Нью-Йорктағы таң: макростатистика үміт ұялатуда

Freedom Capital Markets Research директорының орынбасары Михаил Денисламов ұсынған АҚШ қор нарығына күнделікті шолуы мен болжамы.
Біз не күтеміз
Алдағы сессияда инвесторлар назары қызмет көрсету секторындағы іскерлік белсенділік индекстерінде (Markit және ISM) болады. Көрсеткіштер сәл төмендейді деп күтілуде, бірақ жалпы оң аймақта қалады. Жұма күні жарияланған еңбек нарығы туралы есеп пен басқа да соңғы макродеректер жағымсыз тосынсыйларсыз өтті, бұл біздің негізгі болжамымызды растайды. Біз АҚШ-та биыл рецессия болады деген қауіп көріп тұрған жоқпыз, дегенмен мамыр-маусым айларында экономиканың қысқа мерзімді баяулауы ықтимал.
АҚШ пен Қытай арасындағы сауда қақтығысына қатысты жаңалықтар әлі де екіұшты. Bloomberg деректеріне сүйенсек, Пекин АҚШ-тан импортталатын $40 млрд көлеміндегі тауарларға, соның ішінде фармацевтика мен өнеркәсіптік химикаттарға баж салығын жасырын түрде алып тастаған. Бұл — 2024 жылғы АҚШ-тан келген импорттың 24%-на тең. Өз кезегінде Вашингтон да Қытайдың $102 млрд тұратын тауарларына баж салынбайтынын жариялады. Сонымен қатар, Дональд Трамп шетелдік фильмдер мен сериалдарға 100% баж енгізуді ұсынды. Мақсаты — АҚШ киноиндустриясын қолдау. Дегенмен, Голливуд әлі де әлем бойынша оң сауда балансына ие. Сауда қақтығысының жұмсаруы байқалғанымен, АҚШ-тың сауда серіктестерімен жаңа келісімдерге қол қоюы әлі де белгісіз. Ал енгізілген тарифтердің залалын өтеу оңай болмайды.
Маңызды жарияланымдар
5 мамырдағы негізгі сауда сессиясына дейін тоқсандық есептерді жариялайтындар: Cummins (CMI), Tyson Foods (TSN), ON Semiconductor (ON). Сауда жабылған соң есептерін Palantir Technologies (PLTR), Vertex (VRTX), Realty Income (O), Ford (F) ұсынады.
Бүгінгі сауда сессия барасында құбылмалылық деңгейі жоғары болуы ықтимал. Тәуекел балансы бейтарап. S&P 500 индексі 5600–5750 тармақ диапазонында ауытқуы мүмкін (өткен сессия жабылу деңгейінен −1,5% пен +1,1% аралығы).
Басты назарда
— Berkshire Hathaway (BRK.B) бірінші тоқсандағы операциялық табысының 14%-ға (жылдық салыстыруда) азайғанын хабарлады — $9,64 млрд. Себебі — Оңтүстік Калифорниядағы орман өрттеріне байланысты сақтандыру шығындары мен валюталық шығындар артты. Энергетика секторындағы табыс 52%-ға өсті, ал компанияның қолма-қол резервтері рекордтық $347 млрд-қа жетті. Портфельдегі негізгі активтер: American Express, Apple, Bank of America, Coca-Cola және Chevron. Алайда, бұл активтерге салынған үлес 2024 жылдың соңындағы 71%-дан наурыздың соңында 69%-ға дейін азайған. Уоррен Баффет өзінің жыл соңында CEO қызметінен кететінін жариялаған соң, BRK.B акциялары премаркетте 2,5%-дан аса төмендеді.
— Shell (SHEL) компаниясы кеңесшілерімен бірге BP (BP) компаниясын сатып алу мүмкіндігін зерттеуде.
— Helen of Troy (HELE) негізін қалаушы Ноэль Джеффруа қызметінен кететінін мәлімдеді. Уақытша бас директор болып қаржы директоры Брайан Грасс тағайындалды. Оның орнына уақытша Трейси Шойерман келді. Джеффруа сонымен бірге директорлар кеңесіндегі орнынан бас тартты.
— Washington Post хабарлауынша Ақ үй 2026 жылы федералды шығындарды 23%-ға қысқартуды жоспарлап отыр. Бұл әлеуметтік бағдарламалар мен ғылыми зерттеулерді (R&D) қаржыландыруды азайту арқылы жүзеге аспақ. Қорғаныс пен қауіпсіздікке инвестициялар артады. Президент әкімшілігі бұл бастамаларды заңнамалық деңгейде бекіткісі келгенімен, екі партия өкілдерінің қарсылығына және құқықтық кедергілерге тап болуда.
