АҚШ энергетикалық компанияларының есептілігі: Barclays сақтықпен қарайтын үш эмитент

Barclays банкі алдағы есептілік маусымы алдында өз талдау тобы ерекше сақтықпен қарайтын үш америкалық энергетикалық компанияны атады. Бұл — WEC Energy, Alliant Energy және Talen Energy. Жыл басынан бері олардың акциялары тиісінше 22%, 15% және 98% қымбаттады. Аталмыш компаниялардың бағамдары тарихи максимумға жақын саудаланып жатыр, оған дата-орталықтар тарапынан энергияға деген сұраныстың артуы да әсер етті. Үшеуінің ішінде алғашқы болып 30 қазанда WEC Energy, кейін 5 қарашада Talen Energy және 6 қарашада Alliant Energy есеп береді.
WEC Energy
Barclays WEC Energy акцияларына қатысты сақтықты ең алдымен олардың ағымдағы бағалануының тым жоғары болуымен түсіндіреді — яғни нарық өсімнің барлық факторларын бағасына енгізіп қойған. Банк белгілеген мақсатты баға — $110, бұл 29 қазандағы жабылу бағасынан шамамен 4% төмен. Рейтинг — «бейтарап».
Barclays WEC Energy-дің 2029 жылға дейінгі күрделі шығындар жоспарына қосымша $4 млрд көлеміндегі акционерлік капиталды енгізген. Бұл компания шығындарын айтарлықтай арттыратынын білдіреді. Алайда банк сарапшыларының пікірінше оның жылдық табыс өсімінің ұзақмерзімді қарқыны бұрынғы деңгейде (жылына 7%) сақталады, бұл нарық күтулеріне толық сәйкес.
Банк есептіліктен жағымды тосынсый күтпей отыр. Аналитиктер компания бір акцияға табыс (EPS) жөніндегі жылдық болжамын $5,17–5,27 деңгейінде (нарықтық консенсус — $5,24) растауы мүмкін және 2029 жылға дейінгі EPS өсімінің орташа жылдық қарқынын 6,5–7%-дан 7,5–8%-ға дейін арттыруы ықтимал деп болжайды.
Talen Energy
Barclays Talen Energy-ге қатысты жалпы оң көзқарасын сақтап отыр — рейтинг «нарықтан жоғары», мақсатты баға — $439, бұл 29 қазандағы жабылу бағасынан 10,1% жоғары.
Дегенмен, сарапшылар компанияның осы тоқсанға арналған күтулері тым жоғары және жыл соңына дейін жаңа өсім драйверлері аз екенін атап өтті. Барлық ірі келісімдер мен энергия жеткізу шарттары бұрыннан жария етілген, сондықтан акцияларды жоғары жылжытар жаңалықтар әзірге байқалмайды. Мәселен, маусым айында Talen Amazon Web Services-пен ұзақмерзімді серіктестік пен 1,92 ГВт энергия жеткізу туралы келісім жасаған болатын.
Barclays сондай-ақ компания түзетілген EBITDA көлемін $338 млн деп жариялауы мүмкін екенін, бұл нарық консенсусындағы $402 млн-нан төмен екенін атап өтті. Сонымен қатар Talen Energy Огайо мен Пенсильвания штаттарындағы $3,5 млрд көлеміндегі газ электр станцияларын сатып алу жөніндегі реттеуші рұқсат алу мерзімін кейінге шегерді. Бұл жаңа активтерді иемдену мен бизнесті кеңейту процесін баяулатуы мүмкін. Енді мәмілені мақұлдау 2025 жылдың төртінші тоқсанында емес, 2026 жылдың бірінші тоқсанында күтілуде.
Alliant Energy. Бұл компанияның жағдайы өзгеше. Barclays оған «нарықтан төмен» рейтингін сақтап, мақсатты бағасын $60-тан $65-қа дейін көтерді. Бұл 29 қазандағы жабылу бағасынан 4,1% төмендеу әлеуетін көрсетеді. Банк Alliant Energy осы тоқсанда 2026 жылға арналған EPS болжамы бойынша консенсусқа ($3,43) жете алмауы мүмкін деп ескертті. Barclays өз болжамында бұл көрсеткішті $3,4 деңгейінде күтеді. Сарапшылар компания акцияларына осындай аздаған ауытқу қаупіне байланысты абайлық танытады.
Сонымен қатар банк компания ұзақмерзімді табыс өсімі болжамын өзгертпейді деп санайды — ол бұрынғыдай жылына 5–7% деңгейінде қалмақ.
