«Нарықта қалыңыздар»: Citi инвесторларға АҚШ-тан шықпауға кеңес береді

Citigroup инвесторларға экономиканың баяулауы мен компаниялар табысы бойынша болжамдардың төмендеуіне қарамастан, америкалық нарықтан шықпауға кеңес береді. Сонымен қатар, банк америкалық акциялар құлдырағанда оларды сатып алудан бас тартуға, оның орнына портфельдегі облигациялар мен ақша нарығы қорларының үлесін арттыруды ұсынады.
Егжей-тегжейлі
Citigroup клиенттеріне америкалық нарыққа инвестиция салуды жалғастыруды, бірақ портфельді қайта теңестіруді ұсынады.
«Біз клиенттерге америкалық нарықтан толықтай шығуға кеңес бермейміз», — деді компанияның Азиядағы капиталды басқару бөлімінің жетекшісі Йео Вэньсянь Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында.
Оған қоса, портфельдегі тәуекелдерді арттырудан сақ болуға шақырды: оның пікірінше, қазіргі кезең АҚШ-тағы акциялар нарығының соңғы уақытта сауда соғысына байланысты құлдырауына қарамастан, «құлдырау кезінде сатып алатын» уақыт емес. Оның орнына Йео инвесторларға портфельді қайта құрылымдап, қазынашылық вексельдерге, депозиттік сертификаттар мен коммерциялық қағаздарға инвестиция салатын облигациялар мен ақша нарығы қорларының үлесін арттыруды ұсынады.
«Бағыттан таймаңыздар, нарықта қала беріңіздер», — деп атап өтті Йео. Тұрақсыздыққа қарамастан, ол үмітін үзбейді. «Биылғы жыл серпінді әрі құбылмалы болмақ. Бірақ қазіргі кезде бізге оң әсер ететін факторлар бар, сондықтан 2025 жылдың қалған бөлігіне үлкен үмітпен қараймын», — деді ол.
АҚШ-қа инвестиция салуды тағы кімдер ұсынады
Morgan Stanley осы аптада инвесторларға америкалық акцияларға қайта оралуға кеңес берді. Банктің стратегтері АҚШ экономикасы «кеш кезеңде» тұрғанын ескеріп, экономикалық циклдерге назар аударуға шақырады. Бұл — тұрақты өсімі бар сапалы компанияларға инвестиция салуға қолайлы уақыт дегенді білдіреді.
«Ірі капитализациясы бар компаниялар басым америкалық индекстер басымдыққа ие: олардың табыс өсімі жоғары әрі табыстарының құбылмалығы төмен», — дейді Morgan Stanley-дің бас нарықтық стратегi Майк Уилсон инвесторларға арналған жазбасында. Оның айтуынша, әлсіз доллар америкалық корпорациялардың жаһандық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Уилсонның пікірінше, тұрақты өсімге қажетті төрт шарттың екеуі америкалық нарықта қазірдің өзінде орындалды: АҚШ пен Қытай арасындағы ықтимал келісімге қатысты оптимизм пайда болды және компаниялардың пайдасына қатысты болжамдар тұрақталды. Банк пікірінше, нарық үшін келесі маңызды сынақ — S&P 500 индексінің 5750–5800 деңгейіне жетуі. Өсімнің жалғасуы үшін сарапшылар ФРЖ-ның жұмсақтау риторикасын және 10 жылдық қазынашылық облигациялар кірістілігінің 4%-дан төмендеуін күтеді.








