Нью-Йорктағы таң: «бұқалар» тренді қайта оралуда

Freedom Capital Markets Research директорының орынбасары Михаил Денисламов әзірлеген АҚШ қор нарығындағы оқиғаларға күнделікті шолуы және болжамы.
Бүгін не күтеміз
14 мамырда сауда қатысушыларының назарында ФРЖ басшылығының өкілдері Кристофер Уоллер, Филип Джефферсон және Мэри Дейлидің түсініктемелері болады. Нарық мөлшерлемелерді төмендету қадамдарын қыркүйекке шегерді, сондықтан ақша-несие саясатына қатысты кез келген риторикалық өзгерістер инвесторлардың көңіл-күйіне әсер етуі мүмкін. 14 мамырда маңызды макроэкономикалық деректер жарияланбайды. 15 мамырда сәуір айының бөлшек сауда статистикасы мен Джером Пауэллдің сөз сөйлеуі жоспарланған.
Инвесторлар арасында Дональд Трамптың Парсы шығанағы елдеріне сапары үлкен қызығушылық тудыруда. Президент Сауд Арабиясында болды, енді Катар мен БАӘ-ге барады. Осы келіссөздерден пайда көретін сектор — жартылай өткізгіштер өндірісі. 13 мамырда SOXX және SMH индустриалдық ETF-тері шамамен 3%-ға өсті, бұл импульс жалғасуы мүмкін. Бұл динамика геосаяси күн тәртібі мен технологиялық басымдықтардың жиі тоғысып жатқанын, жасанды интеллектке қатысты акцияларға оң ықпал ететінін көрсетеді.
Сауда ашылғанға дейін Dynatrace (DT), MakeMyTrip (MMYT) және Global-e Online (GLBE) компаниялары тоқсандық есептерін ұсынады. Сауда сессиясынан кейін Cisco Systems (CSCO), CoreWeave (CRWV), STERIS (STE), Boot Barn (BOOT), IREN Limited (IREN) және Nextracker (NXT) нәтижелерін жариялайды.
АҚШ индекс фьючерстері бейтарап динамиканы көрсетуде. Қытай акциялары өсіп жатыр. Алтын бағасы аздап төмендеуде — бұл қорғаныс активтеріне сұраныстың салқындағанын білдіреді. Алдағы сессия үшін тәуекел балансы — қалыпты құбылмалылық жағдайында оң. S&P 500 индексінің 5850–5940 пункт аралығында (сейсенбідегі жабылудан −0,6%-дан +0,9%-ға дейін) қозғалуын болжаймыз.
Басты назарда
— American Eagle Outfitters (AEO) макроэкономикалық белгісіздікке байланысты жылдық болжамынан бас тартып, ағымдағы тоқсандағы әлсіз нәтижелер туралы ескерткеннен кейін постмаркетте 13%-дан астам құлдырады. Бұған дейін жарияланған болжам маусымдық сатылымдардың өсуін көрсеткен болатын.
— Telefonica (TEF) Перу мен Аргентинадағы активтердің құнсыздануына байланысты €1,3 млрд шығын көрсетті. Бұл жаңалық компания акцияларына қысым түсірді, дегенмен табыс күткеннен жоғары болды, ал жылдық болжам сақталды. Компания жоғары қайтарым беретін нарықтарға назар аудара бермек.
— Израильдік eToro (ETOR) сауда платформасы және оның акционерлері Nasdaq-та IPO арқылы 620 млн доллар тартты. Акциялар 52 доллардан сатылып, бағалау диапазонының жоғарғы шегінен асып түсті. Негізгі андеррайтерлер — Goldman Sachs, Jefferies, UBS және Citigroup.
Кеше не болды
13 мамырда АҚШ қор нарығында аралас динамика байқалды. S&P 500 және Nasdaq 100 тиісінше 0,72% және 1,58% өсті, ал Dow Jones 0,64%-ға төмендеді. Russell 2000 индексі 0,49%-ға көтерілді. Ең маңыздысы — кең нарық индексі жыл басынан бері табыстылық бойынша оң аймаққа шықты. Сәуір айындағы минимумдардан бастап 21,5%-ға өсті. Nvidia (NVDA: +5,63%) Сауд Арабиясының егемендік қорымен стратегиялық серіктестік жариялағаннан кейін технологиялық сектор (XLK: +2,16%) көш бастады. Ал денсаулық сақтау секторы (XLV: −3,01%) әлсіз болды — медициналық сақтандыру мен биофарма сегменттеріндегі акциялар сатылымға түсті.
Сәуір айындағы тұтыну бағаларының индексі (CPI) айлық өсімі бойынша 0,22%, ал базалық көрсеткіш 0,24%-ды құрады. Екі көрсеткіш те консенсустен төмен болып, Freedom Broker болжамына сай келіп, дезинфляциялық үрдістің жалғасуын растады. Қызмет көрсету секторындағы инфляция күткеннен жоғары болды, бірақ бұл тауар бағасының төмендеуімен өтелді. Біздің бағалауымызша баж салығына қатысты негізгі әсер маусым мен қазан аралығында көрінеді. Алайда тарифтік даулардың ішінара шешілуі бұл әсерді жұмсарта алады. PCE дефляторына болжам — +0,23% айлық өсім.
Нарық АҚШ пен Қытай арасындағы сауда қатынастарындағы шиеленістің бәсеңдеуін және тарифтерді төмендетуге қатысты оң сигналдарды сатып алулармен қабылдауда. Бұл S&P 500 табысы болжамдарының қайта қаралуына ықпал етті. Дегенмен Ақ үйдің сауда саясатына қатысты белгісіздік пен серіктес елдермен ортақ шешімге келудегі қиындықтар инвесторлардың сақтық танытуына себеп болып отыр. Сондай-ақ фискалдық күн тәртібі мен SALT-шектеулеріне қатысты өзгерістер де назарда.
NFIB шағын бизнес оптимизмі индексі сәуірде 1,6 тармаққа төмендеп, 95,8-ге жетті — бұл 51 жылдық орташа деңгейден екінші ай қатарынан төмен. Есепке сәйкес белгісіздік жұмысқа алу мен инвестициялық жоспарларды шектеп отыр. Капиталдық шығындарды жоспарлаған компаниялардың үлесі 2020 жылдың көктемі деңгейіне дейін қысқарған.
Компания жаңалықтары
— Sea Limited (SE: +8,2%) акциялары күтпеген жерден операциялық пайда өсіміне және консенсустан үштен бірге жоғары EBITDA көрсеткішіне байланысты айтарлықтай өсті. Компания барлық сегменттерінде табыстылық жақсарғанын мәлімдеп, жылдық мақсаттарға сенімді екенін білдірді.
— JD.com (JD: +3,3%) күшті тоқсандық нәтижелер мен маржаға басымдық бергені үшін инвесторлардан оң баға алды. Басшылық тауар және қызмет көрсету дивизиондарындағы тұрақты табыс өсімін атап өтіп, қарыз жүктемесін азайтудың маңызына баса назар аударып өтту.
— UnitedHealth Group (UNH: −17,8%) акциялары бас директор Эндрю Уиттидің күтпеген жерден қызметінен кетуі туралы жаңалыққа байланысты күрт төмендеді. Сонымен қатар компания Medicare Advantage бағдарламасына қатысты белгісіздік пен медициналық шығындардың өсуіне байланысты жылдық болжамын қайтарып алды.








