БастыReview
Бөлісу

Netflix, «шайтан металл» және апатқа ұшыраған көліктер: сауда соғысынан қорғану жолы

Игорь Клюшнев

Игорь Клюшнев

Сооснователь Freedom Holding Corp., основатель Freedom On Air
Netflix, «шайтан металл» және апатқа ұшыраған көліктер: сауда соғысынан қорғану жолы

Дональд Трамптың тарифтік саясаты жаһандық нарықтарға орасан зор құбылмалылық пен белгісіздік әкелді. Қытай мен АҚШ кедендік алымдарды 90 күнге өзара төмендетуге келіскеніне қарамастан, инвесторлар жағдайдың нашарлап кетпейтініне сенімсіздік танытуда. Freedom Holding компаниясының тең құрылтайшысы Игорь Клюшнев сауда соғысына «иммунитеті» бар акциялар туралы тарқатып айтып берді.

Netflix

Netflix-тің жазылымға негізделген бизнес-моделі мен аудиторияның жаһандық әртараптандырылуы компанияны кедендік алымдардың күрт өзгерісінен қорғайды.

Стримингтік платформа физикалық тауарларды импорттамайды және экспорттамайды, сондықтан оған кедендік тарифтер тікелей әсер етпейді. Сонымен қатар, Netflix қолданушыларының тартылуы өте жоғары — көрермендер күн сайын шамамен екі сағатты контент көруге арнайды, ал жазылушылардың кету деңгейі тарихи тұрғыдан төмен. Жарнамалық табыс компанияның жалпы табысының 3%-дан азын құрайды. Жақын арадағы бес жылда Netflix бұл бағытты күшейтуді жоспарлап отыр, бірақ әзірге жарнама нарығындағы қысқару оның табысына айтарлықтай әсер ете қоймайды.

Бизнес географиясы да компанияны қолдау болуда, табыстың шамамен 40–45%-ы АҚШ-қа тиесілі, бұл халықаралық шектеулер жағдайында қауіпсіздік жастығы қызметін атқарады. Қалған табыс Еуропа мен Азияны қоса алғанда, бүкіл әлемге таралған.

Netflix компаниясында болып жатқан оқиғалар қызықты. Ішкі инновациялық мәдениеті бизнестен тыс та таралады. Бірнеше жыл бұрын инженерлік хакатондардың бірінде әзірлеушілер теледидарды қашықтан басқару құралынсыз — басты қозғалтатын құрылғы арқылы — басқару жүйесін ойлап тапты. «Телепатиялық» басқару идеясы өндіріс деңгейіне жетпесе де, жүздеген инженерге шабыт сыйлады. Бұл Netflix тек деректер мен контент туралы ғана емес, сонымен қатар шексіз қиял мен жаңашылдық туралы екенін көрсетеді.

Barrick Mining (бұрынғы Barrick Gold)

Barrick Mining — әлемдегі ең ірі алтын өндірушілердің бірі. Компанияның қоры шамамен 104 миллион унция алтынды құрайды — бұл оны 30 жылдан астам уақыт бойы өндіруге жетеді.

Сауда шиеленістері мен экономикалық тұрақсыздық жағдайында алтын инвесторлар үшін дәстүрлі түрде «тыныш айлақ» саналады. Протекционистік саясат пен сауда соғыстары кезінде алтын бағасы тарихи рекордтарды жаңартты. Металл бір кездері бір унциясы үшін $3500-ға дейін көтерілді, кейін бағасы сәл түсті. Алайда Goldman Sachs, Societe Generale және Macquarie сияқты ірі инвестбанк өкілдері алтын бағасы биыл да өседі деп болжайды — АҚШ экономикасының баяулау қаупі, инфляцияның күшеюі, тарифтік жанжалдар мен геосаяси тұрақсыздық осыған ықпал етеді.

Мұндай жағдай Barrick-ке тиімді, жоғары алтын бағасы компанияның қаржылық көрсеткіштерін жақсартады. Директорлар кеңесі алтын бағасының өсуі арқасында төртінші тоқсандағы табыс болжамнан асып түскен соң, $1 млрд көлемінде акцияларды кері сатып алу бағдарламасын жариялады.

Айтпақшы, компанияның атауы 2025 жылдың 6 мамырында Barrick Gold-тен Barrick Mining-ке өзгертілді, ал 9 мамырдан бастап NYSE-дегі тикері GOLD-тен қысқа әрі беделді B әрпіне ауысты. Бұл қадам компанияның стратегиясындағы өзгерісті — тек алтын емес, мыс өндірісін де дамытуға бет бұрғанын көрсетеді. Қазір мыс өндірістің шамамен 20%-ын құраса, компания оны онжылдық соңына дейін 30%-ға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. NYSE-дегі бір әріптен тұратын тикер — өте сирек кездесетін әрі беделді белгі.