Алдыңғы сауда күніндегі нарық
2 мамыр күнгі АҚШ қор нарығындағы сауда сессиясы оң нәтижемен аяқталды, дегенмен күн ішіндегі максимумдардан сәл төмен. S&P 500 тоғызыншы сессия қатарынан оң аумақта жабылып, 1,47%-ға өсті. Nasdaq 100 — +1,6%, Dow Jones — +1,39%, Russell 2000 — +2,27%.
Өсімнің көш басында жартылай өткізгіштерді өндірушілер, қытай технологиялық секторының өкілдері, фармацевтика, көлік, авиация, круиздік компаниялар, мыс пен алюминий өндірушілері, казинолар болды. Бигтехтер де оң динамика көрсетті, Apple (APPL: −3,74%)-ті қоспағанда. Аутсайдерлер қатарында — автокомпанияларға бөлшек жеткізушілер, бейнейындар, күнделікті тұтыну тауарлары, телеком мен сақтандыру компаниялары болды.
Сәуір айында ауыл шаруашылығынан тыс сектордағы жұмыс орындарының саны 177 мыңға артты (консенсус — 136 мың, соңғы 12 айдағы орташа мән — 152 мың). Ақпан мен наурыз айларындағы көрсеткіштер 58 мыңға төмен қайта қаралды, бұл сәуір нәтижесінің әсерін біршама төмендетті. Жұмыспен қамту өсімінің негізгі үлесі денсаулық сақтау мен көлік-логистика секторларына тиесілі — бұл салаларда 81 мың жұмыс орны ашылды. Жұмыссыздық наурыздағы 4,15%-дан 4,19%-ға өсті (күтілгені — 4,2%). Орташа сағаттық жалақы жылдық мәнде 3,8%-ға өсті (болжам — 3,9%).
Сәуірдегі еңбек нарығы статистикасы оның тұрақтылығын тағы бір мәрте растады және бұл деректер нарықтар тарапынан оң қабылданды, әсіресе саудалық баж салықтарының теріс ықпалына қатысты алаңдаушылық аясында. Қазіргі таңда жаппай қысқартулар жоқ — тек кейбір жеке компанияларда жаңа жұмысқа қабылдау уақытша тоқтаған. Бұл ФРЖ-ға жағдайды әрі қарай бақылап, қазіргі ақша-несие саясатын сақтауына мүмкіндік береді.
Компания жаңалықтары
— Duolingo (DUOL: +21,6%) тоқсан бойынша кірісінің, ақылы жазылушылар саны мен жалпы аудиторияның өскені туралы есеп берді, сондай-ақ сәуір–маусым және бүкіл жыл бойынша болжамын жоғарылатты, бірақ табыстың төмендеуін күтуде.
— BrightSpring (BTSG: +16,6%)-тің қаңтар–наурыз аралығындағы кірісі мен пайдасы күткеннен жоғары болды. Ең үлкен өсім пациенттерге қызмет көрсету және дәріханалық бизнес-сегменттерінде байқалды. Жылдық түзетілген EBITDA мен кіріс бойынша болжамдар жоғарылатылды. Менеджмент Community Living бөлімшесін сатудың жоспар бойынша жүріп жатқанын растады.
— Dexcom (DXCM: +16,2%) табысы болжаммен сәйкес келді, ал кірісі, әсіресе, АҚШ нарығындағы сенімді көрсеткіштер арқасында консенсустен жоғары болды, $750 млн көлемінде акцияларды кері сатып алу бағдарламасы бекітілді, 2025 жылға кіріс бойынша болжам расталды.
— ROKU (Roku: −8,5%) 2025 жылдың алғашқы үш айындағы пайдасы мен жалпы табысы орташа күтулерден төмен болды. Ағымдағы тоқсанға болжам инвесторларды қанағаттандырмады. EBITDA бойынша жылдық болжам өзгеріссіз қалса да, пайда бойынша жоспар төмендетілді.
— GoDaddy (GDDY: −8,4%) еркін ақша ағыны бойынша консенсустен жоғары көрсеткіш көрсетті, ал кірісі күтілген деңгейде қалды. Екінші тоқсанға арналған болжам нарықтық орташа күтілімнен консервативті болып шықты, бірақ жылдық болжам өзгерген жоқ. $3 млрд көлеміндегі акцияларды кері сатып алу бағдарламасы жарияланды.








