Апта жаңалығы: Трамптың туры, Moody’s АҚШ рейтингін түсірді, Ресей–Украина келіссөзі

АҚШ президенті Дональд Трамп, Парсы шығанағындағы елдермен $3 трлн-нан аса инвестиция тарту жөнінде келісім жасағанын мәлімдеді. Бұл — оның Катар, Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ) және Сауд Арабиясына жасаған сапарының нәтижесі. Moody’s агенттігі АҚШ-ты ең жоғары несие рейтингінен айырды. Аптадағы басты геосаяси оқиға — 2022 жылдан бергі Ресей мен Украина арасындағы алғашқы келіссөздердің Стамбұлда өтуі болды. Егжей-тегжейлі мамыр айының үшінші аптасындағы маңызды жаңалықтар шолуын назарларыңызға ұсынамыз.
Аптаның теріс жаңалығы: Moody’s АҚШ-ты ең жоғары несие рейтингінен айырды.
Moody’s рейтингтік агенттігі 16 мамырда АҚШ-тың несиелік рейтингін ең жоғары деңгейдегі Aaa-дан Aa1 деңгейіне төмендетті. Moody’s бұл шешімді қабылдаған үш ірі агенттіктің соңғысы болды. Агенттік болжамы – тұрақты. Moody’s сарапшыларының пікірінше, АҚШ-тағы бюджет тапшылығы мен мемлекеттік қарыстың артуы соншалық, ел экономикасының ауқымы мен доллардың резервтік валюта ретіндегі мәртебесі фискалдық жағдайдың нашарлауын толық өтей алмайды.
Moody’s алдағы он жылда АҚШ шығындары мен бюджет тапшылығын айтарлықтай қысқарта алмайды дейді. Тапшылық көлемі өсе береді, себебі кіріс айтарлықтай өзгермейді, ал әлеуметтік шығындар ұлғая түседі. Агенттік болжамынша, 2035 жылға қарай АҚШ бюджетінің тапшылығы ЖІӨ-нің 9%-ына дейін жетуі мүмкін (2023 жылы — 6,4%), ал мемлекеттік қарық ЖІӨ-нің 98%-ынан 134%-ына дейін өседі. Бұдан бөлек, бюджет кірісінің шамамен 30%-ы қарызды өтеуге жұмсалатын болады (2024 жылы бұл көрсеткіш 18% болған). Салыстыру үшін, Aaa рейтингіне ие өзге елдерде бұл көрсеткіш орта есеппен 1,6% ғана.
Президент Трамп мемлекеттік қарызды азайтуды — негізгі басымдықтардың бірі деп атаған. Бұл мақсатқа жету үшін кедендік баж салығын көтеру арқылы түсетін табыс пен Мемлекеттік басқарудың тиімділігі департаментінің (DOGE) шығындарды қысқарту шаралары көмектесуі тиіс еді. Moody’s шешімінен кейін онжылдық мемлекеттік облигациялар табыстылығы 4,49% дейін өсті.
Апта келісімдері: Трамп Таяу Шығыстан нақты қанша инвестиция әкелді?
АҚШ президенті Дональд Трамп төрт күн ішінде үш елге — Сауд Арабиясы, Катар және Біріккен Араб Әмірліктеріне (БАӘ) сапармен барды. Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бен Салманмен бірлескен іс-шарада сөйлеген Трамп бұл елдің АҚШ экономикасына $1 трлн инвестиция салуға ниетті екенін мәлімдеді. Катармен $1,2 трлн көлеміндегі жобалар бойынша ынтымақтастық туралы уағдаластыққа қол жеткізілген, ал БАӘ-мен де ауқымды келісімдер жасалды. Жалпы алғанда, араб елдерімен АҚШ-қа $3,6 трлн инвестиция тарту туралы келісімдер жасалған.
Алайда нақты шарттар мен келісімдерге сүйенсек, бұл сома бұдан әлдеқайда аз болуы мүмкін. Сауд Арабиясының уәде еткен $1 трлн көлемі елдің бүкіл ЖІӨ-сіне тең келеді, деп жазады Bloomberg. Кейінірек Ақ үй жасалған келісімдердің жалпы көлемі $2 трлн-нан асқанын хабарлады.