Бұдан бөлек, Barclays Alliant Energy осы тоқсанда 2026 жылға арналған табыс болжамын бекітеді және 2029 жылға дейінгі қаржыландыру мен күрделі шығындар жоспарын жаңартуға ниетті деп күтеді. Бұл жоспарға компания ұзақмерзімді перспективада электр энергиясын жеткізетін QTS Madison дата-орталықтарын қамтитын жобаны қосуы ықтимал.
Barclays қандай компанияларға сенім артады?
Банк жақын айларда табыс өсімін қамтамасыз ететін айқын және күшті драйверлері бар бес компанияны атады: Entergy, Edison International, Dominion Energy, PG&E және NRG Energy.
Barclays NRG Energy-ді электр энергиясын өндірушілер арасында ең тартымдысы деп санайды. Talen жағдайында табыс болжамдары шамадан тыс жоғары және көңіл қалдыру қаупі бар болса, NRG әлдеқайда тұрақты. Компания LS Power-дан 13 ГВт қуаттылықтағы 18 газ станциясын сатып алу келісімін толық қаржыландырды. Енді Barclays NRG-ден 2026 жылға арналған EBITDA мен еркін ақша ағымының жаңартылған болжамдарын және жылына шамамен 14% EPS өсімін растауын күтеді.
Entergy үшін басты өсім драйвері — Meta компаниясымен жасалған Hyperion жобасы. Бұл техногиганттың дата-орталықтарын энергиямен қамтамасыз ететін қуат көздерін салу жобасы. Келісім көлемі 5 ГВт-қа дейін ұлғаюы мүмкін, ал әрбір қосымша гигаватт акцияға шаққандағы табысты шамамен 18 центке арттырады.
Barclays Edison International компаниясына бәс тігуін оның үшінші тоқсанда нарық консенсусын асырып түседі деген сеніммен түсіндіреді, себебі компания реттелетін кірістерін бірден үш тоқсан бойынша көрсете алады. Сондай-ақ аналитиктер Edison-ның АҚШ-тағы коммуналдық компаниялар үшін аса маңызды орман өрті тәуекелдерін басқарудағы ілгерілеуін ерекше атап өтті. Сондықтан инвесторлар мен реттеушілер компанияның осы бағыттағы нәтижелерін мұқият бақылайды.
PG&E жағдайында Barclays назар аударатын басты фактор — өрт тәуекелдерін төмендету туралы есеп. Сарапшылар нарық әлі де бұл тәуекелдер үшін шамадан тыс сыйақы қосып отырғанын айтады, сондықтан тәуекел қабылдауының қалыпқа келуі акциялар бағасының өсуіне әкелуі мүмкін.
Dominion Energy төңірегіндегі басты тақырып — Virginia Offshore Wind Project теңіз жел диірмендері жобасы. Қазан айында орнату жұмыстары басталуы тиіс еді, бірақ кейінге қалдырылды. Вирджинияда 4 қарашада губернатор сайлауы өтеді — бұл компания үшін реттеу саясатына әсер етуі мүмкін белгісіздік факторы. Дегенмен Barclays жобаның жалпы жоспарға сай жүріп жатқанын айтады.
Контекст
Жалпы алғанда, Barclays электр энергиясын жеткізушілер кіретін коммуналдық секторға оң көзқараста. Бұл сала жыл басынан бері табыстылық бойынша барлық секторлар ішінде үшінші орында тұр. Алайда коммуналдық компаниялар P/E мультипликаторы бойынша S&P 500 индексіне қарағанда 15% дисконтпен саудалануда, және сарапшылар бұл алшақтықты негізсіз деп санайды.
Barclays есепті кезеңнің басты интригасы — 2026 жылға арналған болжамдардың жаңартылуы және дата-орталықтар тарапынан өсіп келе жатқан сұранысқа байланысты жаңа қуаттарға инвестицияның артуы деп есептейді.
Morgan Stanley де инвесторлардың назарын дата-орталықтар құрылысы жобаларына аударады. Компанияның мәліметінше жаңа дата-орталықтарды электр желісіне қосу мерзімі ұзаруда: American Electric Power Огайо штатында бұл мерзімнің 5–7 жылға дейін ұзарғанын атап өтті.
Банк инвесторларға қосылу мерзімдерінің одан әрі ұзару белгілерін, желіге қосылуды жеделдету бастамаларын және сұраныс қайта бөлінуінен пайда көре алатын жаңа өңірлердегі құрылыс белсенділігін мұқият қадағалауды ұсынады. Morgan Stanley пікірінше, инвесторлар қуат қолжетімділігі мен компаниялардың реттеуші қысымға қалай төтеп беретініне ерекше көңіл бөледі.








