Агенттік ЖИ ритейл табысын 20%-ға арттыруы мүмкін — Morgan Stanley. Кім ұтады?

Агенттік ЖИ енгізу америкалық ритейлерлерге шамамен 6 млрд доллар үнемдеуге және 2026 жылға қарай пайданы 20%-ға көбейтуге мүмкіндік береді, деп санайды ірі инвестициялық банк Morgan Stanley. Ол ең көп пайда таба алатын компанияларды атады. Дегенмен нарықта скептиктер де бар: технологияға қол жеткізу бәрінде бірдей болғандықтан, көшбасшы болу оңай емес.
Егжей-тегжейі
Morgan Stanley-дің 22 қыркүйектегі есебінде айтылғандай, агенттік ЖИ ең ірі америкалық ритейлерлерге 2026 жылға дейін 6 млрд доллар үнемдеуге мүмкіндік береді. «Агенттік ЖИ операциялық тиімділікті арттырып, алдағы екі жылда пайда болжамына қосымша 20% бере алады», — деді сарапшы Алекс Стрэтон.
Агенттік ЖИ — бұл шешім қабылдап, күрделі ортада әрекет етіп, процесті нәтижеге жеткізе алатын жүйе. Банктің есебінше, мұндай құралдарды қойма қорын басқару, логистика және клиенттерге қызмет көрсетуге қолдану саланың табыстылығын орта есеппен 2 пайыздық пунктке өсіреді. Бірақ банк ЖИ бүкіл индустрия үшін «құтқарушы құрал» болмайды деп санайды.
Қай компаниялар ұта алады?
Morgan Stanley бағалауынша, ең үлкен әсерді American Eagle, Kohl’s және Under Armour көреді. Ал Amer Sports, On Holding және Tapestry ЖИ-дың ықпалын ең аз сезетіндер қатарында. Егер ЖИ-дің табысқа ықпалы мен компания басшылығының бұл технологияны қаншалықты жиі айтатынын ескерсек, Gap, Macy’s және Victoria’s Secret ең қолайлы жағдайда тұр. Банктің пікірінше, ЖИ туралы жиі айту — белсенді қолданудың белгісі.
— Macy’s ЖИ тақырыбын жария сөздерінде ең белсенді көтеріп жүр. Компания ЖИ-ді үш негізгі бағытта пайдаланады: қойма қорын басқару, жеткізу тізбегін оңтайландыру және баға белгілеу. Көп қызметкері және төмен табыс базасы бар компания үшін автоматизация әсері айқын. Банк есебінше, Macy’s пайдасы 2026 жылға қарай қазіргі деңгейден 47%-ға өсуі мүмкін.
— Gap те ЖИ құралдарын логистика мен жеткізуді басқаруда белсенді қолдануда. Негізгі мақсат — сұранысты дәлірек болжау және сақтау шығындарын азайту. Сарапшылардың есебі бойынша, бұл пайдаға шамамен 33% қосып, рентабельділікті 2,3 пайыздық пунктке арттыруы мүмкін. Бұл бәсекелестер арасындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі.
— Victoria’s Secret ЖИ арқасында жоғары өсім әлеуетіне ие. Сарапшылар автоматизация компания пайдасын 2026 жылға қарай 42%-ға арттыра алады деп болжайды. Компания басшылығы да ЖИ-дің рөлін жиі атап, оны жеке ұсыныстарды дамытудағы басты фактор ретінде көрсетіп жүр.
Басқа сарапшылар не дейді?
Morningstar аға сарапшысы Дэвид Шварц онша оптимист емес. «Ешкім әлі ЖИ енгізудің нақты әсерін санмен көрсете алған жоқ. Компаниялардың айтқаны мен шын нәтиже — екі бөлек нәрсе», — деді ол Yahoo Finance басылымына.
Шварцтың пікірінше, ЖИ-дің ең тиімді қолданылатын жері — ішкі операциялар. Ол ритейлерлерге қанша және қандай тауар алу керегін дәлірек болжауға көмектеседі. Бұл жеңілдік бағасына кететін шығынды азайтып, артық қор мәселесін шешеді. Сонымен бірге маркетинг, мақсатты жарнама және жеке ұсыныстардың тиімділігін арттыруға болады. Ұзақ мерзімде ЖИ жаңа өнімдерді жобалау мен әзірлеуде қолданылуы мүмкін.
Бірақ ЖИ «нарықтағы барлық мәселенің шешімі болмайды», деп ескертеді Шварц. «Ритейлдегі бәсеке әлі де қатты, ал технологияға қолжетімділік бәрінде бірдей. Сондықтан тұрақты артықшылық алу өте қиын», — деді сарапшы.








