Rivian Трамптың баж салығынан кейін электромобиль жеткізу болжамын төмендетті

Автоөндіруші қатарынан екінші тоқсанда жалпы табысты оң көрсеткішпен аяқтады.
Электрлік пикаптар шығаратын Rivian Automotive компаниясы биылғы жылға арналған жеткізу көлемі жөніндегі болжамын АҚШ президенті Дональд Трамп енгізген баж салығына байланысты қысқартты. Компания барлық көліктерін АҚШ-та құрастырады, дегенмен сұраныстың баяулау қаупі туындап отыр. Жеткізу болжамының жариялануынан кейін компания акциялары 1%-ға төмендеді. Бұл кезде автоөндіруші Уолл-стриттің табыс пен кіріс жөніндегі күтілімдерінен асып түскен болатын.
Егжей-тегжейі:
Rivian барлық пикаптары мен жол талғамайтын көліктерін АҚШ-та өндіретініне қарамастан, компания «жаһандық сауда және экономикалық ахуалдың ықпалынан толық қорғалмаған» делінген акционерлерге жолданған хатта. Жаңартылған болжамға сәйкес, Rivian 2025 жылы 40 000–46 000 аралығында көлік жеткізуді жоспарлап отыр (бұған дейінгі болжам — 46 000–51 000). Сонымен қатар, компанияның негізгі капиталдық шығындары 1,8–1,9 млрд доллар аралығында болады деп күтілуде. Бұған дейін бұл көрсеткіш 1,6–1,7 млрд доллар болады деп болжанған еді.
«Қазіргі әлемдік экономикалық жағдай сауда ережелерінің, саясаттың, баж салығының өзгеруі және олардың тұтынушылар көңіл-күйі мен сұранысқа әсері тұрғысынан жоғары деңгейдегі белгісіздікпен сипатталады», — деп мәлімдеді Rivian.
6 мамырдағы кеңейтілген сауда сессиясында компания акциялары 1,2%-ға арзандады. Ал негізгі сауда барысында олар 0,4%-ға төмендеген болатын.
Контекст
Bloomberg «Rivian-ның жеткізу болжамын төмендетуі Трамптың сауда саясаты мен оған байланысты экономикалық тәуекелдердің электромобильдерге деген сұраныстың баяулауын одан әрі тереңдете түсетінін айқын көрсетеді» деп жазды. Rivian бұған дейін жасаған болжамында сауда және өзге де жағдайлардың өзгеру мүмкіндігін ескерген болатын. Алайда содан бері Трамп әкімшілігі АҚШ-тың сауда серіктестеріне қарсы бірқатар жаңа баж салығын енгізді. Олардың қатарында көлік пен қосалқы бөлшектер импортына салынған 25 пайыздық салық та бар.
Бұл шаралар АҚШ пен Еуропаның автоөндірушілерін қаржылық жоспарларын қайта қарауға және миллиардтаған доллар шығын болатынын мойындауға мәжбүрледі. Мәселен, Ford Motor 2025 жылы жаңа баж салығы салдарынан 1,5 млрд доллар көлемінде шығын шегетінін мәлімдесе, General Motors бұл көрсеткіш 5 млрд-қа дейін жетуі мүмкін деп болжайды.
Rivian мәлімдеген өзге де деректер
— LSEG мәліметінше, Rivian компаниясының 2024 жылдың бірінші тоқсанындағы табысы Уолл-стриттің күтілімінен асып түсті, деп жазады CNBC. Сатылым көлемі 3%-ға өсіп, 1,24 млрд доллар болды, ал сарапшылар 1,01 млрд доллар деп болжаған еді.
— Түзетілген бір акцияға шаққандағы шығын –0,41 $, ал аналитиктердің болжамы —0,76 $ болған.
— Түзетілген EBITDA —329 млн доллар көлеміндегі шығын (былтыр осы кезеңде —798 млн доллар шығын болған).
— Компания 2025 жылы аздаған оң валдық пайдаға қол жеткізу жоспарын растады, сондай-ақ пайыз, салық, тозу және амортизацияны есептемегендегі түзетілген шығынды 1,7–1,9 млрд доллар аралығында сақтауға ниетті екенін мәлімдеді.
— Rivian қатарынан екінші тоқсанда оң валдық пайда көрсетті — 206 млн $, оның 55%-ы бағдарламалық қамтамасыз ету мен қызметтер сатылымынан, ал қалғаны электромобильдерді сатудан түскен.
— 2024 жылдың І тоқсанында Rivian 14 611 көлік өндіріп, 8640 көлік жеткізді. Былтыр осы кезеңде жеткізілім 13 588 болған.
— Компания Volkswagen Group-тен 1 млрд доллар инвестиция алды. Бұл қаржы бұған дейін жарияланған серіктестік аясында берілді. Rivian мен VW-дің бірлескен кәсіпорны Rivian and VW Group Technology LLC өткен жылы құрылып, жалпы 5,8 млрд доллар сомасындағы келісімге негізделген. Ол Rivian-ды қаржыландырумен қатар, Volkswagen көліктерінде Rivian-ның бағдарламалық жасақтамасын және электрлік архитектурасын пайдалануды көздейді, деп еске салады CNBC.
Сарапшылардың ақылы
Жыл басынан бері Rivian акциялары 1,5%-ға өскен, ал кең нарық индексі S&P 500 шамамен 5%-ға төмендеген. MarketWatch дерегінше, электромобиль өндіруші компанияның акцияларын бақылап отырған 33 аналитиктің 17-сі бұл қағаздарды портфельде ұстауға кеңес береді (Hold), 11-і сатып алуға ұсыныс жасаған (Buy және Overweight). Тек 4-еуі сатуға кеңес берген (Underweight және Sell).
Уолл-стриттің ортақ бағалауына сәйкес, Rivian акциясының мақсатты құны —14,18 $, Бұл 6 мамырдағы негізгі сауда жабылу бағасынан 5% жоғары.








