БастыЖаңалықтар
Бөлісу

АҚШ фьючерстері өсуде, капитал Сингапурға кетіп жатыр, вонаға сұраныс артуда

Ангелина Клейменова

Ангелина Клейменова

АҚШ фьючерстері өсуде, капитал Сингапурға кетіп жатыр, вонаға сұраныс артуда

АҚШ пен Еуропа нарықтарының фьючерстері Дональд Трамптың ЕО-дан келетін импортқа 50% кедендік баж салығын енгізуді шілдеге дейін кейінге қалдыруынан кейін көтерілді. АҚШ президенті Ресейге қысымды күшейтіп, санкциялармен қорқытуда және бейбіт келіссөздердің маңыздылығына күмән келтіріп отыр. Геосаяси тұрақсыздық пен банк жүйесіне деген сенімсіздік аясында бай инвесторлар алтынды Сингапурға көшіруде, ал хедж-қорлар оңтүстіккореялық вонаның Тайван долларындай күшеюіне бәс тігуде. 27 мамыр таңындағы маңызды оқиғалар туралы шолуымызда.

АҚШ акцияларының фьючерстері Трамптың ЕО импорт баждарын кейінге қалдыруынан кейін көтерілді

Дүйсенбіге қараған түні АҚШ-тың акция фьючерстері күрт өсті. Дональд Трамп маусымда енгізілуі тиіс болған ЕО-дан келетін барлық импортқа 50% баж салығын шілдеге қалдырды. Бұл туралы Yahoo Finance хабарлайды.

Dow Jones индексінің фьючерстері 0,9%-ға, S&P 500 – 1,1%-ға, ал технологиялық Nasdaq 100 индексі 1,3%-ға өсті. Еуропаның негізгі Stoxx 600 индексі 26 мамыр саудасында 1%-ға жоғарылады.

Трамп жексенбіде баж салықтарының 9 шілдеге дейін шегерілетінін мәлімдеді. Бұл шешім Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйеннің ЕО келіссөздерге дайын екенін X желісінде жазған мәлімдемесінен кейін қабылданған.

Жұмадағы тариф жайлы жаңалықтар нарықты құлатқан еді, алайда АҚШ-та Дүниеден өткендерді еске алу күніне байланысты дүйсенбіде нарықтар бірден жауап қайтарған жоқ. Өткен аптада АҚШ-тың үш негізгі индексі де сауда және борыштық саясаттағы белгісіздікке байланысты 2%-дан астам төмендеген еді.

Yahoo Finance-тің айтуынша енді инвесторлар осы аптадағы маңызды экономикалық деректерге назар аудармақ: ұзақмерзімді тұтыну тауарлары бойынша тапсырыстар, тұрғын үй нарығы және тұтынушылар сенімі. Сондай-ақ, ФРЖ өкілдері сөз сөйлейді, олардың базалық мөлшерлемені өзгертпей сақтап қалуы күтілуде.

Байлар геосаяси тұрақсыздық жағдайында алтындарын Сингапурға көшіріп жатыр

CNBC мәліметі бойынша аса дәулетті инвесторлар алтындарын экономикалық және геосаяси тұрақсыздық аясында шетелге көбірек әкетіп жатыр. Бұл ретте Сингапур — ең танымал бағыттардың бірі.

Сингапур әуежайы маңындағы алты қабатты The Reserve деп аталатын кешенде мыңдаған жеке сейф пен үш қабат биіктікке жететін алтын-сақтау камерасы бар. Мұнда жалпы құны 1,5 миллиард доллар болатын алтын мен күміс құймалары сақталады.

2025 жылдың қаңтар-сәуір айларында мұндағы сақтау тапсырыстары 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 88%-ға өскен. Кешен негізін қалаушы Грегор Грегерсен CNBC-ге бұл көрсеткіштерді растады. Алтын мен күміс сатылымы жылдық салыстырғанда 200%-ға артқан.

«Көптеген бай клиенттер сауда тәуекелдерін, жаһандық өзгерістер мен геосаяси тұрақсыздықты байқап отыр. Сондықтан физикалық алтынды қауіпсіз юрисдикцияда сақтау — мысалы, Сингапурда — барған сайын танымал болуда», — дейді ол.

Бай инвесторлар алтын құнды қағаздарынан гөрі физикалық құймаларды жөн көреді, себебі олар баға мен қарсы тарап тәуекелдерін азайтады.

CNBC мәліметі бойынша алтын бағасы соңғы айларда сауда шиеленістерінің ушығуы мен АҚШ активтерінің жаппай сатылуына байланысты күрт өскен. Қазір бір унцияға спот-баға $3325–3350 аралығында. Кей сарапшылар алтынның келесі жылы $5000-ға дейін қымбаттауын болжап отыр.

Трамп Ресейге жаңа санкциялар салуды қарастыруда

The Wall Street Journal дереккөздеріне сүйенсек, АҚШ президенті Дональд Трамп Украинадағы Ресей әрекеттеріне байланысты және бейбіт келіссөздердің баяу жүруінен жаңа санкциялар салуды осы аптада қарастыруда.

