-орталықтарда жасалып жатыр, бұл да елеулі корпоративтік инвестицияларды талап етеді. WSJ дерегінше, олар барған сайын қарыз тарту арқылы, сондай-ақ Big Tech-тің дәстүрлі бизнестерінен түсетін ақша ағындары есебінен қаржыландырылуда.
— Инвестиция ауқымы. 2000 жылы салымдардың көлемі орасан болды: 1990-жылдардың соңында жаңа телекоммуникациялық желілер салуға $100 млрд-тан астам қаржы құйылды. Талшықты-оптика соншалықты көп тартылды, оның елеулі бөлігі шамамен он жыл бойы пайдаланусыз тұрды — интернет-трафик оны ақтайтын деңгейге жеткенге дейін, деп еске салады WSJ.
— Дата-орталықтар жарысы. Қазіргі дата-орталықтар салу бәсекесі бұдан да шектен шыққандай көрінеді: жетекші ЖИ әзірлеушілер инвестиция көлемін триллион доллармен есептеп отыр.
— «Кирки мен күректерді» сататын компаниялар. Мұндай бумдар кезінде инфрақұрылым жеткізушілері ең жоғары нәтижелерді көрсетеді — бұл қазір де, 1990-жылдардың соңында да солай болды. 2000 жылы мұндай рөлді интернетке қосылу үшін қажет маршрутизаторлар өндірушісі Cisco және телекоммуникациялық компаниялар атқарды. Бүгінде бұл функцияны Nvidia және дата-орталықтарға есептеу қуатын жеткізетін басқа чип өндірушілер орындайды, олар айтарлықтай пайда тауып отыр.
— Нарықтағы теңгерімсіздік. 1999 жылы S&P 500 индексінде арзандаған акциялар саны өскендерден көп болды. Ол кезде интернет секторына жататын қағаздар қарқынды өссе, өзге компанияларға қызығушылық болмады. Басылым атап өткендей, қазір жасанды интеллект төңірегінде де ұқсас жағдай байқалады. Жыл басынан бері АҚШ-тың кең нарық индексіндегі 183 компания немесе 37% минусқа кеткен. ЖИ-ға қатыстының бәрі — чип өндірушілер, электр энергиясын жеткізушілер, дата-орталықтар салуға арналған жабдық жеткізушілер — өсіп жатыр, ал нарықтың қалған елеулі бөлігі төмендеуде.
— Бөлшек инвесторлар белсенділігі. Жеке инвесторлар нарықта қайтадан маңызды рөл атқарып, әлі де негізінен залалды шағын компаниялардың акцияларын белсенді сатып алуда. Мұндай жағдай 2000 жылғы дотком көпіршігі кезінде де, сондай-ақ 2021 жылы SPAC бумы аясында да байқалған. Соның салдарынан залалды шағын компаниялар динамикасы бойынша пайдалы, бірақ сапасы төмен қағаздарды басып озды, деп жазды WSJ.
Бұл үрдіс шағын компаниялар индекстерінің динамикасынан да көрініс табады. 2025 жылдың қазан айының ортасына дейінгі 12 айда қаржылық нәтижесіне қарамастан шағын компанияларды қамтитын Russell 2000 индексі, тек пайдалы компаниялар кіретін S&P 600-ден 10 пайыздық тармаққа озып кетті. Газет атап өткендей, мұндай айқын басымдық бұған дейін тек үш рет байқалған: 1999–2000 жылдары, 2020–2021 жылдары және 2002 жылы дотком көпіршігі жарылғаннан кейінгі қалпына келу кезеңінде.
— Көпіршік туралы әңгіме. «Кейбіреулер бәрі көпіршік туралы айтып жүрсе, демек ол шын мәнінде жоқ деп есептейді», — деп жазды WSJ. Алайда, 1999 жылы да көпіршік жайлы қызу пікірталастар жүріп жатқанымен, ол әрі қарай ұлғая берген. Басылымның пайымдауынша, қазір де дәл осындай жағдай қайталанып отыр.
Қандай айырмашылық бар?
— Табыс көрсеткіштері. 25 жыл бұрынғы көптеген «таза» дотком-компанияларда мүлде табыс болмаған, ал ЖИ-компаниялар кем дегенде сатылым жасап отыр.
— Акция құнының өсу ауқымы. Nvidia акциясы 2025 жылдың басынан қазан айындағы шегіне дейін 54%, кейінгі түзетуді есептегенде 30% өскенімен, бұл көрсеткіштер 1990-жылдардың соңындағы секірістермен салыстырғанда әлдеқайда қалыпты көрінеді, деп жазды WSJ. Мысалы, Cisco 1999 жылдың қазан айының ортасынан бастап бір айдың ішінде екі еседен астамға қымбаттаған. Apple сол жылы 150% қосса, Intel 2000 жылдың басында үш айға жетпей 75% өскен.
Түптеп келгенде, қазіргі жағдайдың нарықтық көпіршік екені-еместігі оның жарылу-жарылмауына байланысты, деп түйіндеді WSJ. Егер жасанды интеллект уәде етілген өнімділік өсімін де, оны жасаушылар үшін жоғары пайданы да қамтамасыз ете алмаса, бұл кезеңді ЖИ-бумымен емес, дотком көпіршігінің ауыр салдарымен салыстыратын болады, деп қорытындылады басылым.








