S&P 500 үш ай қатарынан төмендеді. Бұл оның екі жылдағы ең ұзақ құлдырауы

АҚШ-тың жетекші қор индексі S&P 500 сәуірдің соңғы күні әсерлі нәтижеге қол жеткізді. Олай дейтін себебіміз — үш жылдан бері алғаш рет бір күнде 2%-дан астам төмендеуді еңсеріп, сауда күнін табыспен аяқтады. Осылайша сәуірді де пайдамен аяқтауға шақ қалды. Бірақ айдың басында Дональд Трамптың импорттық баж салығы жөніндегі мәлімдемесі салдарынан болған құлдырау оған кедергі келтіріп тұр. Салдарынан үшінші ай қатарынан индекс төмендеді. Мұндай ұзақ құлдырау 2023 жылдан бері алғаш рет тіркеліп отыр.
Толығырақ:
— S&P 500 сауда күні нәтижесінде 0,15%-ға өсіп, 5569,06 пунктке жетті. Индекс қатарынан жетінші күн өсті, дегенмен күн ішінде 2,3%-ға дейін төмендеген болатын. 2022 жылдан бері бір күн ішінде 2%-дық төмендеуді толық еңсеру болмаған, деп хабарлады Bloomberg. Сәуір айының қорытындысы бойынша индекс 0,8%-ға төмендеді. Яғни қатарынан үшінші ай құлдырап отыр.
— Dow Jones Industrial Average деп аталатын ірі компаниялар индексі бір күнде 0,35%-ға өскенімен, ай соңында 3,2%-ға төмендеді. Осылайша, бұл көрсеткіш те қатарынан үшінші ай бойы кері бағытта кетіп барады.
— Nasdaq Composite деп аталатын технологиялық компаниялар индексі үштік ішінде жалғыз өзі бір күнде аз да болса (0,1%-дан төмен) өсіп, ай бойына 0,9% табыс көрсетті.
— Russell 2000 индексі (шағын және орта капиталдандырылған компаниялар) сәуірде шамамен 2,4%-ға төмендеді.
The Wall Street Journal дерегінше, биылғы сәуір айы S&P 500 бен Nasdaq үшін COVID-19 пандемиясы басталған 2020 жылдың наурызынан бергі ең құбылмалы ай болды. Екі индексте де күн сайынғы ең жоғары және ең төменгі көрсеткіш арасындағы айырма орта есеппен 3 пайыздық тармақтан асты.
Сәуірдің басында АҚШ президенті Дональд Трамптың импорттық баж салығын енгізу туралы мәлімдемесі S&P 500 индексін рекордтық деңгейінен 20%-ға дейін құлатқан. Яғни оны «аю нарығына» жақындатқан болатын. Дегенмен содан бері индекс құлдыраудың жартысын қайта еңсеріп, қазіргі кезде рекордтық деңгейінен шамамен 9,4%-ға төмен тұр.
Басқа активтер
АҚШ облигациялары сәуірдің басындағы құлдыраудан кейін қалпына келіп, қатарынан төртінші ай өсім көрсетті.
АҚШ доллары керісінше, 2022 жылдфң қарашасынан бергі ең нашар айды өткерді. Индекс шамамен 4%-ға төмендеді.
WTI маркалы мұнай бағасы сәуірдің соңғы күні 4,2%-ға төмендеп, барреліне 60 $-дан төмен түсіп кетті. Бұл 2021 жылдың қарашасынан бергі ең үлкен айлық төмендеу болды.
Саудаға не әсер етті
Сәрсенбі күні АҚШ экономикасы мен инфляцияға қатысты статистика жарияланған соң акциялар күрт арзандады. Бірақ кейін инвесторлар бұл деректерге назар аудармай, сатып алуға қайта кірісіп кетті, деп жазды CNBC және WSJ. Сонымен қатар, АҚШ пен өзге елдер арасындағы сауда келіссөздері іске асалды деген үміт нарыққа оң әсер етті, деп толықтырды Bloomberg.
Инвесторлар ФРЖ жақында мөлшерлемені төмендетуі мүмкін деген үмітте, өйткені рецессия қаупі күшейіп келеді.
2025 жылдың бірінші тоқсанында АҚШ-тың ЖІӨ инфляция мен маусымдық түзетуді есептегенде 0,3%-ға төмендеді. Бұл — 2022 жылдан бергі ең нашар көрсеткіш. Сол жылы ФРЖ инфляция өсуіне байланысты мөлшерлемені алғаш рет көтерген болатын.
Мемлекеттік шығындар төмендеді, тұтынушылық шығындар бәсеңдеді. Бұл көрсеткіш те 2023 жылдан бергі ең әлсіз деңгейде тұр.
PCE индексі (ФРЖ қолданатын инфляция көрсеткіші) бір жылда алғаш рет ай сайын өзгеріссіз қалды. Оның негізге алынатын нұсқасы да (энергия мен азық-түлік бағасын есептемейтін) кейінгі бес жылдағы ең төмен деңгейде қалып отыр.
Сарапшылар не дейді?
City Index сарапшысы Фавад Разакзада: «Көрсеткіштердің әлсіз болуы ФРЖ-ның мөлшерлемелерді ертерек төмендету ықтималдығын арттырады. Бұл сондай-ақ Трампқа баж салығын жұмсартуға және сауда келісімдеріне тезірек баруға түрткі болуы мүмкін», — деді Bloomberg-ке.
Evercore компаниясынан Кришна Гута: «Баж салығының нақты әсері тек үшінші тоқсанда байқалуы мүмкін. ФРЖ-ның алдында қиын таңдау тұр: шілдені күте ме, әлде қазір-ақ мөлшерлемені төмендете ме — кеш қалу қаупі жоғары», — дейді ол.
«Бұл деректер жаңа әкімшілік үшін «көмір шахтасындағы канарейка» болуы керек, бірақ, мүмкін, оның ұзақ мерзімді мақсаттарға жету үшін экономикалық қиындықтарды туғызуға дайындық деңгейі жеткілікті түрде бағаланбаған», — деді Global X ETFs инвестициялық стратегиялар бөлімінің басшысы Скотт Хелфстейн, оның сөздерін CNBC таратты.