Нақты белгілі келісімдер қандай?
– АҚШ пен БАӘ, NVIDIA H100 чиптерінің 1 млн-нан аса данасын жеткізуге келісті. Бұл — АҚШ тарихындағы шетелге бағытталған ең ірі чип жеткізілімі. Бұл чиптер генеративті ЖИ жүйелерінде, соның ішінде GPT үлгісін оқыту мен қолдануда қолданылады. Сондай-ақ БАӘ-де қуаты 5 гигаватт болатын дата-орталық салу жоспарланған. Жобаны эмираттық G42 компаниясы америкалық серіктестермен бірлесіп жүзеге асырады. Дата-орталық 2,5 млн H100 чипінің жұмысын қолдай алады, бұл оны АҚШ-тан тыс ең ірі ЖИ инфрақұрылымына айналдырады. Жобаның нақты құны белгісіз. Бұған дейін G42 Microsoft-пен $1,5 млрд көлеміндегі келісім жасап, қытайлық серіктестерден бас тартқан болатын.
– Сауд Арабиясы да NVIDIA және AMD компанияларынан ондаған мың ЖИ үдеткіші алуға ниетті. Бұл ауқымы жағынан БАӘ-дегі жобамен ұқсас. Келісім шеңберінде технологиялардың үшінші елдерге берілмеуін қамтамасыз ету жөнінде міндеттемелер қарастырылған.
— Qatar Airways әуе компаниясы Boeing-пен 130 дана 787 Dreamliner және 30 дана 777X ұшағын сатып алу туралы келісімге қол қойды. Қосымша 50 ұшаққа арналған опцион да қарастырылған. Алғашында Трамп бұл келісімді $200 млрд деді, кейін Ақ үй оны $96 млрд деп нақтылады. Алайда нарықтағы әдеттегі жеңілдіктерді ескере отырып, сарапшылар келісімнің шынайы құнын $30 млрд-тан төмен деп бағалап отыр. Бұдан бөлек, мемлекет қолдайтын Qatar Investment Authority қоры алдағы онжылдықта АҚШ-қа қосымша $500 млрд инвестиция салуға уәде берді. Сонымен қатар, Etihad Airways (БАӘ) компаниясы Boeing 787 және 777X ұшақтарына 28 бірлікке тапсырыс бергенін растады. Ақ үй келісімді $14,5 млрд деп бағаласа да, сала сарапшылары оның нақты құнын ұшақ конфигурациясына байланысты $5–6 млрд деп болжайды.
— АҚШ пен Сауд Арабиясы арасында $142 млрд көлемінде әскери келісімге қол қойылды. Ол әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін жеткізуді, жағалауды қорғау жүйесін жаңғыртуды және басқа да қорғаныс технологияларын қамтиды. Ақ үйдің дерегінше, Сауд Арабиясымен жасалған барлық келісімдердің жалпы сомасы шамамен $600 млрд болған.
Апта дәйексөзі: Трамп Apple-дің Үндістандағы жоспары жайлы пікірі
Дональд Трамп 15 мамырда Apple компаниясының бас директоры Тим Кукпен сөйлескенін және компаниядан өндірісті Үндістанға көшірмеуді сұрағанын мәлімдеді: «кеше Тим Кукпен кішкене мәселе болды. Мен оған айттым: “Тим, сен менің досымсың. Менің саған ара-қатынасым жақсы болды. Сен АҚШ экономикасына $500 млрд инвестициямен келіп отырсың. Бірақ, енді сенің Үндістанда әр жерде өндіріс салып жатқаныңды естіп тұрмын. Мен сенің Үндістанда өндіріс салғаныңды қаламаймын”» (CNN).
Трамптың айтуынша, Apple АҚШ-тағы өндірісті кеңейтуге уәде берген.
