БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Сирек кездесетін ескерту: Seaport компаниясы Nvidia акцияларына жағымсыз баға берді

Владислав Осипов

Владислав Осипов

Oninvest тілшісі
Сирек кездесетін ескерту: Seaport компаниясы Nvidia акцияларына жағымсыз баға берді

АҚШ-тағы белгілі инвестициялық компаниялардың бірі — Seaport Global Securities жасанды интеллект саласындағы көшбасшы Nvidia компаниясының акцияларын сатуға кеңес берді. Бұл — Уолл-стриттегі талдаушылар арасында сирек кездесетін пікір. Сарапшылардың пікірінше, жасанды интеллектінен түсетін пайда бұған дейін-ақ акция бағасына толық есептеліп қойған. Ал Nvidia-ның ірі тұтынушылары өздерінің чиптерін жасап, бұл компанияға тәуелділікті азайта бастаған.

Егжей-тегжейі:

Seaport сарапшысы Джей Голдберг Nvidia акцияларын бірден «сату керек» деген ұйғарым жасады. Ол бұл қағаздарға 100$ көлемінде мақсатты баға берді. Бұл — 30 сәуірдегі жабылу бағасынан 8% төмен. Bloomberg мәліметінше, бұл — Уолл-стрит сарапшылары ұсынған ең төменгі баға.

Голдбергтің бұл шешімі басқа сарапшылардың көбіне тән оптимистік көзқарасқа мүлдем кереғар. Қазіргі таңда Nvidia акциялары үшін «сату» бағасын тек Seaport берген. Агенттіктің дерегіне сүйенсек, сарапшылардың 88%-ы «сатып алуға», 11%-ы «ұстауға» кеңес береді.

Неге Seaport пессимистік болжам жасады

Голдбергтің айтуынша, Nvidia-ның жасанды интеллектінен түсетін табысы акция бағасында әлдеқашан көрініс тапқан. Сонымен қатар, Microsoft, Amazon, Alphabet және Meta сынды ірі тапсырыс берушілер өздерінің AI-чиптерін жасап, тәуелділікті азайтуға кіріскен. Сарапшы 2026 жылы компаниялардың жасанды интеллектіге бөлетін қаражаты қысқарады деп болжайды.

Bloomberg жазуынша, нарықта дәл қазір жасанды интеллектіге кетіп жатқан шығындардың тұрақтылығы жиі талқыланып жатыр. Ал Microsoft, Amazon, Alphabet және Meta — бұл салаға ең көп қаржы салып жатқан төрт алып. Олар биыл ЖИ инфрақұрылымына 300 млрд доллардан астам қаражат жұмсауы мүмкін.

Алайда Microsoft бүкіл әлем бойынша деректер орталықтарын салу жобаларын қысқарта бастаған. Сонымен қатар, Amazon-ның бұлтты қызметтер бөлімі кейбір жалға алу келісімдерін уақытша тоқтатқаны туралы ақпарат тарады. Бірақ компания бұл ақпаратты ресми түрде жоққа шығарды.

Morgan Stanley оптимистік көзқараста

Morgan Stanley сарапшысы Джозеф Мур керісінше пікірде. Ол өткен аптада, макроэкономикалық белгісіздік пен логистикадағы қиындықтарға қарамастан, Nvidia чиптеріне деген сұраныс артып келе жатқанын айтты. Әсіресе, жасанды интеллектіге арналған дерек өңдеу графикалық процессорларына (inference GPUs) сұраныс жоғары.

Business Insider жариялаған жазбасында Мур былай дейді: «ЖИ нарығы тоқырауға ұшырады деу — асыра сілтеу. Қазіргі жоғары сұраныс — нақты қажеттіліктің көрінісі».

Сол себепті ол Nvidia-ның 2026 жылғы табысы мен акцияға шаққандағы пайда болжамын тиісінше 11% және 12%-ға көтеріп, бұл компанияны «ең үздік таңдау» деп атады. Оның бағалауынша, акция құны 160$-ға дейін өсуі мүмкін. Бұл — қазіргі деңгейден шамамен 50% жоғары.

Акциялардың жай-күйі

2025 жылдың басынан бері Nvidia акциялары 19%-ға арзандады. Бұл — бүкіл жартылай өткізгіштер индексінен де (Philadelphia Semiconductor) төмендеу қарқынын (ол 15%-ға түскен) байқатады.

Nvidia акциялары үшін сарапшылардың ортақ болжамы — 162$. Бұл да қазіргі бағадан 50%-ға жуық жоғары.

Ал 30 сәуір күнгі саудада компания акциялары 0,09%-ға ғана төмендеді. Дегенмен күн ішінде құлдырау 4,5%-ға дейін жеткен болатын. Бұл көрсеткіштің төмендеуі Super Micro Computer компаниясының әлсіз есебімен байланысты.

Алайда сауда сессиясынан кейінгі кеңейтілген саудада Nvidia акциялары Meta мен Microsoft-тың жақсы есептері аясында 4%-ға бірден көтерілді.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары