Boeing Эр-Риядқа ұшақ жеткізеді. Акциялары 15 айдағы максимумға жетті

Сауд Арабиясы шамамен $1,5 млрд сомасына 30 дана Boeing 737 Max ұшағын сатып алуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Bloomberg дереккөздерге сілтеме жасап. Бұл келісім АҚШ президенті Дональд Трамптың Таяу Шығысқа сапарымен тұспа-тұс келіп отыр. Осыған дейін Қытай өз әуе компанияларына Boeing ұшақтарын сатып алуға қайта рұқсат бергені 13 мамырда белгілі болды — бұл шешім АҚШ-пен сауда қатынасындағы уақытша бітімнен кейін қабылданған. Аталған жаңалықтар аясында Boeing акциялары 3%-дан аса өсіп, 2024 жылдың ақпанынан бергі ең жоғары көрсеткішке жетті.
Егжей-тегжейлі
Сауд Арабиясының егеменді қоры — Public Investment Fund (PIF) өзінің лизингтік компаниясы AviLease үшін 30 дана тар фюзеляжды Boeing 737 Max ұшағын сатып алады. Bloomberg дерегінше, келіссөздер құпия түрде жүргізіліп жатыр, ал Boeing пен AviLease бұл ақпаратқа әзірге түсініктеме берген жоқ. Ishka консалтингтік компаниясының бағалауынша, осындай ауқымдағы мәміленің нарықтық құны $1,5 млрд-тан асады (жеңілдіктерді ескере отырып).
Бұл Boeing компаниясы үшін бір күн ішінде екінші жағымды жаңалық. Бұған дейін Қытай АҚШ-тық өндірушіге қатысты тыйымды алып тастап, жергілікті әуе компанияларына ұшақ сатып алуға рұқсат бергені хабарланған болатын. Boeing биыл Қытайға шамамен 50 ұшақ жеткізуді жоспарлаған, енді компанияға жаңа сатып алушылар іздеудің қажеті болмайды. Сонымен қатар, Қытай Boeing үшін стратегиялық маңызды нарық болып табылады — алдағы 20 жылда бұл елге әлемдік сұраныстың 20%-ға дейіні тиесілі болуы мүмкін. Қазіргі таңда қытайлық әуе компанияларының тапсырыстары Boeing-тің жалпы коммерциялық портфелінің шамамен 10%-ын құрайды.
Boeing акциялары 13 мамырдағы сауда-саттықта бір сәтте 3%-дан аса өсіп, $205,1-ге жетті — бұл 2024 жылдың ақпанынан бергі ең жоғары баға көрсеткіші болды.
Контекст
Сауд Арабиясымен жасалған келісім Трамптың Таяу Шығысқа сапарымен тұспа-тұс келіп отыр. Аймақтағы ірі әуе тасымалдаушылары осы сапар аясында жаңа келісімдер жасауға дайындалып жатыр, деп жазады Bloomberg. Мысалы, Катарда Qatar Airways компаниясы да ірі тапсырыс бермек. Boeing компаниясының бас директоры Келли Ортберг Трампты сапар барысында ертіп жүрген америкалық топ-менеджерлер делегациясының құрамында.
Компанияның жай-күйі
Boeing сәуір айында 45 коммерциялық ұшақ жеткізді, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен екі есе көп, сондай-ақ наурыз айымен салыстырғанда төрт ұшаққа артық, дейді Reuters. Бұл — Boeing қатарынан төртінші ай бойы тапсырыс берушілерге 40-тан аса ұшақ тапсырған кезең. Компания ең көп сатылатын моделі 737 Max ұшағының өндіріс қарқынын тұрақтандыруға күш салып жатыр, себебі 2024 жылы бұл модельдің құрастыру сапасына қатысты ақаулар анықталған, деп еске салады агенттік.
Америкалық өндіруші әлі де өз еуропалық бәсекелесі Airbus-тан артта қалып келеді. Airbus сәуірде 56 ұшақ жеткізіп, 11 жаңа тапсырыс алды. Мамыр айында екі компания да ірі көлемдегі жаңа тапсырыстарға қол жеткізді. Олардың қатарында British Airways үшін IAG холдингінің берген тапсырысы бар: Boeing 787-10 — 32, Airbus A330-900neo — 21 дана.
Сарапшылар ұсынады
Жыл басынан бері Boeing акциялары 15,5% қымбаттады, ал соңғы бір айда компанияның нарықтық құны шамамен үштен бірге өсті. MarketWatch деректеріне сәйкес, авиақұрылысшы компанияның акцияларын 31 сарапшы бақылап отыр. Оларды сатып алуға кеңес береді — 19(Buy және Overweight бағалары), ұстауға кеңес береді — 10 (Hold), сатуға ұсыныс білдірген — 2 сарапшы (Underweight және Sell). Уолл-стриттегі консенсус-баға $201,24-ті құрайды, бұл 12 мамырдағы сауда жабылуындағы бағадан 1,3% жоғары.








