Апта жаңалықтары: алтын техноалыптарды ығыстырды, еуро — қорған, люкс қысым көруде

Уолл-стритте алтын ең танымал активке айналды. Еуро — инвесторлар үшін «қорғаныш айлағына» айналуда. Ал АҚШ-тағы сауда соғысы 2025 жылы люкс нарығының қалпына келу үмітін жоққа шығарды. Осы және басқа да маңызды оқиғалар туралы апта қорытындысынан оқыңыз.
Алтын «Керемет жетілікті» ығыстырды
Yahoo Finance Bank of America зерттеуіне сүйене отырып хабарлағандай, алтын Уолл-стриттегі ең танымал активке айналды. Портфель басқарушылар арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде 49% респондент алтын өседі деп ставка жасау ең танымал мәмілеге айналған.
Соңғы екі жылда алғаш рет технологиялық алпауыттардың акциялары инвесторлардың басым таңдауынан айырылды. Жыл басынан бері алтын бағасы 27%-дан астамға өсті, ал техногиганттардың акциялары керісінше құнсызданды.
Ең көп жоғалтқан — Tesla: Илона Маск компаниясының нарықтық құны 40%-ға азайды. Apple акциялары 20%-дан астамға, Nvidia — 24%-ға, Alphabet — 19%-ға, Microsoft — 13%-ға жуық, Meta — 14%-дан астам, Amazon — 20%-дан артық төмендеді.
Бұл динамика АҚШ активтерінен капиталдың кетуімен және АҚШ нарығының «ерекшелігіне» деген сенімнің әлсіреуімен байланысты. Алтын бағасы қазірдің өзінде тарихи максимумда тұрғанына қарамастан, оған деген қызығушылық жоғары: 2025 жылы алтын ең табысты актив болады деп күткен басқарушылар үлесі наурызда 23% болса, сәуірде 42%-ға дейін өсті.
«Алтын долларға қысымның, баж салығындағы тұрақсыздықтың және рецессия қаупінің аясында ұтады», — деді FXTM сарапшысы Лукман Отунуга Reuters-ке.
«АҚШ активтеріне деген сенім әлсіреді, ал инвесторлар енді әртараптандыру жолдарын іздей бастады», — деп түсіндірді Sprott инвестициялық компаниясының басқарушы серіктесі Райан Макинтайр.
Еуро – жаңа «қауіпсіз айлақ»
Инвесторлар еуроны жаңа «қорғаныс активі» ретінде қабылдай бастады. Бұрын ол тәуекелді инвестиция саналып келсе, қазір сенімді валюта ретінде көрініп отыр, деп жазады Bloomberg.
Жұма күні еуро бағамы $1,14 болды. Қазір кейбір хедж-қорлар алдағы 3–6 айда курс $1,20-ға жетуі мүмкін деп болжауда. Mizuho International компаниясының EMEA аймағы бойынша макростратегия басшысы Джордан Рочестер Bloomberg-ке берген пікірінде еуроның $1,15–$1,20 деңгейіне көтерілуі оның негізгі сценарийіне айналып бара жатқанын айтты.
Алайда барлық трейдерлер бұл ралли жалғасады деп сенбейді. Credit Agricole сарапшысы Валентин Маринов еуро-доллар валюта жұбын «шамадан тыс қымбат» деп атады.
Еуроның нығаюына құрылымдық факторлар да әсер етуде
Германия бюджеттік саясатын жұмсартып, мемлекеттік шығындарды арттырды. Бұл еуроаймақтың экономикалық тұрақтылығын күшейтеді. АҚШ-тың баж салығы еуроаймақтың сауда профицитін азайтып жатыр, сондықтан инвесторлар долларға салынатын қаражатты қысқартып, еуроға көшуде.
Дегенмен сарапшылар: еуро бағамының көтерілуі Еуропа үшін қаншалықты тиімді? — деген сұрақ қойып отыр. Өйткені бұл экономиканы қалпына келтіруді қиындатуы мүмкін.
Bloomberg сарапшысы Вена Рамның пікірінше еуропалық реттеушілер ақша-кредит саясатын қатаңдатуға мүдделі емес, себебі экономикалық өсім баяулауынан қауіптеніп отыр.
Goldman Sachs мұнай бағасы бойынша болжамын күрт төмендетті
Goldman Sachs банкі 2025 және 2026 жылдарға арналған Brent және WTI мұнай бағаларына қатысты болжамын айтарлықтай төмендетті.
Жаңа болжамға сәйкес: 2025 жылдың қалған бөлігі үшін Brent орташа бағасы — $63, WTI — $59. Ал 2026 жылы сәйкесінше $58 және $55 болады деп күтілуде. Наурыздағы алдыңғы болжам Brent үшін $78, WTI үшін $74 болған. 2026 жылғы бұрынғы болжам — Brent: $73, WTI: $68. Апта соңында Brent-тің маусымдық фьючерсі $67,96, ал WTI-дің мамырлық фьючерсі $64,68 болды.
