2026 жылы small-caps өсіміне әсер ететін бес драйвер

2025 жылдың соңына қарай АҚШ нарығында біртүрлі жағдай қалыптасты. Бір жағынан, АҚШ-тағы шағын капитализациялы компаниялардың Russell 2000 индексі төрт жылда алғаш рет тарихи ең жоғары деңгейін жаңартып, 2500 пункттен асты — бұл «үлкен ротация» болады деген үмітті қайта күшейтті. Яғни бағасы қатты өсіп кеткен техноалпауыттардан ақша арзан шағын компаниялардың акцияларына ауысады деген болжам бар.
Екінші жағынан, бұған қуануға әл ерте сияқты. 2025 жылы екі таңбалы өсім көрсеткенімен шағын компаниялар кең нарықтан тағы да қалып қойды. Дәл сол кезеңде S&P 500 шамамен 18% қосты. Small-caps-қа «қазір серпіліс болады» деп ақша салған инвесторлар кең нарыққа салғандармен салыстырғанда сегіз жыл қатарынан табыстан ұтылып келеді.
Екі онжылдыққа жуық уақытта Russell 2000 S&P 500-ден небәрі төрт-ақ рет озып шықты, қанша талпыныс болса да. Осындай жалған бастамалар «жаңа камбэк» туралы әңгімеге күмәнмен қарауға үйретті. Қазіргі жағдайда бұл жаппай ротациядан гөрі, сапалы small-caps-тың «жабық кешіне» көбірек ұқсайды.
Бұл кешке қалай «шақырту» алып, қолда улы активтермен қалып қоймауға болады? Біз 2026 жылы small-caps динамикасына әсер ететін және көшбасшыларды артта қалатындардан ажыратуға көмектесетін бес негізгі факторды бөліп көрсеттік.
Ставкалар және қарыздың құны
Small-caps болашағын талқылағанда пайыздық мөлшерлеме әдетте бірінші айтылады, әрі көбіне жеңіл логикамен: «ставка төмендесе — small-caps өседі». Іс жүзінде байланыс бұлай түзу сызық емес. 2026 жылы ең маңыздысы ФРЖ-ның ставканы төмендетуі ғана емес, жалпы қаржылық жағдай қандай болатыны. Атап айтқанда, кірістілік қисығының формасы, қарыз міндеттемелерінің құрылымы және несие тәуекелінің бағасы.
Бірінші нәрсе — қарыз құрылымы. Шағын капитализациялы компанияларда қарыз көбіне қысқа мерзімді және жиі өзгермелі мөлшерлемемен болады. Goldman Sachs бағалауынша, Russell 2000 қарызының шамамен үштен бірі қысқа мерзімді ставкаларға байланған, ал S&P 500 компанияларында 10%-дан да аз. Сондықтан ставка төмендесе, пайыздық шығын мен еркін ақша ағынына әсері small-caps-та тезірек байқалады.
Екінші нәрсе — макроэкономикаға сезімталдық. Шағын компаниялардың бизнесі көбіне ішкі сұранысқа және жергілікті инвестиция цикліне көбірек тәуелді. Brown Advisory бағалауынша, Russell 2000 түсімінің шамамен 80%-ы АҚШ ішінде қалыптасады, ал ірі капитализациялы компанияларда бұл көрсеткіш шамамен 60% шамасында.
Үшінші фактор — циклдік көрініс. Кірістілік қисығы қайта «қалыпты» түрге келгенде, бұл әдетте рецессия қаупі азайып, экономиканың қалпына келудің ерте кезеңіне өтетінін білдіреді. Дәл осындай уақытта small-caps көбіне алда жүреді, өйткені операциялық иінтірегі жоғары. Small-caps индексінде циклдік салалардың үлесі көбірек: ЖІӨ өсімі жылдамдаса, ол тікелей түсім мен пайдаға өтеді. Биыл Russell 2000 динамикасына қарасақ, нарық бұл әсерді қазірдің өзінде ескере бастаған сияқты.
Тағы бір маңызды айнымалы — кредиттік спредтер: олар тарихи минимумдарға жақын деңгейде тұр. Жақсы жаңалық та жоқт емес. Несие тәуекелі бұрынғыдан да арзан бағаланып отыр, бұл small-caps үшін алдағы қайта қаржыландыру толқыны қарсаңында өте маңызды. Нарық сарапшыларының бағалауынша және Bloomberg деректеріне сүйенсек, Russell 2000 индексіндегі компаниялардың жиынтық қарыз жүктемесі шамамен $800 млрд – $1 трлн, оның едәуір бөлігі алдағы жылдары қайта қаржыландыруды талап етеді.