Бұған дейін Apple америкалық нарыққа арналған құрылғылар өндірісін Қытайдан Үндістанға көшіруді жоспарлап отырғанын мәлімдеген. Бұл қадам компанияның жеткізу тізбегіне әсер еткен кедендік баж салығы қысымын азайту мақсатында жасалған. АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы кезінде қос тарап бір-біріне қолданатын баж салығын үш таңбалы деңгейге дейін көтерген. Қазір екі ел 90 күнге баж мөлшерін төмендетуге келісті: АҚШ — Қытай тауарларына 145%-дан 30%-ға дейін, Қытай — америкалық өнімдерге 125%-дан 10%-ға дейін. Алайда Трамптың айтуынша, енді Үндістан да америкалық тауарларға салынатын барлық баж салығын алып тастауды ұсынған.
Трамптың Apple-дің Үндістандағы iPhone өндірісін кеңейту жоспарын сынауы, компания акцияларының бағасына қысқа мерзімге әсер етіп, 1%-ға жуық төмендеу байқалды. Алайда жалпы алғанда апта ішінде Apple акциялары 6,4% өсіп, жұма күнгі сауда жабылған сәтте бір акция бағасы $211,26-ны құрады.
Апта жеңімпазы: Big Tech
Трамптың Таяу Шығысқа сапары мен АҚШ–Қытай арасындағы уақытша сауда бітімі технологиялық компанияларға тиімді болды.
Nasdaq Composite технологиялық индексі мен кең нарықты қамтитын S&P 500 индексі 12 мамырда сәуірдегі ең төменгі көрсеткішпен салыстырғанда 20%-ға өсті. Апта қорытындысы бойынша Nasdaq Composite 7%-дан аса, ал S&P 500 — 5,3% өсім көрсетті.
NBC News-тің хабарлауынша, АҚШ Қытаймен сауда соғысында уақытша бітім жариялаған соң, америкалық компаниялар Қытайдан тауар жеткізуді күрт жеделдете бастаған. Бір апта ішінде жүкке тапсырыс беру көлемі 300%-ға жуық артқан. Кәсіпкерлер баж салығы уақытша төмендеген кезеңді тиімді пайдаланып, тауарды көптеп кіргізуге тырысып жатыр.
Алайда бұл белсенділік логистикада қиындықтар туындатуда. Контейнер, кеме, порттағы орын мен жүк көліктері жетіспеушілігі салдарынан жеткізу мерзімдері бірнеше айға кешігуі мүмкін. Басылымның жазуынша, бұл әсіресе жаз мезгілінде — мектепке дайындық пен мерекелік маусым кезінде бөлшек сауда секторына ауыр соққы болуы мүмкін.
Аптадағы геосаяси оқиға: Стамбұлда Ресей мен Украина арасындағы келіссөздер
Аптаның негізгі геосаяси оқиғасы — 2022 жылдан бергі Ресей мен Украина арасындағы алғашқы тікелей келіссөздердің Стамбұлда өтуі болды. Ресей президенті Владимир Путин Түркияға келмеді, ал Украина президенті Владимир Зеленский «ештеңе шешпейтін адамдармен» сөйлесуден бас тартты. Келіссөздер 16 мамыр, жұма күні өтті және екі сағатқа жетпей аяқталды. Киев пен Мәскеу Украина мен оның батыстағы одақтастары ұсынған 30 күндік оқ атпау режимі туралы келісімге келе алмады.
Алайда тараптар «1000-ға 1000» формуласы бойынша ауқымды тұтқын алмасуға келісті. Бұл туралы Украина делегациясын басқарған қорғаныс министрі Рустем Умеров пен Ресей делегациясының басшысы, Ресей президентінің көмекшісі Владимир Мединский мәлімдеді.
Келіссөз барысында екі ел басшыларының мүмкін болатын жеке кездесуі туралы мәселе де қозғалды. Мединскийдің айтуынша, Мәскеу Киевтің тікелей келіссөзге қатысты ұсынысын «ескерді» және тұтқындар алмасуы алдағы күндері жүзеге асуы мүмкін екенін хабарлады.
Стамбұлдағы кездесуден кейін Зеленский, АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамппен және бірқатар еуропалық көшбасшылармен телефон арқылы сөйлесіп, келіссөз нәтижелерін талқылады. Ол «нағыз бейбітшілікке қол жеткізу үшін барынша жылдам әрекет етуге дайын» екенін айтты, бірақ егер Ресей толықтай атысты тоқтатуға келіспесе, Украина жаңа санкциялар енгізу қажеттігін алға тартатынын ескертті.
