Пәкістан Үндістанға қарсы әскери операция бастады

10 мамыр күні, сенбіде, Үндістан мен Пәкістан арасындағы жағдай ушыға түсті. Пәкістан «Буньян-ум-Марсус» («қорғасыннан құйылған қабырға») атты әскери операцияның басталғанын жариялады. Исламабадтың мәлімдеуінше, Пәкістан армиясы үнді әуе базаларына жасалған зымыран шабуылдарына жауап ретінде Үндістанның бірнеше әскери нысанын атқылады.
Bloomberg агенттігі бұл жағдай ядролық қаруы бар екі елді үлкен соғысқа біртабан жақындатып отыр деп бағалады.
Егжей-тегжейі
Сенбі күні таңертең Пәкістан Үндістанның үш әуе базасына зымыранмен шабуыл жасағанын хабарлады. Олардың қатарында Равалпинди қаласындағы армия штабы орналасқан Нур әуе базасы да бар. Бұл қала ел астанасы Исламабадқа жақын орналасқан, деп хабарлайды жергілікті Geo TV арнасы.
Осы шабуылдан кейін Исламабад Үндістанның Пенджаб штатындағы және Кашмирдің үнді бақылауындағы бөлігіндегі әуе базалары мен өзге де әскери нысандарына соққы жасағанын мәлімдеді.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, Кашмир аймағындағы шабуылдар салдарынан бес бейбіт тұрғын қаза тапқан. Ал Үнді армиясы X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісінде Пәкістан тарапынан ұшырылған бірнеше дрон шабуылын тойтарғанын жазды.
Нью-Дели бұл жағдайды «Үндістанның батыс шекарасындағы ашық арандату» деп бағалап, «дұшпанның арам пиғылы іске аспайды» деп мәлімдеді.
Bloomberg агенттігінің мәліметінше, пәкістандық БАҚ-тар елдің премьер-министрі Шахбаз Шариф ядролық қару жөніндегі шешімдерді қадағалайтын Ұлттық командалық органның отырысын өткізгенін хабарлаған. Алайда вице-премьер Исхақ Дар бұл мәліметті Geo TV арнасына растаған жоқ. Ол тек: «Соғыс жағдайында бізде барлық мүмкіндіктер қарастырылған», – деп қысқа қайырды.
Пәкістан сенбі күнгі түске дейін өз әуе кеңістігін жапты. Үндістан да елдің солтүстігі мен батысындағы 32 әуежайды уақытша жапқанын және 15 мамырға дейін бірқатар әуе бағытын тоқтатқанын хабарлады.
Сол күні АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Пәкістан армиясының бас қолбасшысымен телефон арқылы сөйлесіп, жағдайды реттеуге Вашингтонның көмегін ұсынды. Ал G7 елдерінің сыртқы істер министрлері жұма күні екі елді сабыр сақтауға шақырып, «жағдайдың ушығуы өңірлік тұрақтылыққа зор қауіп төндіреді» деп мәлімдеді.
Бес күнге созылған әскери шиеленіс
6 мамырда екі тарап ұзақ үзілістен кейін алғаш рет бір-біріне әуе шабуылдарын жасағаннан бері әскери іс-қимылдар жалғасуда. Bloomberg агенттігі бұл жағдай кейінгі жылдардағы ең қауіпті деңгейге жетті деп бағалайды. Екі елдің ресми мәлімдемелеріне сүйенсек, осы бес күн ішінде кемінде 48 адам қаза тапқан, деп хабарлайды Reuters.
Жағдай сәуір айында Кашмирде болған терактіден кейін өршіді. Ол шабуылдан 26 адам қаза тапқан. Үндістан бұл оқиғаға Пәкістанды айыптаса, Исламабад мұны үзілді-кесілді жоққа шығарды.
Әскери жағдайдың ушығуы экономикалық салдарға да әкелді. Осы аптада үнді рупиясы АҚШ долларына қатысты соңғы үш жылдан бергі ең қатты құлдырауды көрсетті. NSE Nifty 50 үнді қор индексі біршама тұрақты болғанымен, жұма күні 1,1%-ға төмендеді. Ал Пәкістанның KSE-30 индексі 6 мамырдан бері шамамен 7%-ға арзандады.
Контекст
Кашмир мәселесіне байланысты Үндістан мен Пәкістан арасында қақтығыстар бірнеше рет қайталанған. Соңғы рет екі ел 2019 жылы соғыса жаздаған еді. Сол кезде жанкешті лаңкестің шабуылынан Үндістан қауіпсіздік күштерінің 40 қызметкері қаза тапқан еді. Үндістан бұл шабуылға Пәкістанды кінәлап, екі аптадан соң әуе соққысымен жауап берді. Бұған жауап ретінде Пәкістан үнділік ұшақты атып түсіріп, оның ұшқышын тұтқынға алды. Кейінірек ол босатылды. Осы оқиғалардан соң екі ел арасындағы жағдай біртіндеп сабырға келген болатын.