Санкциялар банк секторына әсер етпейді деп күтілуде, алайда басқа да қысым тетіктері талқылануда. Мақсат — Владимир Путинді келіссөз үстеліне отырғызып, Украина қолдайтын 30 күндік бітімге келтіру. Алайда Ресей бұған ұзақ уақыт бойы қарсы болған. WSJ мәліметі бойынша Трамп бұл шектеулерден бас тартуы да мүмкін.

Жексенбіде Трамп санкция мүмкіндігін растады: «Иә, мен оны толық қарастырып жатырмын. Ол (Путин) өте көп адамды өлтіріп жатыр. Мен оған не болғанын түсінбеймін. Ол неге бұлай істеп отыр?»

Дереккөздер Трамптың келіссөздер процесінен үміт үзгенін және соңғы әрекет нәтиже бермесе, бейбіт бастамадан толықтай бас тартуы мүмкін екенін айтуда. Бұл — алғашында соғысты бір күнде тоқтатамын деп уәде берген президент үшін айтарлықтай бетбұрыс. Келіссөзден бас тартқан жағдайда АҚШ Украинаға әскери қолдауды жалғастыра ма — белгісіз.

«Президент Трамп бейбіт келіссөздер арқылы қақтығысты шешуді қалайды. Бірақ ол барлық нұсқаны үстелде ұстап отырғаны орынды», — деді Ақ үй баспасөз хатшысы Каролин Ливитт WSJ-ге. Ақ үй ықтимал шаралар бойынша түсініктеме бермеді.

Хедж-қорлар оңтүстіккореялық вонаның өсіміне бәс тігуде

Bloomberg мәліметі бойынша хедж-қорлар оңтүстіккореялық вона тайвандық доллар сияқты күшеюі мүмкін деп, оған бәс тігуін арттырып жатыр.

Depository Trust & Clearing Corporation дерегінше доллар–вона опциондық сауда көлемі өткен аптада жыл ішіндегі ең жоғары деңгейге жеткен. Бұл АҚШ пен Оңтүстік Корея арасында валюта бағамы бойынша келіссөздер жүріп жатқан деген сыбыстар аясында болды. Barclays Bank дерегінше қорлар пут-опциондарға қызығушылық танытуда.

Тайван долларының күрт нығаюы инвесторлардың азиялық валюталарға деген күтулерін өзгертті. Оңтүстік Корея мен АҚШ арасындағы оң сауда балансы жергілікті билікке қысымды арттырып, вонаны күшейту ықтималдығын жоғарылатып отыр. Өткен жылы АҚШ Кореяны валюта операцияларын бақылайтын елдер тізіміне енгізген болатын (онда Тайван бұрыннан бар еді).

«Қазір хедж-қорлар: тайван долларындай серпін көрсететін келесі валюта жұбы қайсысы? деген сауалға жауап іздеуде», — дейді Barclays (Сингапур) компаниясының Азиядағы валюталық опциондар бөлімінің басшысы Мукунд Дага. — «Сондықтан доллар–вона жұбына digital және vanilla форматтарында пут-опциондар тұрақты сұранысқа ие».

Standard Chartered-тің (Сингапур) жаһандық валюталық опциондар бөлімінің басшысы Сурабх Тандонның айтуынша: «Тайвань доллары күрт нығайғаннан бері біз доллар–вона жұбына digital опционы және пут-спред стратегияларына қызығушылықтың артқанын көрдік. Валюта саясатына қатысты соңғы мәлімдемелер бұл қызығушылықты күшейте түсті».

Нарықтарда не болып жатыр

АҚШ президенті Дональд Трамптың ЕО-ға кедендік баж салығын шілдеге қалдыру шешімінен кейін инвесторлар жаһандық сауда ахуалын қайта бағалауда. Осыған байланысты Азия-Тынық мұхиты нарықтары сейсенбіде әркелкі қозғалды, деп хабарлайды CNBC.

— Жапония: Nikkei 225 бастапқыда 0,3%-ға төмендеді, бірақ кейін өсіп, 0,6%-ға дейін көтерілді. Кең Topix индексі 0,4%-ға артты.

— Оңтүстік Корея: Kospi 0,5%-ға төмендеді. Kosdaq – 0,1% минуста.

— Қытай: материктік CSI 300 0,5%-ға төмендеді, Hang Seng (Гонконг) – 0,3%-ға. Алайда Қытайдың өнеркәсіптік табысы сәуірде 1,4%-ға өсіп, наурыздағы 0,8%-дан артты.

— Үндістан: Nifty 50 – 0,49%-ға, BSE Sensex – 0,3%-ға төмендеді.

— Австралия: S&P/ASX 200 индексі 0,5%-ға көтерілді.

— АҚШ нарықтары: дүйсенбіде Дүниеден өткендерді еске алу күніне байланысты жабық болды.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары