Сауда соғысына байланысты Марк Мобиус қор қаржысының 95% қолма-қол ақшаға ауыстырды

Америкалық инвестор Марк Мобиус, дамушы елдерде отыз жыл жұмыс істеген қаржыгер қорларындағы активтердің басым бөлігін сатып, сауда соғысы аяқталғанша аұшаны қолында ұстап күтіп отыруды жөн көрді. Уолл-стриттің 88 жасар көнекөз қаржыгерінің бағалауынша бұл белгісіздік алты айға дейін созылуы мүмкін.
Толығырақ
Отыз жыл дамушы нарықта еңбек еткен Мобиус сауда қақтығыстары мен тұрақсыздықтан қауіптеніп, қорларындағы активтердің 95%-ын қолма-қол ақшаға ауыстырған. Bloomberg-ке берген сұхбатында ол: «Сауда шиеленісі кезінде кэш — патша», — деді.
Уолл-стриттегі көптеген активтерді басқарушылар портфельдеріндегі акциялар үлесін азайтқанына қарамастан, агенттіктің пікірінше, Мобиустың қолма-қол қаражат үлесі тым жоғары көрінеді. Дегенмен, инвестор мұндай жоғары үлесті «үш-төрт айдан артық» ұстамайтынын айтып, тиімді кіріс нүктелері пайда бола бастаған сәтте нарыққа қайта оралатынын мәлімдеді. Оның пікірінше сауда тарифтері жөніндегі келіссөздер бір жүйеге келгеннен кейін, яғни 4–6 айдан соң, инвесторлар нақты бағалай алатын жағдай қалыптасады.
Мобиустың назары қайда бағытталған?
Бірінші кезекте — Үндістан. Мобиустың айтуынша Құрама Штаттардың жеткізу тізбектерін Қытайдан тыс елдерге көшіру әрекеттерінен Үндістан ұтады. 88 жастағы инвестор үнділік бағдарламалық қамтамасыз ету мен электроника салаларындағы акцияларға қызығушылық танытып отыр. Сонымен қатар, егер Қытай ішкі тұтыну мен сыртқы саудаға қатысты риторикасын өзгертсе, «Қытай бойынша оптимист боламын», — деді ол.
Сақтыққа қарамастан, Мобиус S&P 500 индексіне байланған ETF-тердегі «шағын үлесті» сақтап отыр — бұл оған нарықтағы жағдайды бақылауға мүмкіндік береді. Оның болжамынша, 2025 жылдың соңына қарай инвесторлар АҚШ активтеріне деген сенімді қайта қалпына келтіре бастайды, ал индекс қазіргі деңгейден жоғарылайды. «Трамп құлдырауға жол бергісі келмейді, сондықтан ол нарық қатысушыларына сенімділік беру үшін түрлі мәлімдемелер жасап, шаралар қабылдайды», — деп қосты Мобиус.
Контекст
Bloomberg агенттігі хабарлағандай, долларлық қолма-қол ақшаға кеткен инвесторлар 2025 жылы жаһандық нарықтарда орын алған раллиді жіберіп алды: MSCI World ex-US индексі жыл басынан бері шамамен 10%-ға өсті — бұл 15 күнге созылған ерекше серпілістен кейінгі нәтиже.
2025 жылдың алғашқы 16 аптасында АҚШ-тың MSCI USA акциялар индексі 11%-ға құлдырады. Бұған Дональд Трамптың агрессивті сауда саясаты мен бейберекет шешімдері әсер етті. Ал АҚШ-тан тыс әлемдік нарықтар керісінше 4%-ға өсті. Бұл — 1993 жылдан бергі ең үлкен айырмашылық. Ол кезде де Уолл-стриттегі инвесторлар АҚШ-тағы экономикалық қиындықтар мен жаһандық сауда либерализациясының аясында шетелдік активтерге жаппай бет бұрған еді, деп жазады Financial Times.
FT мәліметінше табыстылықтағы бұл алшақтық — Трамптың тарифтік саясаты ең алдымен АҚШ экономикасына зиян тигізіп, өсімді баяулатып, инфляцияны үдетеді деген күтулерге байланысты. Ең үлкен айырмашылық Еуропамен салыстырғанда байқалады — себебі АҚШ-тың оқшауланушылығы Еуроодақ елдерінде мемлекеттік шығыстарды арттыруға түрткі болды.








