Goldman Sachs: Құлдыраудан кейін инвесторларға қайтпек керек?

S&P 500 индексі қатты құлдыраудан кейін қайтадан «жасыл аймаққа» шықты.
Goldman Sachs компаниясының жаһандық акциялар бойынша бас стратегi Питер Оппенгеймер АҚШ пен Қытай арасындағы саудадағы уақытша бітімнен кейін орын алған S&P 500 индексінің раллисінен соң инвесторларға қалай әрекет ету керектігі жөнінде бірнеше кеңес берді.
Стратег қандай кеңес берді?
1. Инвесторлар қандай типтегі «аю нарығымен» бетпе-бет келгенін (немесе әлі де соны бастан кешіп жатқанын) анықтауы керек, дейді Goldman Sachs компаниясының сарапшысы Питер Оппенгеймер. Ол үш негізгі түрді ажыратып алу керек деп санайды. Біріншісі — құрылымдық. Бұл ең ауыр және ұзаққа созылатын түрі. Мысалы, 1980 жылдардың соңындағы Жапониядағы дағдарыс немесе 2008 жылғы жаһандық қаржы дағдарысы. Екіншісі — циклдік. Бұл жиі кездесетін және әдетте рецессияның белгісі болатын түрі. Үшіншісі — оқиғалық. Бұл экономиканы шайқалтатын күтпеген оқиғалардан туындайды. Оппенгеймердің пікірінше, АҚШ-та циклдік баяулау белгілері байқалғанымен, бұл жолғы жағдай оқиғалық сипатта болды. Себебі күрт құлдырауға басты себеп болған — 2 сәуірдегі «Босану күні» деп аталған оқиға. Сол күні Дональд Трамп АҚШ-тың негізгі сауда әріптестеріне қатысты кедендік баж салығын көтеретінін мәлімдеген.
2. Қолма-қол ақшаның үлесін арттырған дұрыс. АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысында уақытша бітім жарияланғаннан кейін нарық біраз тынышталғанымен, Goldman Sachs стратегі негізгі қауіптердің әлі де сақталып отырғанын ескертеді. АҚШ-тағы импорттық баж салықтары 2 сәуірге дейінгі деңгеймен салыстырғанда әлі де жоғары — орташа есеппен 13%. Оның айтуынша, сонымен қатар, экономикалық өсім қалыпты деңгейде ғана болады.
«Қор нарығындағы ерекше жылдам түзетулер оқиғалық сипаттағы «аю нарығына» тән. Мұндай жағдайлар көбіне тұрақты өсуге ұласпайды. Егер жағдай әдеттегі сценарий бойынша өрбісе, нарықтағы әрі қарайғы өсімнің әлеуеті шектеулі болады», — деді Оппенгеймер.
3. Портфельді әртараптандыру. Goldman Sachs доллардың әлсіреуіне байланысты инвесторларға АҚШ-тан тыс нарықтарға назар аударуға кеңес береді. Бұл құбылыс америкалық активтердің тартымдылығын төмендетіп отыр. АҚШ активтері әлі де капитал бойынша жоғары кіріс көрсеткенімен, бұл артықшылық біртіндеп азаюда, деп атап өтеді стратег. Перспективалы бағыттардың қатарында ол Германия, Италия және Гонконг нарықтарын, сондай-ақ еуропалық банктерді атайды. Оның ойынша, бұл сектор әлі де бағаланбай отыр.
4. Тұрақты және сапалы өсім көрсететін компанияларға назар аудару қажет. Яғни, табысын жүйелі түрде қайта инвестициялап, бір акцияға шаққандағы табысын тұрақты түрде арттырып отыратын бизнес түрлері. Бұған қоса, сарапшының пікірінше, «құндық» қағаздар да тартымды болып қала береді. Мұндай компаниялардың табысы акцияларды кері сатып алу және дивидендтерді арттыру арқылы қамтамасыз етіледі. Оның айтуынша, шығындар өскен жағдайда нарық бағаны ұстап тұруға қабілетті, табыстылығын жоғалтпайтын бизнес түрлерін жоғары бағалайтын болады.
Goldman Sachs тағы не деді?
АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысының уақытша тоқтауына байланысты Goldman Sachs АҚШ-та алдағы 12 айда рецессия болуы мүмкін деген болжамын 45%-дан 35%-ға дейін төмендетті. Сонымен қатар, инвестициялық банк жылдың соңына қарай негізгі қор индексі — S&P 500 бойынша мақсатты межені 5900-ден 6100 пунктке дейін көтерді. Бұл жаңа болжам 13 мамырдағы жабылу деңгейімен салыстырғанда индекстің шамамен 3,6% өсетінін болжайды.
Сонымен қатар, банк америкалық акциялар бойынша бейтарап ұстанымын сақтап отыр және олардың көпшілігі күрт қалпына келуден кейін қайтадан асыра бағаланған мультипликаторлармен саудаланып жатқанын атап өтеді.
Goldman Sachs президенті Джон Уолдрон да инвесторлардың өз портфельдеріндегі долларлық активтердің үлесін біртіндеп бейтарап деңгейге қайтара бастағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл жаппай капиталдың кетуі дегенді білдірмейді. Әңгіме бұрын қалыпты деңгейден 10–30%-ға көп болған артық позицияларды қысқарту туралы болып отыр.
Контекст
Сауда соғысы шарықтау шегіне жеткен сәуір айында S&P 500 индексі жыл басымен салыстырғанда 17%-дан астам төмендеген еді. Алайда Трамптың Қытай және Ұлыбританиямен жасасқан сауда келісімдері америкалық акциялардың күрт өсуіне себеп болып, кең нарық индексі қайтадан оң аймаққа оралды. Кейбір сарапшылар, соның ішінде Goldman Sachs, осы жағдайдан кейін индекстің өсуіне қатысты болжамдарын жақсартты. Өз болжамын қайта қарағандардың бірі — Yardeni Research сарапшысы Эд Ярдени. Ол индекстің мақсатты деңгейін бірден 6000-нан 6500 пунктке дейін көтерді. Бұл 13 мамырдағы жабылу деңгейінен 10,5%-ға жоғары.
Ал UBS-тің бас инвестициялық директоры Марк Хефеле керісінше, америкалық акцияларға қатысты рейтингін «тартымды» деңгейден «бейтарап» деңгейге дейін төмендетті. Өйткені сауда соғысына байланысты үзіліс уақытша, ал белгісіздік әлі де жоғары күйінде қалып отыр. Deutsche Bank стратегтері де S&P 500 индексінің раллиі ұзаққа созыла қоймайды деп санайды. Инвестбанктің айтуынша, америкалық компаниялар кедендік баж салығының төмендеуінен ең үлкен пайда көргенімен, бұл артықшылық қысқа мерзімді ғана болады.








