Ford тарифтерге байланысты болжамын қайтарып, $1,5 млрд шығын болатынын айтты

Ford Motor жылдық болжамынан бас тартты және жаңа тарифтердің АҚШ-тағы автокөлік импортына әсерінен кірісі азаятынын ескертті. Компания акциялары тоқсандық есеп жақсы шыққанына қарамастан, постмаркеттің саудасында шамамен 3%-ға арзандады.
Егжей-тегжейлі
Ford-тың бағалауынша 2025 жылы енгізілген автокөлік пен қосалқы бөлшектер импортына салынған баж салығы оның пайыз бен салыққа дейінгі түзетілген кірісін (EBIT) $1,5 млрд-қа қысқартады. Жалпы әсері $2,5 млрд деп бағаланады, бірақ компания оның $1 млрд-ын өтеуді жоспарлап отыр. Бұл — бөлшектерді шекара арқылы тасымалдауға мүмкіндік беретін bonded transportation кеден режимі арқылы жүзеге аспақ. Бұл туралы инвесторларға Ford-тың қаржы директоры Шерри Хаус айтты (Bloomberg).
Трамп әкімшілігі тарифтерді енгізбей тұрып, компания 2025 жылы EBIT көрсеткішін $8,5 млрд деп болжаған еді. Қазіргі белгісіздік бірнеше факторға байланысты: жаңа баж салықтары салдарынан жабдықтау тізбегінде үзілістер болуы мүмкін және салықтардың одан әрі өсу қаупі бар. Ford жаңа болжамын екінші тоқсан қорытындысымен жарияламақ.
Қаржылық есеп
Постмаркеттің саудасында компания акциялары 2,8%-ға төмендеп, $9,87 болды. Бұл — Ford Уолл-стриттің табыс пен кіріс бойынша күтулерінен асып түскеніне қарамастан орын алды. Жалпы табыс жылдық есеппен 5%-ға төмендеп, $40,7 млрд болды. Автобөлімшенің табысы 13%-ға төмендеп, $37,4 млрд-ты құрады (сарапшылар $36,2 млрд күтті, дерек көзі — CNBC). Түзетілген акцияға шаққандағы табыс $0,14 (күтілгені — $0,02). Түзетілген операциялық пайда 63%-ға азайып, $1,02 млрд болса, таза пайда 64%-ға құлап, $471 млн-ға түсті.
Ford Blue (ДВС және гибрид модельдерге жауапты бөлімше) табысы 3%-ға ғана азайғанмен, операциялық пайдасы 90%-ға төмендеп, $96 млн болды. Ford Pro (коммерциялық бөлім) табысы 16%-ға құлдырап, $15,2 млрд, ал пайдасы 56%-ға төмендеп, $1,31 млрд болды. Электромобильдерге жауапты Model E бөлімшесі шығындарын 36%-ға қысқартып, $849 млн-ға азайтты.
Компания сапаны жақсартуға және шығындарды азайту бойынша шараларды жалғастырып жатқанын, соның ішінде 2025 жылы $1 млрд үнемдеуді жоспарлағанын мәлімдеді (тарифтер есебін қоспағанда).
Контекст
Ford — жаңа әкімшілік жүргізіп отырған сауда саясаты салдарынан туындаған ірі шығындарды алғашқылардың бірі болып ашық мойындаған автогигант. Трамп импорттық автокөлік пен бөлшектерге 25%-дық тариф енгізудің себебін өндірісті және жұмыс орындарын АҚШ-қа қайтарумен түсіндірген. Алайда автокомпаниялар бұл тарифтер ұзақмерзімді жағдайда шығындарды арттырып, жұмыстан босатуларға және көлік бағасының өсуіне әкелуі мүмкін деп ескертеді. Қазірдің өзінде жаңа автокөліктің орташа бағасы $50 000-ға жетті.
Ford-тың бас директоры Джим Фарли бағаны өсірмей тұрып, бәсекелестерінің реакциясын байқауды жөн көретінін айтты. Компания $1,5 млрд шығын болады деп болжауда, тіпті өткен аптада әкімшілік тарапынан кейбір жеңілдіктер болғанына қарамастан. Мысалы, автотауарлар болат пен алюминийге қатысты тарифтер тізімінен алынып тасталды. Ал автокомплектілерге салынатын баж екі жыл ішінде кезең-кезеңмен енгізіледі — бұл өндірісті АҚШ-қа көшіруге уақыт береді (Bloomberg).
Шерри Хаустың айтуынша, бұл «маңызды ілгерілеу», бірақ сауда саясатына қатысты белгісіздік әлі де сақталып отыр. Ford сонымен бірге Мексикадан кіргізілетін көліктерде американдық бөлшектердің үлесі есепке алына ма, соны нақтылауды күтуде.
Bloomberg мәліметінше, Ford тарифтерге ең аз тәуелді өндірушілердің бірі: АҚШ-та сатылатын көліктердің 80%-ы ел ішінде құрастырылады. Салыстырар болсақ, General Motors 1 мамырда пайдаға қатысты болжамын төмендетіп, тарифтерден $5 млрд шығын көруі мүмкін екенін мәлімдеді. Кейін GM Канададағы зауытында жұмыскерлерді қысқарып, өндірісті Индианаға көшіретінін жариялады.
Сарапшылардың ұстанымы
Жыл басынан бері Ford акциялары шамамен 3%-ға өсті, ал S&P 500 индексі 4%-ға төмендеді. MarketWatch мәліметі бойынша, автоконцерн акцияларын бақылап отырған 27 аналитиктің 18-і оларды портфельде ұстауға (Hold), 5-і сатып алуға (Buy, Overweight), 4-і сатуға (Underweight, Sell) кеңес береді. Уолл-стриттің орташа бағалауынша акция бағасы $9,26 — бұл 5 мамырдағы жабылу бағасынан 9%-ға төмен.








