БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Berkshire акциялары Баффеттің қызметтен кететіні туралы мәлімдемеден кейін төмендеді

Ринат Таиров

Ринат Таиров

Oninvest тілшісі
Berkshire акциялары Баффеттің қызметтен кететіні туралы мәлімдемеден кейін төмендеді

Berkshire Hathaway акциялары дүйсенбі, 5 мамыр күні премаркетте 3%-ға төмендеді. Демалыс күндері аңызға айналған инвестор Уоррен Баффет Berkshire компаниясының бас директоры қызметінен 2025 жылдың соңына дейін кететінін жариялады. Ол бұл қызметті 60 жыл бойы атқарып келеді. Баффет бұған дейін Грег Абельді өз мұрагері ретінде атағанымен, миллиардердің мәлімдемесі нарық үшін күтпеген жаңалық болды. Дегенмен Баффет Berkshire директорлар кеңесінің төрағасы ретінде қалатынын айтты.

Толығырақ

Berkshire Hathaway компаниясының B класындағы акциялары премаркетте бір сәтте $523,34-ке дейін төмендеді — бұл 2 мамыр жұма күнгі жабылу бағасынан 3%-ға аз. Кейін акциялар біршама өсіп, төмендеу деңгейі 2%-ға дейін азайды. Егер негізгі сауда ашылғаннан кейін де құлдырау жалғасса, компанияның нарықтық құны миллиардтаған долларға қысқарады деп ескертті Reuters.

Акция бағасы миллиардер және инвестор Уоррен Баффеттің Berkshire бас директоры ретіндегі өкілеттігін 2025 жылдың соңында аяқтап, орнын Грег Абельге тапсыратынын жариялауынан кейін түсті. Бұл туралы Баффет 3 мамыр, сенбі күні компания акционерлерінің жыл сайынғы жиналысында айтты. Berkshire директорлар кеңесі 4 мамырда Абельді 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап президент әрі бас директор ретінде бекіту туралы бірауыздан дауыс берді. Тамызда 95 жасқа толатын Баффет директорлар кеңесінің төрағасы ретінде қала береді.

Бұл нені білдіреді

Дүйсенбі күнгі акциялардың салыстырмалы түрде аз қозғалысы, бәлкім, Berkshire басшылығындағы өзгерістің алдын ала дайындалғаны және Баффеттің өзіне тиесілі $160 млрд-тан астам Berkshire акцияларын сатпайтыны туралы мәлімдемесімен байланысты, деп жазды Barron’s.

Сонымен қатар, Баффеттің мәлімдемесі нарық үшін тосын болды: CNBC оның әрекеті Berkshire акционерлерін және Абельдің өзін «естен тандырды» деп жазды, ал Barron’s «таңғалдырды» деген сөзді қолданды. Reuters миллиардердің бұл мәлімдемені жария еткен уақыты да «күтпеген» жағдай екенін атап өтті, себебі Баффет бұған дейін қызметтен нақты кететіні туралы ашық айтпаған еді.

KBW сарапшысы Мейер Шилдстің Reuters-ке берген пікірінше мұндай кенет шешім Грег Абельдің «кәсіби біліктілігін барған сайын дәлелдеп келе жатқанына» қарамастан, дүйсенбі күні акцияларға қысым түсіреді. Баффет Berkshire Hathaway компаниясының бас директоры қызметін 1965 жылдан бері, яғни 60 жыл бойы атқарып келеді. Қазір акционерлерді компанияның болашағы алаңдатады: Berkshire-дің құрамында 189 белсенді бизнес, $264 млрд-тық акциялар және $348 млрд көлемінде қолма-қол қаражат бар. Reuters атап өткендей, Баффеттің кетуі компанияның нақты операцияларынан гөрі, инвесторлардың оған деген сеніміне көбірек әсер етуі мүмкін.

Контекст 

2025 жылдың басынан бері Berkshire компаниясының B класындағы акциялары 19%-ға қымбаттады: бұл нәтиже АҚШ-тың негізгі индексі — S&P 500-ге қарағанда әлдеқайда жақсы, себебі ол дәл осы кезеңде 3,3%-ға төмендеген. Berkshire мен S&P 500 арасындағы мұндай айырмашылық 2007 жылдан бері алғаш рет байқалып отыр. 2024 жылы Berkshire акциялары шамамен 33%-ға өсті, ал S&P 500 – тек 12%-ға көтерілді.

Сонымен қатар, Barron’s журналы Berkshire акцияларын «қымбаттап кеткен» деп сипаттады: A класындағы акциялар баланстық құнына қатысты 1,7 мультипликатормен саудаланып жатыр — бұл 2007 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. 2025 жылға арналған болжамды табысқа баға қатынасы 25-ке тең, ал салыстыру үшін S&P 500-дің осы көрсеткіші шамамен 20-ны құрайды. Бұған қоса, сарапшылар Berkshire-дің ағымдағы және келесі жылғы кірісі айтарлықтай өседі деп күтпейді, деп жазды Barron’s.

Berkshire темір жолдар, сақтандыру компаниялары және балмұздақ өндірушісіне иелік етеді, сонымен бірге басқа компаниялардың акцияларына белсенді инвестиция салады. 2025 жылдың бірінші тоқсанында Berkshire акционерлерге тиесілі таза пайда ретінде $4,6 млрд тапты — бұл 2024 жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 64%-ға көп. Ал операциялық табыс 14,1%-ға қысқарып, $9,64 млрд-ты құрады. Баффет дәл осы операциялық табысты неғұрлым маңызды көрсеткіш деп есептейді, себебі бұл көрсеткіш инвестициялар құнын қамтымайды — ал олар әр тоқсанда қатты құбылуы мүмкін.

Бірінші тоқсанда Berkshire негізінен өзіне тиесілі акциялардан құтылды: ол $4,7 млрд-қа акция сатқан, ал сатып алғаны шамамен $3,2 млрд болды. Financial Times жазуынша, Berkshire қатарынан он тоқсан бойы акцияларын сатуда. Бұл сауда нәтижесінде қордың қолма-қол қаражаты тағы бір рекорд жаңартып, $348 млрд-қа жетті.

Баффет қазіргі таңда Forbes Real-Time рейтингінде $168,2 млрд байлығымен әлемнің ең бай бизнесмендері тізімінде бесінші орында. Бұл рейтинг биржалық баға өзгерісіне қарай нақты уақыт режимінде жаңарып отырады. Bloomberg миллиардерлер тізімінде де Баффет бесінші орында, байлығы — $169 млрд. Агенттіктің есебі бойынша, 2025 жылдың басынан бері Баффеттің байлығы $26,6 млрд-қа өскен: бұл тізімдегі ең жақсы нәтиже.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары