Басты жаңалықтар: OpenAI Windsurf-ты сатып алмақ, IBM ЖИ-ді күшейтті, мұнай арзандады

OpenAI тарихындағы ең ірі сатып алуға дайындалып жатыр — компания AI-құралы Windsurf-ті $3 млрд-қа алмақ. IBM корпоративтік ЖИ-агенттер флотын басқаруға арналған жаңа шешімдер жиынтығын таныстырды. АҚШ-тағы мұнай фьючерстері соңғы төрт жылдағы ең төменгі деңгейде жабылды, себебі ОПЕК+ екінші ай қатарынан өндірісті арттыруды келісті. Осы және басқа да жаңалықтарды 6 мамырдағы әлемдік БАҚ шолумыздан оқыңыз.
OpenAI стартап Windsurf-ті $3 млрд-қа сатып алмақ
OpenAI бұрынғы атауы Codeium болған, ЖИ арқылы код жазуға көмектесетін Windsurf құралын шамамен $3 млрд-қа сатып алу туралы келісім жасады, деп хабарлады Bloomberg дереккөздері. Бұл — ChatGPT жасаушысының тарихындағы ең ірі сатып алу. Келісім әлі жабылған жоқ.
OpenAI мен Windsurf түсініктеме бермеді.
Bloomberg агенттігі OpenAI бұл арқылы ЖИ-негізіндегі код жазатын ассистенттер нарығындағы позициясын нығайтқысы келеді деп болжайды.
Windsurf, ресми атауы Exafunction Inc., жуырда Kleiner Perkins пен General Catalyst сияқты инвесторлармен $3 млрд бағалау бойынша қаржы тарту туралы сөйлескен. 2023 жылы компанияны General Catalyst басқарған раунд кезінде $1,25 млрд-қа бағалаған.
OpenAI бәсекелестері — Anthropic пен Microsoft-қа тиесілі GitHub — да бағдарламашыларға арналған ЖИ-құралдар ұсынады. Нарыққа жаңа ойыншылар да кіріп жатыр, мысалы, Cursor құрастырушылары — Anysphere стартапы.
IBM ЖИ-агенттерді басқару құралдарын таныстырып, АҚШ-та технологияға $150 млрд инвестиция құймақ
IBM жасанды интеллект саласындағы сатылымдарды арттыруды көздеп, клиенттерге бизнес-қосымшаларға арналған агенттер тобын басқаруға көмектесетін жаңа құралдарды ұсынды, деп хабарлайды Reuters. Генеральды директор Арвинд Кришна әртүрлі жеткізушілердің (Salesforce, Workday, Adobe) агенттерін біріктіріп, IBM арқылы жаңа агенттер жасауға мүмкіндік барын айтты.
«Біз клиенттерге шешімдерді біріктіруге көмектесеміз. Олар қайда болса, біз де сондамыз», — деді ол IBM Think конференциясы алдында.
Жаңа құралдар IBM Granite моделі мен Meta және Mistral шешімдері арқылы ЖИ-агенттерді 5 минут ішінде құруға мүмкіндік береді.
Кришнаның айтуынша әртүрлі ИИ-модельдерді әртүрлі мақсатта пайдалану тренді IBM өнімдеріне сұранысты арттырады. Сәуірде компания генеративті ЖИ негізіндегі шешімдерге $6 млрд-тық тапсырыстар алғанын хабарлады.
IBM Amazon Web Services пен Microsoft секілді ірі бұлттық провайдерлерден кіші болғанымен, мультибұлт пен өз инфрақұрылымын қалайтын клиенттерге үміт артып отыр.
Сондай-ақ, IBM алдағы бес жылда АҚШ-та $150 млрд инвестициялайтынын мәлімдеді. Компания АҚШ-та 60 жылдан бері мейнфреймдер шығарып келеді және енді кванттық компьютер өндірісін де сол жерде жолға қоймақ.
Мұнай бағасы 2021 жылдан бергі ең төмен деңгейге түсті
Дүйсенбі күні АҚШ-та мұнай фьючерстері шамамен 2%-ға арзандап, соңғы төрт жылдағы ең төменгі деңгейде жабылды, деп хабарлайды CNBC. Маусым айындағы WTI мұнайы $1,16 немесе 2%-ға арзандап, баррелі $57,13 болды — бұл 2021 жылғы ақпаннан бергі ең төмен баға. Brent эталоны $1,06 немесе 1,7%-ға төмендеп, $60,23 болды. Жыл басынан бері мұнай шамамен 20%-ға арзандаған.
Сенбі күні Сауд Арабиясы бастаған сегіз ОПЕК+ елі маусым айында өндірісті тағы 411 мың баррельге арттыруға келісті — бұл мамырдағы шешімге ұқсас. Екі айда жалпы өсім 800 мың баррельден асады.
Бұл — Goldman Sachs-тың маусымға болжаған 140 мың баррель өсімінен үш есе көп. Goldman сарапшысы Дэан Стрейвеннің айтуынша жоғары резервтік қуат пен рецессия қаупі мұнай бағасының әрі қарай төмендеуіне жағдай жасайды. Банк 2025 жылға арналған мұнай бағасы бойынша орташа болжамын $3-қа төмендетіп, $56 деңгейінде белгіледі.
Berkshire Hathaway акциялары 60 жылда 5 502 284%-ға өсті
1965 жылдан 2024 жылға дейін Berkshire Hathaway акциялары 5 502 284%-ға өсті. Салыстыру үшін, дәл осы кезеңдегі S&P 500 индексінің дивидендтермен бірге табыстылығы — 39 054%, деп есептейді Yahoo Finance.
Berkshire-дің орташа жылдық өсуі — 19,9%, ал S&P 500 — 10,4%.
Әсіресе Berkshire-дің дағдарыстар кезінде тұрақтылығы таңғалдырады: соңғы 60 жылда S&P 500 13 рет төмендеп жабылса, солардың тек екеуінде ғана Berkshire тереңірек құлдыраған.
Жеке кредит кең нарыққа шыға бастады
Алдағы айлар мен жылдары жекелеген инвесторлар private credit құралдарын қамтитын көбірек қаржы өнімдерін көретін болады, деді сарапшылар Милкен институтының конференциясында.
Әзірше тек бірнеше ETF пен басқа да өнімдер іске қосылғанымен, банктер мен инвестициялық компаниялардың басшылары олардың саны артатынына сенімді.
«Болашақтағы басты клиенттеріміз — активтерді басқаратын дәстүрлі менеджерлер, — дейді Apollo Global Management басшысы Марк Роуэн. — Жаңа белсенді басқару формасы — бұл акция сатып алып-сату емес, портфельге жеке активтерді қосу».
Ақпанда Apollo мен State Street SPDR SSGA Public & Private Credit ETF қорын іске қосты. Ол әзірге $54,7 млн жинады.
Morningstar сарапшысы Брайан Армурдың айтуынша private credit-ке жеткілікті қатысу қамтамасыз ететін, әрі реттеуші талаптарына сай өтімді құрылым жасау қиын. Мысалы, State Street қорындағы private credit үлесі 10%, оған жоғары комиссия салынады.
Дегенмен, басқарушылар бұл бағыттан бас тартпай отыр. Өткен аптада Capital Group пен KKR екі жаңа «интервалды қорды» іске қосуға SEC мақұлдау алды — олар шектеулі өтімділікпен, бірақ жеке және ашық облигацияларды қамтитын жабық құрылымдар болады.