Мұнай нарығына қысым көрсетіп отырған негізгі факторлар: АҚШ-та рецессия қаупі (банк сарапшылары оны 45% деп бағалап отыр); ОПЕК+ елдерінің өндірісті арттыру тәуекелі.
Негізгі сценарийге сәйкес, Goldman Sachs рецессия болмайды, әлемдік ЖІӨ 1,5%-ға өседі, және ОПЕК+ мұнай өндірісін едәуір арттырмайды деп күтеді. Алайда теріс сценарий орын алса — яғни әлемдік экономика құлдырап, ОПЕК+ шектеулерден толық бас тартса, онда Brent бағасы $40 немесе одан да төмен болуы мүмкін.
Керісінше, егер әлемдік сауда жанданып, баж салығы жойылса, 2026 жылы Brent бағасы $64-қа дейін қайта көтерілуі ықтимал.
Люкс нарығы қысымда
АҚШ әкімшілігі бастаған сауда соғысы 2025 жылы АҚШ-та люкс тауарлары нарығы қалпына келеді деген үмітті жоққа шығарды, деп хабарлайды Financial Times. АҚШ пен Қытай арасындағы сауда шиеленісінің ушығуы, яғни әлемдік люкс тұтыну нарығының екі ірі драйвері арасындағы қақтығыс, осы елдердегі тұтынушылар сенімінің әлсіреуіне қатысты қауіптерді күшейтуде.
Bernstein компаниясы бұған дейін люкс сегментінің 2025 жылы 5%-ға өседі деп болжаған болса, енді 2%-ға қысқарады деп күтеді. Бір инвестициялық банкирдің айтуынша, саланың нақты қалпына келуі тек 2026 жылдан ерте болмайды.
Bernstein сарапшысы Лука Солка: «90 күндік кідіріс айна баждары бойынша жағдайды құтқармайды. Бұрынғы көрсеткіштерге жай ғана орала салуға болмайды – ретсіз сауда шешімдерінің салдары нарықтар мен экономикаға әсер етіп үлгерді», — дейді.
HSBC сарапшысы Эрван Рамбур биыл “шампан ашылатын бөтелкелер саны бұрынғыдан әлдеқайда аз болады” деп ескертеді.
Moody’s: Сауда соғысы компаниялар дефолтына алып келуі мүмкін
Moody’s Ratings агенттігі төмен несие рейтингі бар компаниялар арасындағы дефолттар болжамын арттырды, деп хабарлайды Bloomberg. Себеп — сауда соғысының күшеюі мен қаржыландыру шарттарының нашарлауы, бұл өз кезегінде әлемдік экономиканың баяулауына әкелуі мүмкін.
Жаңартылған болжамға сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін спекулятивті эмитенттер арасында дефолт деңгейі 3,1%-ға жетуі мүмкін (бұрынғы болжам — 2,5%). Агенттік сарапшылары тіпті аздаған күйзелістің өзі дефолт деңгейін 6%-ға дейін арттыруы мүмкін екенін ескертеді.
Moody’s талдауында: жаңа ба салықтары АҚШ экономикасының өсімін кем дегенде 1 пайыздық пунктке баяулатуы мүмкін; бұл басқа елдердің экономикасына да кері әсер етіп, инвесторлар мен компаниялар үшін капитал тарту жағдайын қиындатады делінген.
2025 жылдың алғашқы тоқсанында 27 корпоративтік дефолт тіркелген (өткен жылы бұл көрсеткіш 38 болған). Ең көп банкроттық денсаулық сақтау, бизнес қызметтері, телеком, бөлшек сауда және қонақүй секторы бойынша орын алған.
Жапония нарығы үшін ең табысты апта
18 сәуір, жұма күні Жапонияның Nikkei 225 қор индексі сауда сессиясын 1,03% өсіммен аяқтады. Сауда көлемі Пасха мерекесіне байланысты төмен болғанына қарамастан, индекс өсті. Сонымен қатар кең нарық индексі Topix — 1,14%-ға көтерілді.
Апта қорытындысы бойынша Nikkei 225 — 3,41%-ға өсті, бұл 20 қаңтардан бергі ең күшті апталық өсім болды. Осылайша индекс үш апта қатарынан төмендеуді тоқтатты, деп жазады Reuters.
Инвесторлардың оптимизміне себеп — Жапония мен АҚШ арасындағы сауда келіссөздері. Трейдерлер баж салығына қатысты болашақ шешімдердің белгілерін іздеуде, деп хабарлайды Bloomberg.
16 сәуірде Вашингтонда басталған келіссөздерден кейін, Жапонияның экономика министрі Ресей Аказава АҚШ президенті Дональд Трамп Жапониямен келісімді “ең жоғары басымдық” деп атағанын айтты.
Трамп Truth Social желісінде бұл келіссөздерді “үлкен ілгерілеу” деп сипаттады.