Бұған дейін Ресей мен Украина өкілдерінің Стамбұлда бетпе-бет кездесуі 2022 жылғы наурызда өткен еді.
Аптадағы отставка: Novo Nordisk компаниясынан бас директор кетеді
Ozempic препаратының өндірушісі — Novo Nordisk компаниясы бас директоры Ларс Фрюергор Йоргенсеннің отставкаға кететінін жүма күні хабарлады. Компания бұл шешімді акция бағасының ұзақ уақыт бойы төмендеуімен және «нарықтағы қиындықтармен» байланыстырды.
2025 жылдың басынан бері компанияның нарықтық құны үштен біріне қысқарса, соңғы 12 айда 54% төмендеген. Салыстыру үшін, Novo-ның басты бәсекелесі — америкалық Eli Lilly бір жыл ішінде шамамен 7% ғана жоғалтқан. Қазіргі кезде америкалық компанияның жаңа дәрілері сынақ нәтижелері бойынша Novo өнімдерінен асып түскен.
Йоргенсен компанияда 34 жыл еңбек етті және 2017 жылдан бері бас директор қызметін атқарды. Оның басқаруымен Wegovy мен Ozempic препараттарының сатылымы күрт өсті. Басшылық кезеңінде Novo Nordisk-тің нарықтық капитализациясы үш есеге артқан. Компания Йоргенсен өтпелі кезеңде қызметін жалғастыратынын және өкілеттіктерді біртіндеп тапсыратынын мәлімдеді.
Йоргенсеннің отставкасы жарияланғаннан кейін Копенгагендегі биржа саудасында Novo Nordisk акциялары 4%-дан аса төмендеді, кейін бір бөлігін қайта қалпына келтірді. 16 мамыр, жұма күнгі сауда қорытындысы бойынша акция бағасы 1,81% төмендеп, 426,55 дат кронын құрады.
ChatGPT — әлемдегі ең қымбат топ брендтер қатарына енді
Маркетингтік талдау және деректермен айналысатын Kantar BrandZ компаниясы әлемдегі ең қымбат брендтердің жыл сайынғы рейтингін жариялады. Рейтингті Business Insider келтірген. Apple қатарынан төртінші жыл қатарынан бірінші орынды иеленді — компания бренді шамамен $1,3 трлн деп бағаланған, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 28% жоғары. Екінші, үшінші және төртінші орындарды тиісінше Google, Microsoft және Amazon иеленді.
Jensen Huang басқаратын Nvidia компаниясының бренд құны бір жылда 152% өсті. Чип өндіруші саудиялық технологиялық компаниямен келісімнен кейін нарықтық капитализациясы $3 трлн-ға жетіп, тізімде бесінші орынға көтерілді. Топ-10 қатарына Facebook, Instagram, McDonald’s, Oracle және Visa енді.
Рейтингте алғаш рет енген жаңа брендтер де атап өтілді. Ең жоғары орынды ChatGPT иеленді — ол бірден 60-орынға жайғасып, Stripe қаржы компаниясын (85-орын) және Chipotle мейрамханалар желісін (86-орын) артта қалдырды. Жаңадан енген үздік жетілікке Booking.com (89), Hilton (95), Uniqlo (97) және DoorDash (99) кірді.
Kantar-дың BrandZ бағытының басшысы Мартин Геррьерия: «Apple, Instagram және McDonald's сынды брендтердің үстемдігі — адамдар өздерін байланыстырып, есінде сақтай алатын тұрақты тәжірибенің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. ChatGPT-дің жылдам танылуы — брендтің қысқа уақытта қалай кең танымалдылыққа ие бола алатынын және адамдардың күнделікті өмірін өзгерте алатынын айқын көрсетті. Бірақ генеративті ЖИ саласында бәсекенің күшеюіне байланысты OpenAI бренді бастапқы артықшылығын сақтау үшін оған белсенді түрде инвестиция салуы қажет».