Бірақ жаман жаңалық та бар: бәрібір бұл компанияларға қымбатқа түседі. Қарыздың едәуір бөлігі өте төмен ставка кезеңінде 3–4% мөлшерлемемен алынған, енді оны шамамен екі есе жоғары ставкалармен қайта қаржыландыруға тура келеді. Мұндай жағдайда сегмент екіге бөлінуі сөзсіз: балансы мықты, қымбат қарыз кезеңінен өте алатын компаниялар және әлсіздеу эмитенттер — олар үшін алдағы «қарыз қабырғасы» өте ауыр кедергі болуы мүмкін.
Фискалды ынталандыру
Фискалдық саясат small-caps үшін тосын, бірақ күшті қолдау бере алады. Ол капитал нарығы арқылы емес, тікелей нақты экономика арқылы келеді. Негізінен АҚШ-тың ішкі нарығында жұмыс істейтін шағын компаниялар бұл импульстің табиғи пайдасын көретін топқа жатады.
Қолдау шаралары аясында келесі жылы үй шаруашылықтары $150 млрд-қа дейін салық қайтарымын алуы мүмкін. Бұл тұтынушылық сұраныс үшін жақсы белгі. Қосымша қолдауды пайыздық шығынды EBITDA деңгейінде (EBIT емес) шегерімді қайта енгізу береді. Бұл компанияларға пайыздың көбірек бөлігін шегеріп тастауға, тиімді салық мөлшерлемесін төмендетуге және таза пайданы арттыруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, негізгі капиталға салынған шығындарды (capex) және R&D шығындарын жедел есептен шығару инвестицияның тиімділігін жақсартады.
Бағалаудағы тарихи алшақтық
Small-caps бағалауы ірі компаниялармен салыстырғанда өте төмен деңгейде қалып отыр. Bank of America дерегінше, EV/Sales бойынша Russell 2000-нің S&P 500-ге қатысты дисконты 40%-дан асады — бұл 1990-жылдардың соңынан бергі ең төмен деңгей. Ал S&P 600 үшін форвард P/E (капитализацияның осы жылы күтілетін жиынтық пайдаға қатынасы) шамамен 16,5, ал S&P 500-де — 23.
Бұл алшақтық негіздердің нашарлауынан емес: керісінше, консенсус 2026–2027 жылдары small-caps пайда өсімі жылдамдайды деп күтеді. Қазір small-caps-тың форвард P/E көрсеткіші large-caps-пен салыстырғанда шамамен 0,72. Бұл 2008 жылдан бергі ең төмен деңгей, әрі пайда өзгермей тұрса да 0,85-ке дейін ішінара қалпына келудің өзі екі таңбалы өсім мүмкіндігін береді. Негізінде, қазіргі бағалау жай ғана «арзандық» емес, белгілі бір «қауіпсіздік жастығы» сияқты: жағымсыз сценарий бағаларға алдын ала кіріп қойған, ал жағдай жақсарса, мультипликаторлар қалыпқа келуі мүмкін.
M&A және жеке капиталдың өтімділігі
Bain & Co дерегінше, private equity нарығы 2026 жылды орналастырылмаған капиталдың рекордтық көлемімен бастап отыр, ол $1 трлн-нан асады. Бұл құн өсімін беретін екі негізгі арнаны ашады: біріншісі — тікелей M&A мәмілелері, мұнда табысты small-caps жұтылып кетуге тартымды нысанаға айналады, ал инвесторлар жиі 20–40% деңгейінде үстеме баға төлеуге дайын. Екіншісі — IPO нарығының жандануы: алдымен сапасы жоғары компаниялар шығып, small-caps-тың ашық нарықтағы ауқымын кеңейтеді және институционал инвесторларды тартады.
Өндірісті қайтару және жергілікті ету
Решоринг — өндірісті өз еліне қайтару тренді. Бұл шағын капитализациялы компаниялар үшін ұзақ мерзімді негізгі қозғаушы күштердің бірі болып қала береді. Reshoring Initiative дерегінше, 2020 жылдан бері АҚШ-та өңдеу өнеркәсібінде 1 млн-нан астам жұмыс орны қайтарылатыны немесе жаңадан ашылатыны жарияланған, бұл алдыңғы онжылдықтағы қарқыннан шамамен екі есе жоғары.
Small-caps бұл процестен өзгелерге қарағанда көбірек пайда көреді, өйткені жергілікті өндірістік және сервистік тізбектердің негізін құрайды: жабдық пен инжинирингтен бастап логистикаға және өңірлік қаржы қызметтеріне дейін. «Көбейту әсері» АҚШ экономикасының ішінде іске асып, шағын компаниялардың тауары мен қызметіне сұранысты күшейтеді.
Қосымша артықшылық — ішкі түсім үлесінің жоғары болуы, бұл сауда және геосаяси тәуекелдерге тәуелділікті азайтады.