Endeavour Silver

Алтын рекордтар орнатып жатса, күміс әзірге артта келе жатыр. Бірақ күміс өндіруші компаниялар үшін өсу әлеуеті жоғары. Қазір нарықтағы құбылмалылық қалыпты деңгейге оралды — мысалы, «қорқыныш индексі» VIX сәуірдің бірінші жартысында 40-қа жетсе, қазір 20-дан төмен.

Күміс бағасының күрт құбылуына байланысты трейдерлер оны «шайтан металы» деп атайды. Бұл әзіл-шыны аралас атау: күміс бағасы алтынға қарағанда тез әрі қатты өзгереді. Бірақ дәл осы себептен, қымбат металдар нарығы өссе, күміс көбінесе алтыннан да тез өседі. Тәуекел жоғары, бірақ берер табысы да сондай.

Endeavour Silver — орта деңгейлі күміс өндіруші және өсу әлеуеті бар компания. Ол қатаң тәртіпке сүйеніп жұмыс істейді және бағалар динамикасына өте сезімтал. Freedom Broker есебінше, күміс бағасының құбылмалылығы алтынға қарағанда екі есе жоғары. Демек, металл нарығы қайтадан өссе, Endeavour сияқты компаниялардың акциялары күрт көтерілуі мүмкін.

Copart

Қымбат металдардан — көліктің сынық бөлшектеріне көшейік. Copart — Солтүстік Америкадағы зақымданған көліктердің ең ірі онлайн-аукцион операторы. Яғни, егер көлікті жөндеу тиімсіз болса, сақтандыру компаниясы оны Copart арқылы аукционға шығарады. Компания АҚШ-тан бөлек, Канада, Бразилия, Ұлыбритания, БАӘ, Ирландия және басқа елдерде де жұмыс істейді.

АҚШ-тағы бүлінген көлік нарығын екі алпауыт — Copart және оның басты бәсекелесі RB Global — бөлісіп алған, Freedom Broker шолуы бойынша олардың үлесіне 80% сауда түседі. Бұл ауқым оларға үлкен артықшылық береді: сақтандыру компанияларына тиімді шарттар ұсынып, ірі көлемде көлік сатып ала алады. Демек, жаңа ойыншыларға бұл нарыққа кіру өте қиын. Бұл — бәсекелестерден қорған.

Бұдан бөлек, АҚШ-тағы апатты көлік нарығы тұрақты өсіп келеді, жолдағы көліктер ескіруде, ал жаңа көліктер күрделеніп, жөндеу қымбатқа түседі. Соның салдарынан жөндеуге келмейтін көліктер саны артып келеді.

Соңғы бес жылда Copart-тың кірісі жылына орта есеппен 15,7%-ға өскен. Компанияның бизнес-моделі автосаладағы жалпы циклдік тәуелділікке қарағанда әлдеқайда тұрақты. Оның таза қарызы жоқ (қолма-қол қаражат қарыздан көп), ал операциялық маржасы шамамен 37% — бұл ең жақын бәсекелестерден жоғары көрсеткіш. Мұның бәрі Copart-ты тұрақты бизнес етуде. АҚШ импорттық автокөліктер мен қосалқы бөлшектерге кедендік салықтар енгізсе де, апатты көліктер мен олардың сатылуына деген сұраныс азаймайды.

Компанияның ауқымын өзіңіз елестетіп көріңіз, Copart аукциондарында әр жеті секунд сайын бір көлік сатылады! Жылына 4 млн-нан астам көлік айналымға түседі — мұндай ауқымды тек жекелеген ғана бизнес қана игере алады. Сондықтан Copart-ты автосектордың «үнсіз көшбасшысы» деп атауға болады.

Visa

«Тарифтік иммунитеті» бар компаниялардың қатарына цифрлық төлемдер саласындағы жаһандық көшбасшы — Visa да кіреді. Экономикадағы құрылымдық өзгерістер онлайн-төлемдерге сұранысты арттырып отыр, ал осы бағытта Visa тұрақты бизнес-моделімен ерекшеленеді.

Әрине, жаһандық саудадағы күйзелістер транзакциялар көлемін азайтуы мүмкін, бірақ мұндай компаниялар күрделі жағдайда да табысты болып қала береді.

Бұған пандемия кезіндегі динамика дәлел бола алады — төлем платформаларының акциялары тез қалпына келді.

Visa-ның қаржылық нәтижелері бизнес тұрақтылығын көрсетеді: 2025 қаржы жылының екінші тоқсанында таза кіріс 9%-ға өсіп, $9,6 млрд-қа жетті. Бір акцияға шаққандағы пайда (EPS) $2,76 болып, Zacks консенсус-болжамынан ($2,68) 3%-ға жоғары болды. Freedom Broker сарапшыларының пікірінше Visa акциялары жоғары табыстылығы мен тарифтік тәуекелдерге төмен сезімталдығы арқасында тартымды.

Visa-ның бизнес көлемі таңғаларлық, 2024 жылы ол 233 миллиардтан астам транзакцияны өңдеді — бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 10%-ға көп. Яғни, күн сайын желі арқылы шамамен 640 миллион транзакция өткен.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары