АҚШ-та инфляция төрт жылдағы ең баяу қарқынмен өсті. Мөлшерлеме не болмақ?

АҚШ-та тұтынушылық бағалар сәуір айында күткеннен төмен өсіп, инфляция соңғы төрт жылда ең баяу қарқынмен тіркелді. Нарық бұл дерекке бейтарап көзқарас танытты — сәуірдегі көрсеткіштер ФРЖ-ның жоспарларына айтарлықтай әсер етпейді. Инфляциялық қысым әзірге бақылауда тұрғанымен, баждың экономикаға әсері алдағы айларда жарияланатын статистикадан көрініс табады, деп санайды экономистер.
Егжей-тегжейлі
АҚШ-та тұтыну бағаларының индексі (CPI) наурызбен салыстырғанда сәуір айында 0,2% өсті, дейді 13 мамырда Еңбек статистикасы бюросы. Жылдық мәнде индекс 2,3% артты. Бұл — 2021 жылдың ақпанынан бергі ең төменгі өсім. Экономистер CPI-дің айлық өсімі 0,2%, жылдық өсімі 2,4% болады деп болжаған, деп хабарлайды Dow Jones деректеріне сілтеме жасап. Наурыз айында тұтыну бағалары индексі болжамнан тыс төмендеп, 0,1% құрады. Ал мұндай қысқаруды ешбір сарапшы болжаған жоқ, бұл туралы Bloomberg еске салады.
Базалық индекс (Core CPI) — яғни азық-түлік пен энергия сынды құбылмалы бағаны есепке алмайтын көрсеткіш, сәуірде айлық мәнде 0,2% өсті, бұл Уолл-стриттегі болжамнан сәл төмен ( 0,3%). Ал жылдық мәнде 2,8% артты, бұл көрсеткіш күткен деңгеймен толық сәйкес келеді.
Осы деректер жарияланғаннан кейін S&P 500 индексі өсіммен ашылды, қазынашылық облигациялардың кірістілігі төмендеуді жалғастырды, ал доллар әлсіреді, деп жазады CNBC.
Бұл нені білдіреді?
Сәуір айына қатысты есеп нақты айқындық әкеле қойған жоқ: жаңа CPI деректері жекелеген баяулау белгілеріне қарамастан, баға өсімі тұрақты деңгейде қалып отырғанын көрсетті. Бұл жағдай инфляцияға қатысты алдағы болжамдардағы белгісіздікті одан әрі күшейтіп отыр, дейді Yahoo Finance.
Bloomberg келтірген Fitch Ratings-тің бас экономисі Брайан Коултонның айтуынша: «Қазіргі таңда тауар бағаларына баждың өсуі әлі әсер еткен жоқ. Қызмет көрсету секторындағы инфляция әлі де тұрақты көрінеді, ал автомобиль бағалары өсе бастады», — деді ол. Базалық инфляция алдағы айларда қайта өсуі мүмкін, себебі баж енгізілгенге дейін импортталған тауар қоры таусыла бастайды.
Morgan Stanley Wealth Management бас экономисі Эллен Зентнер де есепте сауда шектеулерінің әсері әлі көрініс таппағанын растайды: «Экономикаға баждардың ықпалы жоқ деуге болмайды — бұл әсер тек ресми статистикада әзірге толық көрініс таппаған». ФРЖ пайыздық мөлшерлемені төмендетуге асықпайды, себебі нақты айқындық пайда болғанша күтеді.
АҚШ пен Қытай өзара сауда тарифтерінің көп бөлігін уақытша тоқтатқаннан кейін, нарық ФРЖ-дің мөлшерлемені төмендетуіне қатысты күтулерін қайта қарады, дейді CNBC. Енді төмендету қыркүйекке дейін болмайды деген болжам басым. Трейдерлердің бағалауынша, Федрезерв биыл мөлшерлемені үш рет емес, тек екі рет қана төмендетуі мүмкін. Қыркүйек айына қарай баж салығының инфляция мен жалпы экономикаға әсері реттеуші орган үшін айқын болмақ, деп санайды Bloomberg.
Контекст
Өткен аптада ФРЖ негізгі пайыздық мөлшерлемені 4,25–4,5% аралығында сақтап қалу туралы шешім қабылдады. Бұл ретте экономикалық келешекке қатысты белгісіздік «одан әрі күшейгенін» атап өтті.
Наурыз айында реттеуші орган жіті қадағалайтын жеке тұтыну шығындары индексі (PCE) жылдық көрсеткіш бойынша 2,3%-ға дейін баяулады — бұл шамамен соңғы жарты жылдағы ең төменгі деңгей. Бұл жағдай АҚШ президенті Дональд Трамптың ФРЖ-ны мөлшерлемені қайта төмендетуге шақыруына себеп болды, деп толықтырды Reuters.








