БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Трамптың баж салығын шегеруі еуропалық акциялары мен валютаның өсуіне әкелді

Альберт Фахрутдинов

Альберт Фахрутдинов

Трамптың баж салығын шегеруі еуропалық акциялары мен валютаның өсуіне әкелді

Әлемдік нарықтар өсім көрсетті, ал еуро нығайды. Бұған АҚШ президенті Дональд Трамптың өткен апта соңында жариялаған Еуроодақ тауарларына 50%-дық кедендік баж салығын енгізуді шілдеге дейін кейінге қалдыруы себеп болды. Ал Қытай мен Гонконг қор нарықтары керісінше теріс аймаққа өтті — инвесторлар автосалада баға соғысы басталады деп қорқуда және Apple-ге қатысты жаңа баж салығынан қауіптенуде.

Егжей-тегжейлі

— 26 мамырда MSCI жаһандық акциялар индексі 0,2%-ға өсті. Бұл көрсеткіш Трамптың Еуроодаққа 9 шілдеге дейін жеңілдік беру туралы шешімінен кейін тіркелді. Жалпы еуропалық Stoxx 600 индексі 1%-ға көтеріліп, Трамп баж салығын енгіземін дегенге дейінгі деңгейіне қайта оралды. Бұған дейін АҚШ президенті Еуроодақпен келіссөздер тым баяу жүріп жатыр деп мәлімдеген еді. Енді дедлайн 1 маусымнан 9 шілдеге ауыстырылды — бұл Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйеннің қосымша уақыт сұрауына жауап. Германияның DAX индексі осы жаңалықпен 1,6%-ға, ал Францияның CAC 40 индексі 1,1%-ға көтерілді. 26 мамырда АҚШ биржалары Еске алу күніне байланысты жабық болды.

— Ең үлкен өсімді Германия автокөлік өндірушілері көрсетті: BMW акциялары 1,1%-ға, Mercedes-Benz — 1,6%-ға, Volkswagen — 1,4%-ға қымбаттады. CNBC атап өткендей, автосала АҚШ-тың сауда шектеулеріне ең сезімтал салалардың бірі, себебі автомобильдер мен жабдықтар — ЕО-ның АҚШ-қа негізгі экспорттық тауарларының қатарында.

— Еуро сәуір айының соңынан бергі ең жоғары деңгейге — $1,1382-ге жетті, ал доллар негізгі валюталар корзинасына қатысты 0,1%-ға әлсіреді. Reuters-ке сұхбат берген OCBC банкінің валюталық стратегы Кристофер Вонг: «Бұл әлі де доллар сатылымының тарихы. Трамптың баж саясатына қатысты саяси тұрақсыздық пен АҚШ-тың ерекше мәртебесінің жоғалуы сенім мен инвестициялық көңіл-күйге орта мерзімді келешекте кері әсер етуі мүмкін», — дейді.

— Қытай мен Гонконгтың қор индекстері төмендеді: автокөлік өндірушілердің акциялары баға соғысына байланысты арзандады, ал Apple жеткізушілерінің акциялары АҚШ-тың жаңа баж салығынан қауіптеніп төмендеді. Сауда күнінің қорытындысы бойынша Shanghai Composite 0,1%-ға, CSI300 индексі 0,6%-ға түсті.

— Brent және WTI мұнай фьючерстері 0,2%-ға арзандады. Алтын екі апталық максимумнан 1%-ға төмендеп, унциясы $2332 болды.

Сарапшылар не дейді

— Commerzbank Трамп әкімшілігінің әрекеттері әлі де болжауға келмейтінін еске салады. Солтүстік Еуропаның ірі банктерінің бірі — SEB АҚШ үшін «уытты коктейль» қалыптасқанын айтады: америкалық активтерге иелік ететін инвесторлар үшін өсіп жатқан қауіптер, капиталдың шетелге кетуі және ішкі экономикалық алаңдаушылық. Бұл жағдайда доллар әлсіреуі мүмкін, ал пайыздық мөлшерлемелер өсуі ықтимал, дейді банк аналитиктері.

— Жоғары баж салығы еуропалық экспорттың негізгі бағыттарына — италиялық зәйтүн майы мен ірімшіктерден бастап, неміс автокөліктері мен сәнді тауарларға дейін әсер етуі мүмкін. Бұл АҚШ нарығындағы баға мен сұранысқа тікелей ықпал етеді. АҚШ — көптеген еуропалық брендтер үшін басты нарық болып қала береді, деп хабарлайды Reuters.

— CNBC-ге берген пікірінде Zaye Capital Markets (Лондон) инвестициялар жөніндегі директоры Найим Аслaм: «Технология және өнеркәсіп салалары тосын соққыларға өте сезімтал. Баж салығының кейінге шегерілуі инвесторлардың тәуекелге бейімділігі аясында сақтық раллиін туғызды, бірақ қауіптер әлі де жоғары», — деді. «ЕО мен АҚШ арасындағы сауда билі — бұл жоғары ставкадағы танго. Енді 9 шілде — жаңа шиеленіс нүктесі болуы мүмкін», — деп толықтырды ол.

Контекст

Сәуір басында Трамп сауда серіктестерін есеңгіретіп, жаңа баж салығын жариялады. Бірақ көп ұзамай келіссөздерге көшті. Ұлыбританиямен келісімге қол қойылды, Қытаймен уақытша шешім табылып, диалог жалғасуда.

Ал АҚШ пен ЕО арасындағы келіссөздер тығырыққа тірелген: Вашингтон біржақты жеңілдіктер талап етеді, ал Брюссель екі жаққа тиімді келісімді қалайды. Қазірдің өзінде ЕО 25%-дық бажбен болат, алюминий мен автокөліктер экспорттап отыр. Бұдан бөлек, көптеген тауарға 10%-дық салық қолданылады. Ол алдымен 20%-ға өсуі керек еді, енді мәміле болмаса, 50%-ға дейін жетуі мүмкін.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары